Түркия Президенті атап өткен бір әліпби, Қазақстан Президенті атап өткен бір тарих және Өзбекстан Президенті атап өткен бір банк, яғни түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың мызғымас негізін құрауға септігін тигізеді. Ортақ әліпби – идеологиялық тұрғыда өте маңызды қадам. Біздің елде латын әліпбиіне көшу туралы бастамалар болған. Ол кейінге шегерілгенімен, жаңа серпіліс алуы мүмкін. Ал ортақ тарихқа келсек, архив материалдарын қайта қарау – бауырлас халықтардың болашақ қадамдары үшін елеулі серпіліс. Түркі мемлекеттерін қайта қарауды ұсынудың өзі ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы мәдени-гуманитарлық, тарихи-әлеуметтік, яғни барлық салада бірігуді күшейтетін фактор. Одан кейінгі экономикалық фактор. Бұл тұрғыда былтыр өткен саммитте Түркі инвестициялық қоры құрылып, 500 млн доллардай алғашқы жарна анықталған болатын. Енді Түркі инвестициялық банкі құрылатын болса, бұл – осы мемлекеттегі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру үшін жаңа тетік пайда болады деген сөз. Бұл – елдер арасындағы инвестициялық ағымды күшейтуге маңызды қадам. Әрине, Түркияның Орталық Азия мемлекеттерімен, оның ішінде Қазақстанмен сауда-экономикалық қарым-қатынастағы үлесі әлі де болса төмен. Бұл жерде Ресей, Қытай бастамалары, Еуразия экономикалық қауымдастығы немесе «Бір белдеу, бір жол» жобасының қаржыларымен салыстыруға келмейді. Дей тұрғанмен Мемлекет басшысының осы тұрғыдағы заңнамаларды және экономикалық терминдерді, экономикалық тетіктерді үйлестіру бастамасы алдағы уақытта Түркі мемлекеттері ұйымының мүшелері арасындағы экономикалық қарқынды күшейтуге өз септігін тигізуі мүмкін.
Әскери салада да серпінді серіктестік байқалады. Былтырдан бері Қырғыз Республикасы түрік «Bayraktar»-ына көптеп тапсырыс беріп жатыр. Одан бөлек, Әзербайжан түрік әскери қаруларын кеңінен қолдана бастады. Қазақстан мен Өзбекстан да осы бағыттағы қарым-қатынасты жүзеге асырып келеді. Орталық Азия мемлекеттерінің қатысуымен арнайы жаттығулар өтіп жатыр. Алдағы уақытта экономикалық ынтымақтастық интеграциясы күшейеді.
Қазбек МАЙГЕЛДИНОВ,
Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы