Фото: Астана әкімдігі
Жиынға Венгрияның сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Питер Сийярто, Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу және елорда тұрғындары қатысты.
«Биыл Қазақстанда атақты венгр ақын Шандор Петөфидің 200 жылдығы атап өтілді, ал бүгін біз оның құрметіне еліміздің бас қаласында көше ашу үшін бас қосып отырмыз. Бұл ортақ тарихи тамыры бар екі халық арасындағы достықтың тағы бір белгісі», деп атап өтті Мұрат Нұртілеу.
Өз кезегінде сөз алған Питер Сийярто екі ел арасындағы көп жылғы ынтымақтастық одан әрі нығая беретінін айтты.
«Қазақстан мен Венгрия – мәдениеті бай және тарихи ерекшеліктері ұқсас елдер. Сондықтан біздің ынтымақтастығымыз бірінші кезекте өзара түсіністікке негізделген. Мұндай сенімді қарым-қатынас екі ел үшін де даму жолында жақсы қолдау болып саналады», деді ол.
Ол сондай-ақ ақынның 1000-нан астам шығармасынан тұратын Шандор Петөфидің жинағы қазақ тілінде жарияланатынын ерекше атап өтті.
Шандор Петөфи – венгр халқының ұлттық поэзиясының ең көрнекті өкілі және 1848-1849 жылдардағы революцияның белсенді қайраткерлерінің бірі болған.