Банк • 14 Қараша, 2023

S&P: Банк секторындағы мүмкіндіктер шектеледі

215 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Банк секторындағы цифрлану үрдісі келер жылы да негізгі тренд болып қала береді, сонымен қатар банктер 2024 жылы рекордты табысқа қол жеткізуі мүмкін. Бұл туралы S&P Global Ratings рейтинг агенттігі мәлімдеді. Агенттік есебінше, алдағы уақытта банктердің 15-17 пайыз жиынтық шығыны цифрлы трансформацияға бағытталады. Бұл шығындардың бір бөлігі жеке деректерді қорғау және киберқауіппен тікелей байланысты.

S&P: Банк секторындағы мүмкіндіктер шектеледі

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

S&P Global Ratings «Қаржы институты» бағыты бойынша директор Сергей Вороненконың сөзінше, 2024 жылы банктердің жиынтық кірісі тұрақты динамикаға ие болады, тіпті рекордтық деңгейге жетуі мүмкін.

«Бұл тапқан пайда көлемі бойынша рекордтық жыл болады. Сондай-ақ біз капиталға орташа қайтарымды 25-30 пайыз көлемінде күтеміз, бұл әлемнің көптеген дамушы экономикаларымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Банктер табысының мол болуы несие бойынша сақталып отырған жоғары пайыздық мөлшерлемелерге де байланысты. Әрі банк секторы активтерінің басым бөлігі бағалы қағаз, өтімді активтерде орналастырылған. Бұл қаржы институттарына өз табысын еселей түсуге мүмкіндік береді. Соңғы бірнеше жылда несие портфелі біршама өсті, әсіресе жоғары маржалы бөлшек портфель», дейді сарапшы.

Агенттіктің базалық сценарийіне сәйкес банктердің несие портфелінің өсімі біртіндеп баяулайды, өйткені ипотеканы субсидиялау бағдарламасы әзірге тоқтап тұр. Дегенмен банктердің бұрын берген несиелері есебінен жинайтын пайыздық табыстың шыңы келер жылға сәйкес келетін тәрізді. S&P бағалауы бойынша, Қазақстандағы банктер үшін жақын болашақта пайыздық кірістің одан әрі өсуі және пайыздық маржаны күшейту мүмкіндіктері өте шектеулі. Осыған байланысты банктер бұл шектеулерді комиссиялық кіріс арқылы өтей алады. Әрине, комиссия енді маңызды рөл атқара бастайды. Қазір клиенттердің комиссиялық табысы үшін алты банк тобы қатты бәсекеге түсіп жатыр», дейді агенттік өкілі.

Мұндай үрдіс, әрине, қаржы институт­тары арасындағы бәсекені күшейтіп, өз ке­зегінде банктердің цифрлық инфра­құ­ры­лымды жақсарта түсуіне жол ашады.

Сарапшылар банктердегі несие көлемі­нің депозитке қарағанда екі есе жылдам өсетінін де хабарлайды.

«Жанама көрсеткіш – бөлшек несиенің бөлшек депозитке қатынасын да ескермей кетуге болмайды. Соңғы екі жылда бөлшек несие портфелі шамамен 30-40 пайызға өсті, ал бөлшек депозит портфелі 2021 жылы – 22 пайызға, 2022 жылы 16 пайызға өсті. Бұл бөлшек несиелеу өсімімен салыстырғанда екі есе төмен. Алайда бөлшек несиелеу өсімі қарқынының баяулай бастауы алдағы кезеңдерде банк секторының дамуына оңынан әсер етуі мүмкін деп санаймыз. Ұзақмерзімді перспективада несие шығындарының құны 1 пайызға дейін төмендеуі мүмкін, бұл бұрын-соңды болмаған тарихи минимум», дейді Сергей Вороненко.

Бұл ретте бөлшек несие өсімінің баяу­лауына тұрғын үй қарызына деген сұраныстың азаюы және бөлшек сауда сегментіндегі реттеудің күшеюі ықпал етпекші. 

Қазіргі уақытта елдегі жеке тұлға­лар рәсім­деген несие көлемі 18 трлн тең­ге­ні маңайласа, қарыз алушылар саны – 8 мил­лион адам. Сарапшы сөзінше, елдегі несие қарызына қатты батқан аймақтар – ең ірі мегаполистер – Алматы, Астана және Шымкент екен. S&P Global Ratings есептеуінше, Қазақстанда халықтың 75 пайызында әлі төленіп бітпеген тұтынушылық несие бар. Сарапшы борыштың аймақтық тұрғыда да, жал­пы халық арасында да бөлінісі біркел­кі емес екенін айтады. Сонымен қатар үй шаруашылықтары жалпы қары­зы­ның ІЖӨ-дегі үлесі 13 пайыз болған. Оның айтуынша, табысы төмен халық­тың қарызды көптеп алуы банк секторы­на алдағы уақытта қиындық тудыруы мүмкін. Бұған қоса пайыздық мөлшерлеменің төмендеуі де халықтың несиеге деген тәбетін арттыра түсуі әбден ықтимал.

Сарапшы пайымынша, соңғы бір­неше жылда банк секторы құрылымы­ның өзгеруіне бірнеше фактор әсер етті. Олар – банктік бақылаудың күшеюі, бөлшек несиелеуге қатысты тәуекелдерді мей­лін­ше салмақты басқару, валюталық несие үлесінің азаюы. Қазіргі уақытта валюталық несие үлесі 2014 жылғы 35 пайыздан біраз азайды, қазір 10 пайыздан да төмен. Оның есесіне ипотекалық несие­леу үлесі артып келеді. Қазір оның үлесі – 35 пайыз. 2017 жылы 25 пайыз болған.

S&P сарапшылары алдағы бірнеше жыл бедерінде Қазақстан ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) төмендейтінін айтады. Аналитиктер дерегінше, 2024 жылы ІЖӨ – 4 пайызға өседі, ал 2025 жылы – 3,5 пайыз, 2026 жылы 2,7 пайыз болмақ. Биыл ІЖӨ 4,7 пайызға жетпек.

«Ең бірінші кезекте салық-бюджет саясатының қатаңдауына байланысты Қазақстанның экономикалық өсімі баяу­лауы мүмкін деп күтеміз. Біздіңше, инфляция 2023 жылы 14 пайыз болады және 2026 жылға дейін біртіндеп 5 пайызға түседі. Қазақстан экономикасының мұнай секторына шоғырлануы және Каспий құбыр консорциумының (КҚК) құбыр желісі арқылы мұнай экспорты – бұл ел экономикасы үшін осалдықтың негізгі факторлары», дейді дамушы нарықтар бойынша экономист Валерий Резвый.

Агенттік сонымен бірге, АҚШ, Қытай және Еуроаймақтағы экономика­ны не күтіп тұрғанына барлау жасайды. Олардың жорамалы бойынша аталған үш аймақта жақын арада монетарлық саясат қатаңдап, экономикалық өсім баяулайды, тиісін­ше инфляциялық тәуекелдер сақталады. S&P Америка экономикасының ішінара қызып кеткенін айтады. Бұған әсер еткен факторлар – қатаң еңбек нарығы, өте жоғары экономикалық өсім (2023 жылы үшін­ші тоқсанда экономикалық өсім 4,9 пайыз болды) және жоғары инфляция. Сон­дықтан 2024 жылдың соңында пайыздық мөлшерлеме тағы да жоғарылауы мүмкін дейді агенттік сарапшылары. Оған дейін ол жоғары деңгейде (қазіргі уақытта 5,2-5,5 пайыз) сақталады. Сонымен бірге агент­тік болжамы бойынша келесі жылы бұл көрсеткіш 4,5 пайызды құраса, 2026 жылға қарай 2,6 пайызға дейін төмендейді. Әрине, мұның барлығы белгілі бір деңгейде ел нарығына да әсерін тигізбей өтпейді.

Агенттік аналитиктерінің болжауынша, биыл жыл соңында долларға қатысты теңге бағамы 465 теңге болады, 2024 жылы 475 теңге маңайында қалып­тасуы мүмкін.

Сонымен қатар агенттік 2023 жыл­дағы Қазақстанның экспорттық көр­сеткіші 2,5 пайыздық өсумен тәмамдалса, 2024 жылы – 3,5 пайызға, ал 2025 жылы 3,7 пайызға дейін өсім көрсетеді деп болжайды.