Энергетика • 01 Қараша, 2023

Энергетика нарығындағы басым бағыт

205 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Тау-кен өнеркәсібінің ең маңызды салаларының бірі уран өндірісі қар­қын­­ды дамып келеді. Кен орындарында жыл сайын 20 мың тоннадан астам уран өн­діріледі. Бұл – дүние жүзіндегі бүкіл уран өндірісі көлемінің шамамен 40 пайызы.

Энергетика нарығындағы басым бағыт

Әлемде уран өндірісін дамыту, атом энергиясының маңызын арттыру жөнінде түрлі пікірлер бар. Бұған соңғы жылдары мұнай мен газ өндірісі саласындағы дағ­да­рыс, соған байланысты, әлемдік энергети­ка нарығының әртүрлі қуат көздеріне қа­­тысты әртараптандырылған бағыт ұс­та­н­уы себеп болып отыр. Айталық, кейінгі жыл­­дары бүкіл әлемде жел және күн энер­гиясының ресурстарын кеңінен пай­далану барынша өріс алып келеді. Мұ­най мен газ тапшылығын қатты сезініп отыр­­ған мойны озық Еуропа елдерінің өзі мақ­сатты түрде нақ осы бағытқа қарай бет бұра бастады. Сондықтан да бірден-бір қуат көзі – энергетика саласындағы осын­дай өзгерістерді жақсы байқап, жіті бақы­лап отырған әлемдік деңгейдегі білік­ті маман, сарабдал сарапшылар бүгін­дері басты шикізаты уран болып табы­латын атом қуатын пайдалану, оны өндіру технологияларын жетілдіру мәселесіне айрықша назар аударып отыр. Өйткені бүгінгі таңда орын алған әлемдік энергетика жүйесінің дағ­дарысы, одан туындайтын әлеуметтік-эко­номикалық, экологиялық проблемалар осы уақытқа дейін пайдаланылып келген көмір­сутегі қуат­тарына балама көздерді қарас­ты­руда атом энергетикасының бірқатар артық­шылығын алға тартады.

Бесенеден белгілі, әлемдік энер­гетикалық тұтыну нары­ғы­ның 95 пайызы ауаға көмір­қыш­қыл газын шығаратын көмірсутегі өн­дірісіне, атап айтқанда, мұнай мен газға, көмірге негізделген. Ғалым-мамандар мен сарапшылар осыдан келіп жер жүзінде экологиялық ахуалдың барынша асқынып кеткендігін айтады. Көптеген беделді ғалым жаһандық жылыну үдерісінің белең алып бара жатқанына ауаға көмірқышқыл газының мей­­лінше мол таралуы әсер етіп отыр деп санайды. Ал уранды отын ретінде пайдаланатын атом электр стансалары болса, ауаға кө­мірқышқыл газын таратпайды.

впр

Атом электр стансасын салу мәселесі соңғы кездері жиі сөз болып жүр. Оған басты бір себеп – елімізде уранның барынша мол өндірілуі. Дегенмен атом қуатына қатысты пікірлер бір жақты емес, сан қилы. Бірқатар маман: «Атом энергиясы – еліміз үшін экономикалық дамудың қажетін қанағаттандыратын, сонымен бірге энергетика қа­уіп­­сіздігін тү­бе­гейлі шешуге мүмкіндік бе­ретін бірден-бір электр энергия көзі. Сондықтан бізге атом электр стансасын салу қажет» десе, екінші бір тараптар: «Атом электр стансасын құру үшін бізге оны басқаратын және оны жұ­мыс істететін мамандар қажет бо­лады. Қазіргі уақытта мұн­дай мамандар бізде жоқ» деген желеумен, атом стансасын салуға қарсылық білдіруде. Осы тұр­ғы­да біз ел көлеміндегі уран өнді­рісінің даму бағытына, жай-жап­са­рына үңіліп көрген едік.

Еліміздегі алғашқы өнеркә­сіп­тік «Қордай» кен орны сонау 1951 жылы барланған екен. Ал 1960 жылдардың соңында Қазақстанның оңтүстігінде «Шу-Сарысу», «Іле» және «Сырдария» уран кеніштері анықталды. Ел көлемінде табылған көптеген уран кен орны құрылу жағдайы және тәжірибелік сипаты бо­йынша сан салалы. Геологиялық ұстаным, генетикалық белгілер және аумақтық өзгешелігінің тұ­тас­тығы бойынша, Қазақ­стан­ның кен орындарын алты уран-кен провинциясы құрамында қарастыруға болады: Шу-Сарысу, Сырдария, Солтүстік Қазақстан, Каспий маңы, Балқаш маңы, Іле. Қазіргі таңда баланстық қоры­на ие барланған 56 уран кен орнының 14-і игеріліп жатыр, ал қалған 42-сі резервте тұр. 14 кен орнында «Қазатомөнеркәсіп» Ұлт­тық атом компаниясы жұмыс жүргізеді.

Қазақстан табиғи уранның бар­ланған қорлары бойынша әлемде Аустралиядан кейінгі екін­ші орында. Барлық барланған әлемдік қорлардың шамамен 14%-ы Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның жер қойнауында шо­ғыр­ланған. Ел­дің жалпы бар­лан­ған қорлары 700 мың тоннадан астам уран болып бағаланады.

2009 жылы еліміз уран өндірі­сі бойынша әлемде бірінші орынға шықты және энергетика нарығында жетекші позицияны күні бүгінге дейін берік ұс­танып отыр. Ел көлемінде әлемдік уран өнімінің шамамен 40%-ы өндіріледі. Дүниежүзілік ядро­лық қауымдастықтың (WNA) мәліметі бойынша, 2012 жыл­дан бері еліміздегі уран өнді­рісі 21 мың тоннаға артып, 2016 жылы 24,6 мың тоннаға жеткен, 2020 жылы 19,8 мың тонна өнім алынған. 2021 жылы уран өндіру көлемі 21,8 мың тоннаны, 2022 жылы – 21,3 мың тоннаны құрады.

WNA мәліметінше, соңғы жыл­дары әлемде өндірілген уран­ның 85 пайызы 10 ірі компа­ния­ға тиесілі, олардың арасында уран, сирек металдар, Атом электр стансаларына арналған ядролық отын экспорты мен импорты бойынша Қазақстанның ұлттық операторы мәртебесіне ие «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ да бар. Компанияда 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Еліміз бойынша уран Түр­кістан, Қызылорда, Ақмо­ла об­лыстарында өндіріледі. Өн­діріс үрдісі үш кезеңнен тұра­ды. Олар – бұрғылау, өндіру және өңдеу. Уран өндіру ең эко­ло­гиялық қауіпсіз және ең аз шы­ғын­ды әдісі болып табылатын жерасты ұңғымалық шаймалау (ЖҰШ) әдісімен жүргізіледі. Бұл әдіс бойынша өндірілгенде уран дайын күйінде жер бетіне шығарылмайды. Кен орнында жіберу ұңғымалары салынып, солар арқылы кенді топыраққа шаймалау ерітіндісі жіберіледі. Ол кен көкжиегі арқылы өтіп, уранның табиғи қосылыстарын ерітеді, содан кейін құрамында уран бар ерітінді шығару ұңғы­малары арқылы сыртқа шыға­ры­лады. Басқаша айтқанда, уран ешқашан ашық әдіспен өнді­ріл­мей­ді, мұнда жер асты шахталары, карьерлер дегендер атымен жоқ. Сондықтан да бұл әдіс экологиялық тұрғыдан алғанда әлдеқайда қауіпсіз және жер қыртысына да соншалықты теріс әсері жоқ.

Дәстүрлі әдістермен салыс­тыр­ғанда ЖҰШ әдісінің қор­ша­ған ортаға теріс ықпалы аз және ол өндірудің барынша төмен өзіндік құнын, өндірістік қауіп­сіз­дік пен еңбекті қорғау сала­сындағы жоғары көрсет­кіш­тер­ді қамтамасыз етеді.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК уран өндіруді 100% ЖҰШ әдісімен жүргізеді. Компания – ЖҰШ әдісімен уран өндіруде әлемде даусыз көшбасшы. Осы техно­логиямен өнім өн­ді­руге жарамды еліміздің қо­лай­лы геоло­гиялық жағдайы компанияға бірегей бәсекелестік артық­­шылық береді. ЖҰШ әдісімен уран өндіру мен техни­калық инновацияларды енгізу тәжірибесі ЖҰШ әдісін қолда­на­тын кеніштерде құрылыс бастал­ған­нан кейінгі 18 ай ішінде коммерциялық өндіріске қол жет­кізуге мүмкіндік берді. Ал дүние­жүзілік тәжірибеде ЖҰШ әдісімен уран өндіретін кенішті іске қосудың орташа кезеңі шамамен 3 жылды құрайды. Уран өндірудің барлық үдерісі автоматтандырылған және компанияның тұрақты бақы­лауын­да, ал компания ке­ніш­теріндегі техникалық жаб­дық­тар OHSAS 18001 және ISO 14001 сияқты қауіп­сіздік пен қоршаған орта стан­дарттарына толық сәйкес ке­леді.

Жер астынан шығарылған уран сары ұнтақ күйге дейін жет­кізіліп, әрі қарай өңдеу зауыт­та­рына жіберіледі. Олар Түр­кістан және Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан.

«Қазатомөнеркәсіп» компа­ния­сы уранды аффинаждау және конверсиялау бойынша CAMECO технологияларына қол жеткізді. Алайда уранды байыту технологиясы әлі күнге дейін бізге қолжетімсіз болып тұр. Соның салдарынан бұл үдеріс үшін өңделген уранды көрші Ресейге жіберіп, сол елдің уран байыту жобасына қатысуға мәжбүрміз. Ал уран тотығының ұнтағы мен отын таблеткаларын өндіру Үлбі металлургия зауытында 1973 жылдан бері іске асырылып келеді. Сондай-ақ Үлбі зауытының базасында қытайлық CGNPC компаниясымен бірге отын құрамаларын өндіру жобасы табысты жұмыс істеп тұр. Бұл атом электр стансалары үшін ядролық отын шығару бойынша еліміздегі жалғыз өндіріс және 20 жыл бұрын кепілді өткізу нарығы бар. Зауыттың қуаты – төмен байытылған уранға есептегенде жылына 200 тонна.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ инновациялық өндірісінің іске қосылуы Қазақстанға атом стан­салары үшін ядролық отын өн­діруші және жеткізуші мем­ле­кеттердің шектеулі шең­беріне кіруге мүмкіндік беріп, Қазақстан Республикасының атом саласын дамыту және осы бағыт­тағы басқа елдермен ынты­мақтастық перспективалары бойынша жаңа мүмкіндіктер ашты.

Бүгінгі таңда «Қазатом­өнер­кәсіп» уран өнімін Қытай, Еуро­одақ елдері, Үндістан, Ресей, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада және басқа елдерге сатады.

Компания қызметінде қор­шаған ортаны қорғау, өнеркә­сіп­тік, радиациялық және ядролық қа­уіп­сіздікті қамтамасыз ету бас­ты басымдыққа ие. Соны­мен қатар өндірістегі жарақат­тану дең­гейін нөлге жеткізу мақса­тын­да Vision Zero халықаралық бағдарламасына қосылған. Әрбір қызметкердің денсаулығы, өмір қауіпсіздігі – ерекше назарда.

«Қазатомөнеркәсіп» өзі жұ­мыс жүргізіп жатқан өңір­лер­дің өсіп-өркендеуіне де белсенді ат салысып келеді. Жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуға үлес қоса отырып, әлеуметтік маңызы бар жобаларды батыл қаржыландырады. Өткен жыл­дың қорытындысы бойынша ком­пания әлеуметтік маңызы бар жоба­ларды іске асыруға 850,9 млн теңге көлемінде қаражат бө­ліпті.

Маман-ғалымдардың айтуынша, 1 кило уран 1 кило көмірді жаққан кезде бөлінетін энергиядан 88 мың есе артық қуат береді. Есесіне ешқандай көмірқышқыл газын шығармайды. Міне, осы мән-жайдың өзі дүние жүзінде атом энергетикасының қан­ша­лықты маңызды екендігін көр­сетеді.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК ұйым­дастыруымен 2024 жылғы 16-18 мамыр күндері Алматы қаласында «Уран және сирек металдар өнеркәсібінің дамуы» XI Халықаралық ғылыми-прак­тикалық конференциясы өтпекші. Конференцияның мақсаты – әлемнің ядролық индус­трия компанияларының ғылыми-техникалық интеграциясына жәрдемдесу. Келелі кеңесу аясында «Уран өндіру және өңдеу технологиялары» мәселесі арнайы секция жұ­­мы­сында қарастырылады. Сондай-ақ реакторға дейінгі ядро­­лық отын циклінің технологиялары мен өзекті мәселелері, тұрақты даму, соның ішінде эколо­гия, әлеуметтік сала және корпоративтік басқару (ESG) мәселелері, атом саласы қызме­тінің құқықтық, макро­эко­но­ми­калық және білім беру аспек­ті­лері кеңінен сөз болады.

Сөз жоқ, еліміз уранға аса бай. Соңғы ширек ғасыр иінінде оның өндірісі төрт есеге жуық артты. Демек, жақын жылдары уран өндірісі біздің әлемдік энергетика нарығындағы ең басым бағытымыз болып қала береді.