Қоғам • 10 Қараша, 2023

Шаруаға негізделген мерейтой

395 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінде аудан, қала, облыстың бәлен жылдығы деген мерейтойлар көп. Мұндай мерейтойлар аясында атқарылатын іс-шаралар – бірнеше бетке жүктелген жоспар, ала шапқын болған орындаушыларға үйіп-төгілген тапсырма. Ал шындығына келгенде, той өткеннен кейін ізі де қалмайтын іс-шараларға бөлінген қаржы, кеткен уақыттың бәрі зая.

Шаруаға негізделген мерейтой

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Биыл Маңғыстау ауданының 95 жылдығы аталып өтті. Мерей­той кезінде жасалған жұмыс көп­ке үлгі деуге болады. Аудан бас­шы­лығы 12 ауыл мен 9 елді мекен­нің тыныс-тіршілігімен танысып, ауыл тұрғындары, ардагерлер, де­пу­таттар корпусы, қоғамдық кеңес, аза­маттық қоғам өкілдерімен кез­десті. Басқосу кезінде олар айтыл­ған өтініш, пікір, арыз-шағым, нара­зылық, ұсыныстарды сараптап, бар мен жоқты тізбелеп, жетіс­тік пен кемшілік тұстарды анық­та­ған. Тұрғындар талабының шешіл­меу себептері анықталды, өзекті түйт­­кіл­дерді тарқату жолдары да та­­былған. Аудан басшылығы жұ­мыс­ты жүйелеу мақсатында мерей­той­ға орай «Маңғыстау ауда­ны­ның серпіні» атты ауданның әлеу­мет­тік-экономикалық даму бағдар­ла­ма­сын дайындады. Бірнеше жылға жоспарланған бағдарламада білім, мәдениет, спорт, денсаулық сақ­тау, әлеуметтік, құрылыс және инфра­құ­рылым, ауылшаруашылық, жер қатынастары, кәсіпкерлік, туризм салалары қамтылды. Бұл тапсырмаларды орындауға қажетті қаржы көлемі – 25 млрд теңге. Ауданның жылдық бюджеті 10-11 млрд теңге, оның 45 пайызы еңбекақы, салықтар, күтіп ұстау, әлеуметтік қолдау, қызмет көр­се­туге жұмсалады. Демек, бағдар­ла­мада көрсетілген мәселелерді шешу оңай емес, ол үшін де біраз жұмыс істеу қажет.

– Бағдарламаға енген бірқатар жобаны алдын ала талқылау мақсатында өткен жылы аудан әкімі орынбасарлары, ауыл әкімдері және бөлім басшылары, сондай-ақ облыстық басқармалар өкілдерінің қатысуымен бірнеше кездесу ұйымдастырылды. Өткен жылы желтоқсан айында өңір басшысы Н.Ноғаевтың төрағалығымен өткен жиында «Маңғыстау ауданының сер­піні» жобасын таныстырдық. Жиын соңында облыс әкімі тұрғын­дар­ға ең қажетті су, жылу сынды басым ба­ғыттарды бірінші кезекте қол­дай­­тынын және қаржыландыру ке­зең-кезеңімен жүргізілетінін жет­кіз­ді. Бағдарламаның бір бағыты – аудан мерейтойына орай қолға ал­ған «95 жылдыққа 95 игі іс» жобасы. Жоба бойынша аудандық штаб құрылып, өндірістік мекеме басшылары мен кәсіпкер азаматтарды қолдауға шақырдық. Жұмыстың барлығы көптің көз алдында атқа­рылып, әлеуметтік желіде жария­ла­нып отырды. Жаңа істі жақсыға ырым­дайтын әдетпен Амал мейрамы қарсаңында Тобықты жеріндегі қасиет тұнған Бекет ата жерас­­­­ты ме­ші­ті жанынан салынған руханият үйі қа­зығын қағу рәсімінен бастадық. Бұл игі шаруа ауыл ақсақалдары мен әкім­дер­дің қатысуымен, үлкендердің ақ бата­сымен, жергілікті азамат Асқар Сәнауовтың демеушілігімен іске асты, – дей­ді аудан басшысы Ғ.Ниязов.

Жоба аясында атқарылған жұмыс­тар аз емес. Төрт үйді жөндеу, құдық қазу, ойын, воркаут алаңдарын ашу, мектеп, балабақша, мәдениет ошақ­тары мен ғимараттар құрылысын бастау, тұрғын үйлерді жөндеуден өткізу, жол салу, су құбырларын тарту, жылу және су жүйесін жаңғырту – бұл жасалған жұмыстың басым бөлігі. Халық игілігіне ұсынылған әр істі тұрғындар тұтынып, қажетіне жаратып жатыр. Аудан әкімінің айтуын­ша, жоспарлы жұмыс түгелге жуық орындалған.

Бекі ауылында – 100, аудан орта­лығы Шетпенің Қосбұлақ ша­ғын ауда­нында 600 орындық жаңа мектеп, Тұщыбек ауылында мектеп-бөбекжайға қосымша 160 орындық, Шетпеде А.Меңдалыұлы атындағы мектепке жапсарлас 200 орын­дық қосымша құрылыс жұмы­сы бас­талып, жазда 6 мектеп пен 5 бала­бақшаға ағымдағы жөндеу жасалды. Жөнделген 6 мектепте моди­фи­ка­ция­лық биология, физика, химия кабинеттері жабдықталды. Сондай-ақ Ақшымырау, Ұштаған, Онды ауылдық мәдениет үйлеріне жөн­деу жүргізіліп, Сайөтесте 200 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталды. Аудан бойынша 40 шақырым шамасында ауылішілік жолдарға асфальт төселіп жатыр. 15-бекетке тартылып жатқан газ құбыры жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Тиген, Тасмұрын, Боздақ, 15-бекет және Қияқты елді мекендеріне су тұшыту қондырғылары орнатылды. Шетпе ауылындағы 3,5 ша­қырым жылу жүйесі құбыры ауыс­­тырылып, жылу қазандығы ғи­ма­­раты ағымдағы жөндеуден өтті, қазіргі таңда Шетпедегі Жаңаорпа-2, Ащыбұлақ-1, 2-шағын аудандарына 51 шақырымдық су құбыры тартылып жатыр. Демеушілікпен екі қатарлы 4 үй және бюджет қаржысымен екі қатарлы 18 үй жөндеуден өтті. Жармыш ауылында ауылішілік су құбыры мен Барыс көшесіне көше шамдары, электр желісі мен газ құбыры жүргізіліп жатыр. Тұщықұдық, Қызан, Ұштаған, Шебір ауылдық амбулаториялары жылу жүйесіне ағымдағы және Ақшымырау амбулаториясына күрделі жөндеу жасалды. Ауданның мерейтойы қарсаңында жасалған ірілі-ұсақ жұмысты түгелдей тізіп шығу мүмкін емес, пайдалануға беріл­гені де, жасалып жатқаны да, енді қолға алынғандары да аз емес.

– Көкейтесті болып жүрген Бекі ауылындағы мектеп, Жармыш ауы­лында 2006 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан ауыз су құбыры жұмыстары жүріп жатса, Сайөтес ауы­лында 25 жылдай жауыр болған апаттық жағдайдағы көпқабатты үйлер мәселесі бойынша да қозға­лыс бас­талды. Жуырда облыс бас­шы­сының қатысуымен өткен есепті кездесуде жоспар мен межеге бағыт­талған, әріптестеріммен бірге атқар­ған есебіміз жұртшылық алдында тыңдалды. Еңбек дауы, жұмыссыздық мәселесі жөнінде арнайы комиссия атқарып жатқан жұмыстар аз емес. Дегенмен ара-тұра түрлі ке­ліс­пеушіліктер де болып тұрады. Айталық, шебін өндіретін карьер­лер және ауыр жүк көліктерімен шаруашылық тауарларын, түрлі құрал-жабдықтарды тасымалдауға қатыс­ты күлбілтелі мәселелер де бар. Жоғарыда аталған жұмыстармен қатар ғасыр табалдырығында тұрған ауданның 95 жылдығын мәдени-рухани бағыттағы шаралармен де байыттық, – деді өз сөзінде аудан басшысы.

Мерейтой ат шаптырып, ас ішіп, аяқ босату, кітап шығарып, концерт қойып, шашу шашумен емес, соңында ел игілігіне қызмет ететін нәтижелі істер қалуымен маңызды. Осы орайда тарихы бай, тағылымы мол ауданның өрелі бастамасы өзге өңірлерге өнеге болса біраз мәселенің шешімі табылар еді.

 

Маңғыстау облысы