Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, құрылыс кодексін әзірлеу экономиканың ең сұранысқа ие салаларының бірі – құрылыс саласын қозғайтын және оның одан әрі дамуын айқындайтын негізгі заңнамалық актілердің бірі болып саналады.
«Бүгінгі форум мемлекет, бизнес-құрылыс саласының барлық қатысушылары арасындағы диалогті қамтамасыз етуге арналған. Мұндай іс-шаралар «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын пәрменді және тиімді іске асырудың негізін нығайтады», деді министр.
Форум барысында қатысушылар құрылыс қызметінің түрлі бағыттары бойынша пленарлық сессиялар мен панельдік пікірталастар өткізді, онда құрылыс саласының өзекті мәселелері талқыланды. Форумның пленарлық отырысында мемлекеттік органдардың басшылары негізгі тақырыптар бойынша (жаңа кодекс, реттеуді жетілдірудегі өзін-өзі реттейтін ұйымдардың рөлі, құрылыс сапасы, қоғамдық бақылау) сөз сөйледі.
Қатысушылар СРО институтын дамыту жайын, заманауи құрылыс индустриясындағы сараптама және жобалау мәселелерін, сондай-ақ құрылыста FIDIC келісімшарт нысанын қолдану тәртібін де сөз етті.
FIDIC – инженерлер мен консультанттардың халықаралық федерациясы. Сарапшылардың айтуынша, оларда жобаны сүйемелдеу бойынша база бар және ол тапсырыс беруші мен мердігердің өзара қарым-қатынасы түріндегі дәстүрлі форматтан өзгеше. Бұл тізбектегі жаңа адам – инженер. Қазақстанда әзірге ондай сертификатқа ие адам саны – екеу.
«Инженер, ол – тәуелсіз, заңды тұлға. Оның міндеті – жобаға келіп, оның сапасын тәуелсіз қадағалау. Ол мердігерге де, тапсырыс берушіге де иілмей, нақты қателіктерді анықтап, сонымен ғана жұмыс істеуге тиіс», дейді форум сарапшылары.
Республикалық жобалаушылар одағының төрағасы Талант Омарбековтің айтуынша, кодекс ең бірінші кезекте саладағы жауапкершілікті арттыруды қамтамасыз етуі керек.
«Лицензиялау институты өзін-өзі ақтаған жоқ. Бұл кодекс лицензиялауға қатысты аталған қадағалауды ретке келтіруге көмектеседі. 90 мың лицензия беріліпті. Салада тіпті осыншама компанияның жұмыс істемейтіні белгілі. Кодекс адам капиталын арттыру, лицензия мен қадағалауды жақсарту, құрылысшылардың, жобалаушылардың рөлін күшейтуге мүмкіндік беруі керек», дейді Талант Омарбеков.
Қазақстан құрылыс салушылар одағының басшысы Виктор Микрюковтың сөзінше, біз саланы цифрландыру тұрғысынан да тым шабандап тұрмыз.
«Егер өзге елдермен салыстыратын болсақ, құрылыс саласын, құрылыс компанияларын цифрландыру тұрғысынан біз алдыңғы қатарда емеспіз. Бәлкім, цифрландыру әдістерін қолдану тұрғысынан 100 пайыз мүмкіндіктің әрі кетсе 2 пайызын пайдаланған шығармыз. Мемлекет «Е-құрылыс» жобасын бастады. Оның да жүзеге асу мәселесі өте даулы. Өйткені бизнес талаптарына жауап беру үшін ол мейлінше жедел жұмыс істеп тұруы керек», дейді Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының басшысы Виктор Микрюков.
Форумда жария болған жаңалықтың бірі – елімізде лицензиясы бар құрылыс ұйымдарының бірыңғай реестрі құрылмақ. Соның арқасында «бос» жүрген компанияларды анықтап, әрбір профилді фирманың тарихын бастан-аяқ бақылау мүмкіндігі пайда болады дейді мамандар. Жаңа құрылыс кодексінің маңызды тармақтарының бірі – міндетті цифрландыру. Бұл сәтімен жүзеге асқан жағдайда архитектура және қала құрылысы саласының өзекті проблемаларын шешеді дейді шенділер.
«Құрылыс инспекторлары енді лицензия бермейді, ол барлығына ашық болады. Егер компания тіпті жобалаушы болсын, техникалық қадағалаушы болсын, авторлық қадағалау болсын, құрылыс компаниясы болсын заңды ресурстармен расталмаса, демек мұндай компаниялар болмайды деген сөз. Қазір жүз мыңдай лицензия бар болса, соның 30-40 мыңдайы – бос компаниялар», дейді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин.
Форум барысында отандық құрылыс салушылар шетелдік бәсекелестерінен қауіптенетінінен де жасырмады.
«Экономиканың негізі іспетті құрылыс саласы дәл қазір тізерлеп тұр. Мен мәселен, өзімді елімнің патриотымын деп есептеймін. Сондықтан салуға да белсене араласуымыз керек. Алайда бұл жерден шетелдік компаниялар нәпақа іздемеуі керек, олар тек біздің дамуымызға көмектескені жөн», дейді Қазақстан құрылыс саласы қауымдастығының вице-президенті Руслан Иманов.
Дегенмен сала өкілдерінің барлығы дерлік жаңа кодекс шетелдіктерге тыйым салынуы керек деген пікірмен келіспейді. Біріншіден, шетелдік компаниялардың біздің нарыққа келуі бәсекені арттырып, дамуға септеседі. Екіншіден, олардың тарапынан толыққанды экспансия болмайды да.
«Көріп отырмыз ғой, шетелдік компанияларға біздің нарық қызық емес. Егер кодекске енгізбесек, құрылыс салуды жалғастыра береді және ешқандай тәуекел көрмейміз. Нарықтың құлауы мүмкін емес. Тіпті «алтын» кодекс енгізілсе де, ахуал өзгермейді», дейді Виктор Микрюков.