Экспорт • 14 Қараша, 2023

Экспорт-кредит агенттігінің келешегі зор

198 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде отандық кәсіпкерлердің сыртқы нарықтағы мүддесін қорғап, қаржылық қолдау көрсететін, сондай-ақ шетелдік сауда ұйымдарымен тікелей байланыс орнататын толық­қанды Экспорт-кредит агенттігі құ­ры­латын болды.

Экспорт-кредит агенттігінің келешегі зор

Бұл жөнінде жақында Пре­зи­дент қа­был­дауында бол­ған «Бәйтерек» ұлт­тық бас­қа­ру­шы холдингі» АҚ Бас­қар­ма төрағасы Нұрлан Байба­за­ров мәлімдеді. Қазіргі таңда «Қазақстан Респуб­ли­ка­­сының кейбір заңнамалық акті­лерінде экспорт-кредит агент­тігі мәсе­ле­лері бойынша өзгеріс пен толықтыру енгізу және шикізат емес тауарлардың экспортын дамыту туралы» заң жобасы тал­қыға түсіп, Мәжіліс қа­ра­уы­на өтті.

Кез келген мемлекеттің эко­­но­микасын алға сүйрейтін не­гіз­гі басымдықтардың бірі экспорт қызметі екені белгі­лі. Оның ішінде шикізат емес та­уарлардың сыртқы айна­лым­дағы үлесін айрықша атап өткен жөн. Шағын және орта бизнес ұлттық экономиканың маңызды драйвері екенін ес­керсек, олардың экспортқа шы­ғып, сауда көлемін арттыруы – осы саланың жан-жақты даму көрсеткіштерінің бірі. Бүгінде тауарларын экспортқа шығаратын компаниялар үшін ең басты кедергі қаржы тап­шы­лы­ғы болып отыр. Осы ретте Экспорт-кредит агенттігінің (ЭКА) маңызы мен қажеттігі ай­қын бай­қа­лады.

Бүгінде ЭКА қызметін «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ атқарады. Ұлттық компания шикізат емес сегменттің отан­дық экспорттаушыларына қол­дау білдіреді және олардың ше­телдік нарықта қолайлы әрі қауіпсіз жағдайда саудаласуын қам­тамасыз етумен айналысады. Алайда «KazakhExport» елдегі бірден-бір мамандандырылған сақтандыру ком­па­ниясы бол­ғанымен, ЭКА міндетін атқару үшін заң шеңберінде тиісті мәртебесі жоқ. Бұл компа­ния­ның аяқ-қолын тұсап отыр.

«KazakhExport» ЭСК» АҚ басқарма төрағасы Аслан Қали­ғазинның айтуынша, отан­дық бизнес, оның ішінде экспорттаушылар қызметіне қатысты заң нормаларына нақты өзгерістер қажет.

«Агенттік шикізат емес экс­порт­ты дамыту және оның кө­лемін арттыру бо­йын­ша жұ­мыс істейтін болады. Қыс­қаша айтқанда, даму инс­ти­ту­ты­ның функция­ла­рын мойнына алады. Бұл мақ­сат­та ЭКА мәртебесі біздің компанияға сақтандыру, қайта сақтандыру, кепіл болу, экспорт саудасын қаржыландыру, экспорттаушылар шығындарының бір бөлігін өтеу, сонымен қатар сервис бойынша бастан-аяқ қолдау көрсету мүмкіндігін ұсынады», дейді компания басшысы.

Экспорт-кредит агенттігі қызметі аясында шетел нарығы тереңірек талданады, сондай-ақ олардың қандай тауарға мұқтаж екені жүйелі сарапталады. Мұның нәти­же­сінде экспорт бизнесіндегі төлем мүмкіндігі жоғары елдермен тұрақты байланыс орнатылады.

ЭКА шикізат емес өнімді экспорттаушылар, отандық тауарларды өндірушілер, шағын, орта және ірі бизнес өкіл­дерімен жұмыс істейтін болады. Айта кету керек, агенттік қызметі ерікті негізде көрсе­тіледі, яғни экс­­порттаушылар үшін ЭКА құралдарын пайдалану қа­зір­гі­дей міндет­телмейді. Агенттік тек экспорттаушыларды қол­дау үшін нақты ұсыныстар біл­діретін болады. Бұл бизнес пен агенттік арасындағы қа­рым-қатынасты мей­лінше тиімді етеді.

«Қаржы-сақтандыру құрал­да­рын қол­дану сатушы мен сатып алушының экс­порттық-импорттық саудасын едәуір арт­тырады. ЭКА көмегімен қос тарап сырт­қы кепілдікке ие болады. Бұл дегеніміз қаражат аударылымының уақтылы жү­зеге асатынын білдіреді. Оның нәтижесінде болуы мүм­кін проблемалардың жолы ке­сі­ле­ді», дейді А. Қалиғазин.

Сонымен қатар ұлттық компания басшысы транс­фор­ма­­цияға қатысты жоспарларымен де бөлісті: «Отандық банк­тер­дің шетелдік әріптестер үшін ұсынатын қар­жы­ландыру бойынша сыйақы мөлшер­ле­мелерін суб­си­диялау бағдар­ла­масын іске қосу ойда бар. Бағдар­ла­ма отандық жо­ға­ры технологиялық тауарлар мен қызметтерді сатып алу бо­йынша ғана жұмыс іс­тейді. Дәл осы қадам экс­порт­тау­шы­ла­рымыздың сырт­қы на­рық­та бәсекеге қабі­лет­ті болуын, клиент база­сы­ның артуын, сондай-ақ өз өнім­деріміздің сапасы мен көле­мін арттыруды көздейді», деді.

Қазіргі уақытта «Kazakh­Export» ЭСК» АҚ порт­фе­­лін­де экспорт­тау­шы­лар­ға қолдау көрсететін 18 жоба бар. Жа­ңа агенттіктің құ­рыл­уымен енді тың мүмкін­дік­терге жол ашылмақ.