Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Бұл зерттеу жұмыстары институттың Ахметтану бөлімінің зерттеу бағыты бойынша жүргізіліп жатқан «Ахмет Байтұрсынұлының жазу реформасы: теориясы мен тәжірибесі» (AP13068356) гранттық жобасы аясында жүзеге асқан.
– Мәскеу қаласындағы Ресей мемлекеттік кинофотоқұжаттар мұрағатында қазақтың тарихы, мәдениеті туралы видеожазбалар сақталған. Соның ішінде «Қазақ АССР 15 жыл» деген құжатта Сәкен Сейфуллиннің түрегеп тұрған бейнесі кадрға алынған. Бұл видеоның басында Михаил Калинин Алматы вокзалынан, көлікке отырады. Қала көшелерімен келіп, іс-шара өтетін жерге жетеді. Сонда сөз сөйлейді, оған гүл шоғы табысталады. Осы аралықтарда келген қонақтардың арасынан Сәкен Сейфуллиннің бейнежазбасын көруге болады. Бұл мерейтой Республика көлемінде аталғандықтан, оған қазақтың беткеұстар азаматтарының қатысуы заңдылық еді. Осындай үмітпен бейнеқұжатты көруге алдырдық. Үмітіміз ақталып Сәкен Сейфуллиннің 7 секундқа созылған видеосы табылды, – дейді PhD Ермұхамет Маралбек.
Тіл білімі институтының ғалымдары алдағы уақытта Сәкен Сейфуллин, Әліби Жангелдин, Ораз Исаев, Ораз Жандосов сынды тұлғалардың видеосы жарияланатынын мәлімдеді.
Сондай-ақ Ономастика бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Әрлен Сейітбатқал алдағы уақытта Ресей мемлекеттік кинофотоқұжаттар мұрағатынан қазақтың тарихы, мәдениеті жөнінде көптеген сурет пен бейнетүсірілім табуға болатынына тоқталды.
– Осы іс-шараға Сәкен Сейфуллинмен қатар Әліби Жангелдин, Ораз Жандосов сынды тұлғалар да қатысқан. Михаил Калининнің жанында Әліби Жангелдин екі кадрда көрініс берген. Біріншісі алдынан алынған, екіншісі қырынан түсірілген, – дейді Әрлен Сейітбатқал.
Оның айтуынша, мұрағаттағы деректер мен құжаттарды тапқан бойда елге алып келе салатын нәрсе емес. Оларды сұрыптау, ондағы әртүрлі ақпараттарды қорыту қажет. Әрине, бір деректі табу үшін мыңдаған құжаттарды ақтаруға тура келетіні белгілі.
– Жоғарыда айтылған грант аясында осындай іссапарды ұйымдастыруға болады. Бірақ іссапарға белгіленген күн аз. Өйткені гранттың мүмкіндігі соған ғана жетеді. Алдағы уақытта мемлекеттік қолдаумен мұрағатта деректер табу үшін іссапарларды ұзақ мерзімге арнайы ұйымдастыру керек деп ойлаймын, – дейді Ә.Сейітбатқал.
Айта кетейік, бұған дейін де Сәкен Сейфуллиннің бейнесі түсірілген бірнеше таспа табылған-ды. Соның бірін белгілі режиссер Жаңабек Жетіруов ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің өмірі мен шығармашылық жолына арналған деректі фильмін түсіруге қамданып жүргенде тапқан екен. Кезінде бұл туралы белгілі журналист Думан Анаш мерзімді баспасөз беттерінде жариялаған.
«Аурухана палатасында ем қабылдап жатқан сәкентанушы, көрнекті ғалым Тұрсынбек Кәкішевпен бір уақытта ауруханаға түскен режиссер Жаңабек Жетіруов профессормен әңгіме үстінде өзінде Сәкеннің әзіз бейнесі жазылған таспа барын айтып қалады. Сәкен десе құлағы түрік жүретін ғалым бұған аң-таң болса керек. Осылайша, режиссер мен ғалым әлгі таспаны алдырып бірге көреді. Тұрсынбек аға өзінің өмір бойы соңына шам алып түскен кейіпкерін жазбай таниды. Біз де осы леппен бұл таспаға назар аудардық. Содан соң режиссер мен ғалым ағаларымызға қоңырау шалдық. Әлбетте, екеуінің сөзі бір жерден шықты. Ағалардың айтуынша, бұл бейнетаспа отызыншы жылдары түсірілген сияқты. Сәкен және қасында тағы бір белгісіз жан (Т.Жүргенов болуы мүмкін дейді) әлдебір жиналыста түрегеп тұр. Алайда қандай жиналыс өтіп жатқаны белгісіз. Адамдар сөйлеп жатыр. Ол жерде Сәкеннің сөйлегені көрсетілмеген, кесіліп қалған болуы да кәдік. Себебі 1937 жылдары «Халық жауы» деп танылған азаматтардың бейнесі мен еңбегі барлық жерден аластатылғаны белгілі. Десе де Сәкеннің түрегеп тұрған бейнесі таспадан қалай қиылмай қалғаны жұмбақ дүние», деп жазады Д.Анаш.
Сондай-ақ осыдан біраз жыл бұрын Сәкеннің бейнесі жазылған бір таспа Астанадағы Сәкен Сейфуллин мұражайына әкелінген. Бір қызығы, соңғы екі таспа да Красногор қаласынан жеткізіліпті. Мұнда Сәкен ат үстінде отырған бейнесі кадрға алынған.
Осылайша, қазақтың өр тұлғалы азаматының бейнесі жазылған таспалардың қатары толығып келе жатқаны көңілге демеу, дәтке қуат.