Облыстық сайлау комиссиясының дерегінше, 2 ауданда 6 үміткерге 72 мыңнан астам сайлаушы дауыс бере алады. Сырдария ауданында – 22 101, ал Шиеліде 50 402 сайлаушы тіркелген. Екі аудандағы 58 учаскеде 388 комиссия мүшесі бар.
Ел тарихындағы ерекше күнде дауыс беру учаскелеріне отбасымен келгендер қатары көп болды. Осы саяси науқанда 18 жасқа жаңа толған 1011 азамат алғаш рет дауыс беру мәртебесіне ие болыпты.
Сырдария ауданында ең алғаш болып дауыс берген 102 жастағы майдангер Яхия Тасыров туған жеріне қызмет ететін азаматты таңдау маңызды сәт екенін айтады. Қазыналы қария өз таңдауын жасағаннан кейін батасын беріп, саяси науқанға сәттілік тіледі.
Сайлау күні Шиелі ауданындағы №299 сайлау учаскесіне талай доданы өткерген көкпаршылардың ұйымдасып келіп, дауыс беруі ерекше оқиға болды. Білекті жігіттердің бұл бастамасы елдің бірлігін танытты. Полициялар мен ұстаздар династиясының өкілдері де топтасып келіп, таңдау жасады.
«Бүгін 109 бірыңғай байланыс орталығы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Жергілікті уақытпен сағат 15:00-ге дейін оған 129 мәрте қоңырау түскен. Үйден дауыс беруге өтініш қалдырған 344 азаматқа тасымалданатын жәшік барады. Барлық учаскедегі азаматтардың дауыс беру құпиялығы сақталатын арнайы кабиналар перделермен жабылған», дейді облыстық сайлау комиссиясының мамандары.
Қызылорда