Дүниежүзілік банк таяуда баяндама жариялап, шикізат нарықтары үшін қақтығыстың қысқамерзімді салдары қандай боларына қатысты алдын ала бағалау жасады. Банктің базалық болжамына сәйкес осы тоқсанда мұнай бағасы барреліне 90 доллар төңірегінде тұрақтайды. Содан кейін, яғни келер жылы 81 долларға төмендеуі мүмкін, өйткені ол кезде жаһандық экономикалық өсім де баяулайды. Ал келер жылы шикізат тауарларының жалпы бағасы 4,1 пайызға құлдырайды деген жорамал бар. 2024 жылы ауылшаруашылық өнімдерінің бағасы төмендеуі мүмкін. Түсті металл да біршама құнын жоғалтады деген болжам бар. Шикізат тауарларының бағасы тек 2025 жылы қалпына келіп, тұрақтала бастамақ.
«Қақтығыстың жаһандық шикізат нарығына әсері әзірге шектеулі. Жанжал басталғалы бері мұнайдың жалпы бағасы 6 пайызға өсті. Ауылшаруашылық өнімдері, металдардың көбі және өзге тауарлар бағасы өзгере қойған жоқ. Егер қақтығыс ауқымы артса, онда шикізат тауарларының бағасы төмендейді», делінеді баяндамада.
Дүниежүзілік банк мамандары үш сценарийді алға тартады. Бірінші нұсқа бойынша, мұнайдың әлемдік жеткізілімі күніне 500 мың – 2 млн баррельге дейін қысқарады. Мұндай жағдайда баға 3 және 13 пайызға өсіп, барреліне 93 және 102 долларды құрауы мүмкін. Екінші нұсқа бойынша, мұнайдың әлемдік жеткізілімі күніне 3-5 млн баррельге дейін қысқарып кетеді және баға 21-35 пайызға шарықтап шыға келуі мүмкін. Ондайда мұнай бағасы барреліне 109-121 доллардан кем тұрмайды. Тәуекелге толы үшінші сценарий жағдайында қысқару деңгейі күніне 6-8 млн баррельді құрайды және баға өсімі 56-75 пайызды құрап, нәтижесінде «қара алтын» барреліне 140-157 доллардан саудалануы мүмкін.
«Таяу Шығыстағы қақтығыс шикізат нарығы үшін ең үлкен шок (1970 жылдан кейінгі тіркеліп отырған) болды. Бұл жаһандық экономикаға жойқын әсер етті. Саясаткерлер мейлінше мұқият болуы керек. Егер қақтығыс ауқымы кеңи түссе, онда әлемдік экономика он жылдықта алғаш рет күрделі энергетикалық соққыға ұшырайды», дейді Дүниежүзілік банктің бас экономисті Индермит Гилл.
Дүниежүзілік банк бас экономисінің орынбасары Айхан Косенің айтуынша, мұнай бағасының жоғарылауы азық-түлік бағасының да өсуіне алып келеді. «2022 жылдың соңында 700 миллионнан астам адам аштық құрсауында қалды. Соңғы қақтығыстың эскалациясы тек өңір ішінде ғана емес, бүкіл әлемде азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді» дейді сарапшы.
Осы уақытқа дейін жанжалдың тауар бағасына шамалы ғана әсер еткендігі әлемдік экономиканың мұнай бағасының күйзелісін сіңіру қабілетінің жақсарғанын көрсетуі мүмкін. Баяндамада 1970 жылдардағы энергетикалық дағдарыстан кейін әлем елдері осындай күйзелістерден қорғанысын нығайтты делінген. Олар мұнайға тәуелділікті азайтты, ІЖӨ-нің 1 долларын өндіруге қажетті мұнай мөлшері 1970 жылдан бері екі еседен астам төмендеген.
«Оларда мұнай экспорттаушылардың әртараптандырылған базасы және жаңартылатын көздерді қоса алғанда, кеңейтілген энергетикалық ресурстар бар. Кейбір елдер мұнайдың стратегиялық қорларын құрды, жеткізілімдерді үйлестіру тетіктерін ойластырды және мұнай тапшылығының бағаға әсерін азайту үшін фьючерстік нарықтарды дамытты. Осындай жақсартулардың нәтижесінде қақтығыстың күшеюі бұрынғыға қарағанда жеңілірек әсер етуі мүмкін. Дегенмен саясаткерлер көзжұмбайлыққа салынбауы керек. Кейбір шикізат тауарлары, мысалы алтын перспективасы туралы ойлануға тура келеді. Қақтығыс басталғалы алтын бағасы 8 пайызға өсті. Алтын бағасының геосаяси проблемалармен бірегей байланысы бар. Қандай да бір белгісіздік және жанжал кезінде оның бағасы өседі және бұл өз кезегінде инвесторлар сенімінің әлсірегенін білдіреді», дейді баяндамашылар.
Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, әлемдік экономикаға мұнай бағасы барреліне 90-110 доллардың арасында болғаны тиімді.
«Қазір мұнай бағасының құбылуы байқалады. Кейде 90 доллардан асып кетеді, 100 деңгейіне барып, қайта түседі. Бірақ жыл сайын баға тек өсе бермек. Себебі, сұраныс көп, оны өтеуге біздің шамамыз жетпейді. Сонымен қатар сұраныстың өсуі бағаны да қымбат ете түседі. Қазір жаһан нарығы үшін бағаның 90-110 диапазонында болғаны өте тиімді. Мұндай баға тұтынушыға да, өндірушіге де өте ыңғайлы. Өндіруші дегенде тек жер қойнауын игерушілерді айтпаймыз, олардың қатарында инвесторлар да бар. Олар ең бірінші кезекте салған ақшасын тезірек әрі ойдағыдай етіп қайтаруды көздейді», дейді сарапшы.