Аймақтар • 12 Қараша, 2023

Алакөлдегі алып қызылша

318 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шалғай ауылдағы шаруалар сүйінші сұрап жатыр. Биыл қара жер еккен дәнді еселеп беріп, еңбектің түбі берекеге ұласты. Алакөл ауданына қарасты қожалықтар гектарына 650 центнерден өнім алған. Тіпті жекелеген тәтті түбірдің салмағы 9 килоға дейін тартқан. Техниканың жоқтығына қарамастан осындай нәтиже көрсеткен ауылдағы ағайынның ісі көңіл сүйіндіреді.

Алакөлдегі алып қызылша

Қазір, көлбайлық шаруа­лар­дың өнімі Жетісуда ғана емес, ел ішінде де мақтанышпен айтылады. Сол елді мекенде былтыр ғана құрылған «Алижан» шаруа қожалығы көктемнің ба­сында 4,5 гектарға қант қы­­зыл­шасын сепкен. Қолында шар­уаға сай техника болмаса да, қара қолмен шөптеп, суғарып егінін жаз бойы күтіп баптаған кәсіп иесі Болат Кемелхановтың еңбегі зор. Олай дейтініміз, 4,5 гектар жерден 300 тонна өнім алу үлкен еңбекті талап етеді. Гектарына шаққанда 650 цент­нерден айналып отыр. Бұл – соңғы жылдары өңірде тір­кел­ген ең үлкен нәтиже. Бізді таңғалдырғаны бір түбірдің 9 килоға жуық салмағы бар.

«Тәтті түбірден нәсібінді із­де­се­ңіз күзден бастап іске кі­рісу керек. Жерді ерте жыртып, көк­темді жер ылғал уақытында дәнді сепкен абзал. Осындағы ауыл азаматтары қолдан келгенше көмектесті. Жаз бойы бір тыңбадық. Қаншама гектар жерді суа­ру оңай емес. Тү­німен күзетіп, мал түсіп кет­пеуіне алаңдайсын. Аллаға шү­кір еңбегіміз ақталды», дейді Б.Кемелханов.

Шаруа иесі «Viorica-TVS» атты тұқымды Көксу қант за­уыты­нан ал­ған. Ең ғажабы, өнімді мол алу үшін қосымша химия­лық заттардың бірін қос­паған. Тек, бұрын жоңышқа егілген тың жерге сепкен еккен. Ауыл азаматары өнімді мол алуды басты себебі сол деп отыр. Осы істің бас-қасында жүрген жана­шыр азамат, Көлбай ауыл­дық округінің әкімі Ержан Ша­керов көлбайлықтар қант қы­зыл­шасының енді қызығына кіре бастағанын айтуда.

«Кеңес өкіметі тұсында Көл­бай ауылы қызылша кең­шары болған. Тіпті мың жарым гектар жерге дейін қызылша егілген екен. Қазір, сол шаруа иелерінің көбі зейнетте. Де­генмен солардың сарқыты ішкен ағаларымыз кәсіпті қайта жаңғыртып, жастарды еңбекке баулып жатыр. Алғашқы нәти­жеміз де жаман емес. Тек техни­каның жоқтығы қолбайлау болып отыр. Осы мәселеміз ше­шіл­се деген ниеттеміз», дейді Е.Шакеров.

Техника демекші, көлбай­лық­тардың қолында ешқан­дай қызылшаға арналған құрал жоқ. Егінді жинау үшін көрші Сарқан ауданының техникасына жүгінген. Ал олар егінін толық жинамай өзі санаулы техниканы біреуге бере алмай­ды. Сондықтан көлбайлық шаруалар жауын-шашынға ұры­нып, ауа райының ашыл­ға­нын күт­кен. Дегенмен сәтін салып 2 күнде ауыл азаматары­мен бір­ле­се өнімді то­лық жинап алған.

Жалпы, Алакөл ауданында 20 шаруа қожалығы 500 гек­тар­ға қант қызылшасын еккен. Өңір орта­лығынан шалғай орна­лас­қан ауыл-аймақтар шама-шарқынша облыстағы қант өн­дірісін дамытуға елеулі үлес қосып отыр. Осы ретте, «Сү­лей­­менов» шаруа қожалы­ғын да ай­тпай кетпеске болмас. Шаруа­шы­лық алғаш рет қызыл­ша сеуіп отырғанына қа­ра­мастан, егістіктің өнімділігі 500 центнерге дейін жеткен. Мұнда да ең ғажабы, жекелеген тәтті түбір­дің салмағы 6-8 ки­ло­ға дейін жетіп отыр.

«Сүлейменов» ШҚ басшысы Жасұлан Сүлейменов биылғы жылы 8 гектар қант қызыл­ша­сын еккен. Бірінші бөлігі – 4 гектарда өнімділік 300 ц/га құ­райды, ал екінші 4 гектарда бұл көрсеткіш 500 ц/га дейін барды. Осы шаруашылықта өсірілген дақылдың ең үлкенінің салмағы 8 кг 623 гр жетті.

ттр

Ж.Сүлейменовтің айтуынша, ол 10 жылдан бері ауыл шар­уашылығымен айналысып келе жатқанымен, биыл қант қы­зылшасын алғаш рет отыр­ғыз­ған. Бұған дейін қызыл­ша өсіруді тиімсіз және қиын жұмыс деп санап, тек майбұршақ өсірумен айналысқан екен. Дегенмен биылдан бастап қант қызылшасына төлем зауыттан берілетін сома мен мемлекеттік субсидияны қоса алғанда 40 мың теңгеге өскендіктен тәтті түбір өсірудің та­быс­тылығы артқан. Соған орай биыл шаруашылық қызылшаға ден қойған.

«Биыл Көксу қант зауыты аме­ри­калық элиталық сұрып тұқы­мымен қамтамасыз етті. 8 гек­тардан 320 тонна өнім жина­дық. Алқаптың бірінші бөлі­гін­де бір тәтті түбірдің орташа салмағы 6 килограмға жетсе, ең ірісі 8 килодан асып отыр. Өнім­дерімізді Ақсу қант зауытына өң­деу­ге тапсырдық. Ке­ле­сі жылы тәтті түбірдің егіс ал­қа­бын ұлғайтуды жос­­парлап отырмыз», деп атап өтті шаруа­шылық жетекшісі.

Оның айтуынша, мұндай өнімді­лікке қол жеткізу үшін тұ­қымның сұрыпы да, агро­тех­ни­калық талаптарды сақтау да, баптап өсіру мен суару да – бәрі маңызды.

Өңір әкімінің баспасөз қыз­ме­тінің мәліметінше, облыс бо­йынша осы жылы 370 мың тонна өнім жинау жоспарланған, бұл ретте 2 қант зауыты 71 мың тонна қант өндірмек. Алакөл ауданына келсек, аудан әкім­дігінің мәліметінше, осы кезеңде 52 гек­тардан 1 250 тоннаға жуық өнім жиналды. Қазір Үшарал және Көлбай ауылдық округ­те­рін­де қызылша жинау науқаны жалғасып жатыр.

 

Жетісу облысы