Театр • 12 Қараша, 2023

«Мұғалім» туралы мазмұндама

318 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Оқушы деген қап емес, ішіне не болса соны сыйғыза беретін. Ол – шамшырақ. Тек жаға білу керек. Мен Сұлтанның шырағын жаға алмадым. Өзімді ешқашан кешірмеймін». Бұл біздің мәңгілік махаббатымыз «Менің атым – Қожа» фильміндегі Рахманов ағайдың сөзі. Шіркін, мұғалімнің бәрі Рахмановтай риясыз болса ғой!

«Мұғалім» туралы мазмұндама

Театрға барыңыз! Онда үл­кен мәдениет бар. Сіз жо­ғалт­қаныңызды сахнадан табасыз, пендәуи ойдан бір сәтке ада-күде арыласыз, жаныңыз тазарады, дертіңіз сейіледі. Біз бүгін сол миллениум мезеттен үзіліп түскен «Мұғалім» әлеуметтік-мультимедиялық драмасы ха­қында ой бөліспекпіз. Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының тағы бір туын­дысы жетісулық көрерменнің ішкі тол­­ғанысын үдете түскендей. Оқушы – Мұғалім – Ата-ана, осы үштаған арасында өрбитін өмір қайшылықтары қоюшы-режиссер Данияр Базарқұловтың идеясымен астасып, қою бір қойылымға айналған.

Драматург Қолғанат Мұраттың «Мұғалім» атты шығармасының желісіне негізделген эскиздер мен им­провизациялар шамамен екі сағатқа созылады. Әйтсе де кө­рермен бірден уақыттың тұт­қынына түседі. Әуелде сіз басты кейіпкер мұғалім деп ойлауыңыз мүмкін, орта тұста оқушы шығар деген ойға келесіз, аяқ жағында әке-шеше басты персонажға айналады, ал соңында сол трионың тұтасқан жанайқайын естисіз. Сондықтан драма не туралы деген стандартты сұраққа жауап табу қиын, себебі қойылым бәрі жайында...

Сахнадан шәкіртінің арманын әлдилеген мұғалім Айдана Айдар­бекқызын, әжесінің қолын­да өскен тентек Нариманды, әкесінен ерте айырылған Іңкәрді, отбасындағы үлкендердің қатаң қағидасына байланған Ербол мен Бүркітті, қиялынан қол үзгісі келмейтін Зарина мен Қор­­­­ланды көреді. Оның бәрі ескіні жаңартуға, көнерген көзқарастарды бұзып өтуге тырысады. Ал олардың ата-аналары үйдегі перзенттерімен «асырау­шы» деңгейінде ғана қарым-қатынас жасап, балаларының өмі­ріне дирижер, сеніміне диктатор болғысы келеді. Бұл деспотты бұзып-жаруға тырысқан жас­тар­дың жан толғанысы кейінгі толқынның бәріне тән аңсар секілді көрінеді.

Ары қарай не істеу керек? Тір­шіліктің мәңгі қамытын киген әке-шешенің жылуына зар болған баланың болашағы қайда апарады? Ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігін кім арқалайды? Ұлттық моральдің заманауи желісіне біздің қоғам дайын ба? Жамандық дегеніміз не? Тектілік кімге керек? Мұнда театр жастары актерлік шеберліктерін ғана емес, жас тұлғаның жетілуі мен қалыптасуының барлық қыр-сырын жеткізуге талпынады. Жастық мак­симализм, ережелерді жоқ­қа шығару, әлі күнге дейін бұлыңғыр һәм тұрақсыз түсі­ніктердің аражігін ажыратуға деген құштарлық бар.

Мектепке уақытша келген жас маман оқушылардың санасын оятуға, олардың бойында ізгілік, әділеттілік мұраттарын жетілдіруге, адамгершілік көз­қарасты сіңіруге тырысады. Ол шынында басқа адамдардың жақсы өмір сүруі үшін жасаған риясыз еңбегіне өзін шексіз бақытты санайтын жан. Актриса өзінің кейіпкерімен эмоцияның барлық спектрінде өмір сүреді. Қуану, мұңаю, нәзіктік, ғашықтық, ирония, жек көру, үмітсіздік, қорқыныш сезімдері моральдық ұстанымдары қатаң ата-анаға жақпайды. Осы сәтте режиссер әр оқушыны өз қорқынышымен диалогке түсуге шақырады.

Тағы бір түстеп өтер дү­ние, қойылымда композитор Мархаба Сәби және театр ак­тері Рауан Әбдуәлидің әндері қол­данылады. Сахнаның қос бұрышынан Шәміл Айтмұханов пен Сымбат Оңалбаева дуэті сахна ішіндегі үдерісті дамыта отырып, кейбір диалогтерді музыка ырғағымен жеткізеді. Ән бір-біріне қарама-қайшы ұғымдардың бөгетін жарып өтеді. Алдамшы ойлардың ағынына оратылған кейіп­кер­лердің көңіл күйінің пернесін дөп басқан ноталар, көп ішіндегі жалғыздықтың көрінісі іспетті.

Спектакльдің атауы өзін то­­лық ақтайды деуге келмес. Себебі мұнда үштіктің тартысқа то­лы оқиғалары бірінен соң бірі толқындай буырқанып, сахна жиегіне ақтарыла құлайды. Ең бас­тысы, сіз өмірде ұмытылып бара жатқан ең маңызды сезім­дерді қайта бастан кешесіз. Со­дан кейін режиссердің мына бір терминдерді не себепті таған қылып алғанын ойлана залдан шығасыз.

«Екі күрделі заттың ара­сын­дағы алмасу реакциясы болуы мүмкін, нәтижесінде, олар өз­дерінің құрамдас бөліктерімен алмасады және екі жаңа күрделі зат түзеді; Еріксіз тербелістер сыртқы периодтық күштің әсерінен орындалады; Әрбір жасуша басқа жасушалардан тұрады; Дененің массасы мен үдеуінің көбейтіндісі денеге әсер ететін күштердің қо­сын­дысына тең; Тартылыс күші де­нелердің массаларының көбей­тіндісіне тура пропорционал және олардың арасындағы қашық­тықтың квадратына кері пропорционал».

Қойылымнан кейін менің ойы­ма мектептегі бала Мұхтардың, яғни өзімнің емлеге сүйенбей, ере­жеге ба­ғын­бай ғұмыр кешуге асыққан қия­ли сәттерім оралды. Пенде атау­­лы естігені мен көргенін өз құн­­­дылықтары мен пікірлерінің сүз­гісінен өткізбей, неге нақты қа­былдайды екен? Өкініштісі, үнемі құ­лағыңызды қолыңызбен тас қылып жауып тұру мүмкін емес.

«...Арманымның бәрін жазар болсам, дәптерге сыймас еді!.. Оған ешкім сене де қоймас. Сенсе, тек Рахманов ағай ғана сенер...»