Театр • 05 Қараша, 2023

«Қорқыттың» қуанышы

143 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бакуде Әзербайжан мемлекеттік ұлттық театрының 150 жылдығына және жалпыұлттық көшбасшы Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына, Шуша қаласының 2023 жылы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» болып жариялануына, сондай-ақ ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымына 30 жыл толуына орай өткен І Халықаралық театр фестивалінде қазылар алқасының шешімімен Түркістан музыкалық драма театры «Ең үздік пластикалық қойылым» аталымын иеленді. Марапатты театр ұжымына ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев табыстады.

«Қорқыттың» қуанышы

Аталған фестиваль ТҮРКСОЙ мен барша түркі елдері арасындағы ынты­­мақтастықты одан әрі ны­ғайту, заманауи театр өне­рі­нің озық үлгілерін көрсету, халықаралық байланыс­тар­ды дамытуға қолдау көр­сету, жаңа сахналық стиль­дердің танымал болуына жағ­дай жасау мақсатында ұйым­дастырылған. Мәдени дода аясында ТҮРКСОЙ-ға мүше 6 елдің театр ұжымдары көрерменге өз туындыларын ұсынды. Атап айтсақ, Самар­қанд музыкалық-дра­­ма театры (Өзбекстан), Қасы­ма­лы Жан­төшев атындағы ­Ыс­тық­көл музыкалық-драма театры (Қырғызстан), Түркіс­тан му­зыкалық-драма театры (Қазақстан), Ыстан­бұл мем­ле­кеттік театры (Түр­кия), Мақтымқұлы атындағы ­му­­зы­калық-драма театры ­(Түр­ік­­менстан) және Әзер­байжан мем­лекеттік акаде­­мия­лық ұлт­тық драма театры төрт күн бойы сахнада бақ сынасты.

Өнер жарысының алғаш­қы күні Әзербайжан мемлекет­тік академиялық ұлттық драма театры Халық жазушысы Ілияс Ефендиевтің «Әмірші мен қызы» пьесасы бойын­ша сах­наланған «Қарабах­нама» спек­таклін ұсынды. Қазақстан аты­нан Түркістан облысының Мә­дениет және туризм бас­қар­масының Түр­кістан музы­ка­лық-драма театры Баку халық театрының сахнасында «Қорқыт туралы аңыз» плас­тикалық спектак­лін қой­­ды. Либретто авторы – жа­зу­шы, драматург Ермек Аманшаев. Қо­йылымның қою­шы режиссері және хореографы – Константин Семенов. Көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова.

 «Біздің қойылым адамды көп нәрсені ойлауға мәж­бүрлейтін философия­лық ба­ғытты ұстанады. Мәсе­лен, ата-бабаларымыздың рухани тамырының негізі не, сыры неде? Көрермен залдан ойланып шығып, осы және осыған ұқсас сұрақтарға жауап іздей бастаса, бұл біздің қоғамды ояту миссиясының орындалғанын білдіреді», дейді театрдың көркемдік жетекшісі.

Театр труппасы келесі жыл­дың наурыз айында «Қор­қыт туралы аңыз» плас­ти­ка­лық қойылымымен Фран­ция­ның Лион қаласына аттанады. Ал сәуір айында Диана Вишнева заманауи хореография фестиваліне қатысады.