Театр • 07 Қараша, 2023

Оманнан олжалы оралды

144 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сәкен Сейфуллин атындағы театрдың қуыршақ труппасы Оман елінен олжалы оралды. Халықаралық қуыршақ фестивалі Маскат қаласында өтті. Онда қарағандылық өнер ұжымы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты халық ертегісін сахналады. Сөйтіп, «Үздік сахналық костюм үшін» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

Оманнан олжалы оралды

Сәкен театрының жанынан үш ай бұрын ғана құрылған қуыршақ труппасы әлем елдерінен өтінім жіберген 200-ге тарта өнер ұжымының арасынан іріктелген 30 театрдың қатарында болған.

Әртістер әрқайсысы сахнада бір емес, үш қуыршаққа жан бітіріп, үш рөлді сомдап шықты. Ал спектакль­дегі 11 қуыршақты режиссер Айдын Салбанның жетекшілігімен театр ұжы­мы жасаған.

впр

Бұл қуыршақ труппасы Оманнан олжалы оралмас бұрын Алматыда өткен «Almaty Puppet Festival» халықаралық фестивалінде де «Қарлығаштың құй­рығы неге айыр?» ертегісін сахналап, «Үздік сценография үшін» жүлдесін еншілеген еді.

Қазан айының басында Жетісу тө­рінде аты аңызға айналған актриса Бикен Римованың 100 жылдығына арналған BIKEN-l халықаралық театр­ фестивалінде О.Бөкейдің «Атау кере» драмасын қойып, «Үздік режиссура» жүлдесін қанжығалағанын да айтып өтуіміз керек. Мұның да қою­шы-режиссері – Айдын Салбан.

Талдықорғаннан кейін Қызыл­жар­да белгілі мемлекет және қоғам қай­раткері Т.Жүргеновтің 125 жылдығына арналған Қазақстан театр­ларының фестивалінде де «Үздік сценография» аталымына лайық деп танылды.

Астанаға гастрольмен барып, ел­ордалық көрерменге «Ұлтқа қыз­мет», «Текебұрқақ», «Айналайын», «Атау кере» спектакльдерін көрсетті.

Қарағандының өнер ұжымы рес­публикалық деңгейде ғана емес, ха­лықаралық сахналарда да сәтті өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықы­ла­сына бөленіп, сыншылардың жоғары бағасын алып жүр.

 

Қарағанды облысы