Денсаулық • 01 Қараша, 2023

Қызылша жұқтырғандар көбейіп барады

313 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде қызылшамен ауырғандар саны көбейіп барады. Нақтырақ айтар болсақ, жыл басынан бері 11 мыңнан аса науқас сырқаттанса, оның 83 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар екен. Сонымен, балпанақтай балаларда жиі кездесетін қызылшадан құтылудың жолы қандай?

Қызылша жұқтырғандар көбейіп барады

Қызылша – жылдам таралатын жұқпалы аурулардың бірі. Алғашында аурудың белгілері кәдімгі тұмауға ұқсағанымен, уақыт өте келе балалар дертті ауырсынуы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер сырқаттың белгілеріне бейқам қарауға болмайтынын ескертеді.

Дәрігерлердің айтуынша, қызылша жұқ­тырған науқас­тардың басым көпшілігі алға­шында суық тиген шығар деп ойлауы мүмкін. Себебі жұқпалы аурудың алғашқы кезеңдерінде қызу көтеріліп, жөтел қысуы мүмкін. Одан кейін бөртпелер пайда болады. Балалар қызылшамен ауырма­сын десек, онда қызылшаға қар­сы вакцина алғаны ләзім. Күн­тізбеге сәйкес, бала қызылшаға қарсы вак­ци­наны 12 айында алады. Кейін, қайта вак­циналауға 6 жасында барса, болады. Ата-ана­ларға айтарымыз, егер баладан қызылша ауруы­ның белгілері байқалса, онда «дәрігерді үйге шақыру» қызметіне жүгінген абзал.

Бірер күн бұрын өткен баспа­сөз мәслихатын­да Денсаулық сақ­тау вице-министрі Айжан Ес­мағамбетова ағымдағы эпидемиялық жағдай туралы жан-жақты баяндап, жұқпалы аурулардың ішінде қызылшаның асқынып тұрғанын хабарлаған еді.

– Бүгінде жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұ­маудың кезекті маусымы басталды. Елімізде жыл сайын тұмау вирусы қара­ша айынан басталып, сәуір айы­ның ортасына дейін жалғаса­ды. Осы жылдың қазан айында республикада ЖРВИ-дің 638 208 жағдайы тіркелген, ауырған адамдардың 66%-ын 14 жасқа дейінгі балалар құ­райды. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда сыр­қаттанушылық 27%-ға төмен. Қызылша ауруы бойынша эпидемиялық жағдай күрделі. Аурудың бұл түрі елдің барлық өңірінде тіркелді. Әсіресе, Шымкент, Алматы қаласында, Жамбыл, Ал­маты облыстарында көбірек анықталып отыр. Сырқаттанған балалардың қызылшаға қарсы вакцина алма­ғаны да белгілі болып жатыр. Қазір елімізде вакцина алмаған балалардың үлесі 71%-ды құрайды. Бұл ретте балалардың 60%-ы екпеден бас тартқан. Ал 18%-ы медицина­лық қарсы көрсетілім бойынша вакцина алмаса, 21%-ы – жасына жетпеген шақалақтар. Қы­зыл­­шаға қатысты жағдайды тұрақтандыру мақсатында бір­неше іс-шара жолға қойылды. Соның ішінде қызылшаға қар­сы жоспар­лы вакциналауға ба­сымдық беріп отырмыз. 18 жасқа дейінгі балаларды вакциналаудан өткізу бойынша ақпараттық түсіндіру жұ­мыс­тары үзілген жоқ. Айта кету керек, қазіргі эпи­де­миялық жағдай қызылшаның 5 жас­қа дейінгі балалардың арасында көп тір­келуімен сипатталады. Бұл жалпы қызылша жағдайларының 65 пайызын құрайды. Қызыл­ша бойынша қолайсыз эпиде­мия­лық жағдайды ескере отырып, ата-аналарды балаларына қызылшаға қарсы вакцина алу­ға шақырамыз. Егер вакцина алма­ған болса, тұрғылықты мекенжайы бо­йынша медициналық ұйымда екпе алу жөнінде шаралар қабылдауға кеңес береміз, – дейді А.Есмағамбетова.

Вице-министр де аурудың алдын алудың бірден-бір жолы вакциналау екенін ескертті. Ендігі кезде қызылшаны тұсаулау үшін 6 айлық балаларды, 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды және медицина қызметкерлерін қосымша вакциналау жоспарланыпты. Мысалы, 6 айдан 11 айға дейінгі балаларды қосымша иммундау 6 қарашадан басталады екен. Ал желтоқсанда 5 жасқа дейінгі балалар қосымша жаппай иммундалады.