Қоғам • 13 Қараша, 2023

Алдаберген асуы

253 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қаршадайынан ауыл-аймаққа шеберлігімен, суретшілігімен танылған Алдаберген тағы топ жарды. Ағаштан, матадан, тері мен жүннен, темірден неше түрлі бұйым жасайтын оған сүйектен ойып кәдесыйлар жасау, сақина-сырға, өзге де бұйымдар дайындаудың еш қиындығы жоқ. Бейнеу ауданының Сарға ауылында тұратын, осындағы Әліби атындағы мектепте еңбек пәні бойынша сабақ беретін шебер жігіт бұл жолы біз үшін аты азаптың, қиындықтың лебіндей есіп-естілетін Магаданға барып топ жарып, 1-орын алып оралды.

Алдаберген асуы

Магаданда қазанның 24-і мен қа­раша айының 1-і аралығында өткен IV «Әлем халықтарының сүйек ою өнері» фестиваліне алты ел мен Ресей федерациясының 23 аймағынан сүйек­тен түйін түйген 100-ден аса автор қатысты. Дәстүрлі халықтық өнерге қолдау көрсетіп насихаттау, дамыту және әр елдегі сүйектен бұйым жасаушылардың өзара байланысын, тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету мақсатындағы ауқымды жоба Ресей суретшілер одағы Қиыр Шығыс феде­ралдық округі басшылығының бастамасымен ұйымдастырылған.

– Астанадан Мәскеуге 3 сағат, Мәс­­кеу­ден Магаданға 9 сағат ұш­тық. Кезінде атам Бозжігіт айдауда бол­­ған Магадан немересі – мені қо­нақ ре­тін­де қабылдады. Итжеккенге баба­лары­мыздың қалай тірі жеткеніне, азап пен бірге суық ауа райынан қалай тірі келгеніне таңданысымды әлі шектей алмай жүрмін. Магадан қаласының солтүстігіндегі биік төбенің басына орналасқан «Маска скорби» деп аталатын саяси қуғын-сүргін ескерткішіне бардық, тұтқындар туралы қандай да бір дерек табылар ма екен деген оймен Магадан облыстық мемлекеттік архивіне бардым. Атам туралы мәлімет таба алмадым, әйт­се де елден «менің атам туралы дерек жоқ па екен?» деп хабарла­­сып жатқан көптеген жер­лесім үшін ар­хивпен қалай онлайн байланыс орнатуға болатындығын білдім, – дейді Алдаберген Жайлауұлы.

Алдабергеннің айтуынша, Амери­ка, Еуропа елдерінің шеберлері санк­цияға байланысты сайысқа қатыса алмаған, бірақ қызығушылық танытып, өз туындыларын ұсынғандар саны көп, байқаудың ауқымы кең болған.

– Көрмеден керемет әсер алып орал­дым, енді өзіміз үшін шеберлік деңгейін бір саты жоғары ұстауым керек. Мықты шеберлермен танысып, кәсіби біліктілігімді шыңда­дым. Келесі жылы өтетін фестивальға шақырту алдым, бұл маған үлкен ізденіспен тынбай жұмыс жасау керек­тігін ұқтырады, – дейді шебер.

Ауылға келе салысымен Маң­ғыстау облысының Астана қала­сындағы мә­дени күндеріне шақырту алған Алда­берген Тіленбаевтың «Адай кө­терілісі» инсталляциясы «Дала өрке­ниеті көшпелілер қол­өне­рінде» көрмесіне қойылды.

– Инсталляцияда Маңғыстау қа­зақ­­­та­рының отаршылдық жүйеге қар­­сы сынбаған асқақ рухы бейнелен­ген. Қазақ даласын жаулаған патша өкі­метінің атқан оғы Маңғыстау қа­зақ­тарының қалқанынан өткенмен, сүйе­гіне жетпеді, өр халық мәдениеті мен дәстүрін сақтай білді, туындыда осы ойды бейнелегім келді, – дейді автор.

Алдаберген шебердің жетістіктері аз емес, алайда Магаданда 27 елдің мық­тыларына шаң қаптырып, топ жаруы әзірге ең үлкен жетістігі. Бұл – бола­шағына жасалған тағы бір баспал­дақ екені анық.

       

Маңғыстау облысы