Қаржы • 15 Қараша, 2023

Ұлттық валюта және банк секторы бүгіні мен келешегі

236 рет
көрсетілді
34 мин
оқу үшін

Мерейтой қарсаңында теңге және банк секторының ахуалын білікті сарапшылармен бірге талқыладық. Талқыға отандық бірнеше қаржы институтында жұмыс істеген білікті қаржыгер Асқар Елемесов, тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында отандық банк секторының аяққа тұруына елеулі еңбек сіңірген Берлин Иришев, қазіргі уақытта экономика және қаржы тақырыптарында сауатты сараптама жасап, нарық үр­діс­терін дәл байқап жүрген сарапшы Айбар Олжай және төл валютаның күн сайынғы әрекетін кірпік қақпай бақылап, оқырмандарын қаржы сауат­ты­лығы мен ақша нарығындағы ахуал­мен хабардар етіп жүрген Андрей Чеботарев қа­тысты.

Ұлттық валюта және банк секторы бүгіні мен келешегі

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

– 30 жылда отандық қаржы нарығы қа­лай дамыды? Тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарында банк секторының жағ­дайы қан­дай болды?

вап

Асқар Елемесов,
«АКРА» АҚ Қазақстан филиалының жетекшісі:

– Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасып даму ке­зеңінде Ұлттық валютаның қол­да­ныс­қа енуі – 1993 жылы қарашада тең­генің айналымға шыға­рыл­уы егемен Қазақстанды құру жолында ма­ңыз­ды оқиғалардың бірі саналды. Төл ва­лютамыздың болуы тәуелсіздіктің ал­­ғашқы ажырамас бөлігінің бір ныша­ны іспетті болды. Теңгенің алғашқы жыл­­дарында жылжымайтын мүлікті, кө­­­лікті, тауардың ірі партияларын сатып алу бойынша барлық дерлік мәмілелер мен келісімшарттар АҚШ долларымен немесе неміс маркаларымен (еуро енгізілгенге дейін бұл Германия Федера­тивтік Республикасының ресми валютасы болды) жүзеге асырылды. Сол ке­зең­де экономикамыз өте қиын жағ­дай­да еді, инфляция көрсеткіші жоғары, бюджет тапшы, көптеген кәсіпорын жабылып жатты.

90-жылдардың басында Кеңес дәуірі жүйесінің негізінде қалыптасқан мем­ле­кет­тік 5 ірі банк болды. Орта және шағын көлемді жүзден аса жекеменшік банк халыққа қызмет көрсетті. Ол кезде банк­тегі депозиттердің барлығы доллар­мен жи­нақталды. Теңгемен несие беріл­мей­тін.

Алайда бизнес өкілдері өз кәсібін ұлғайту мақсатында долларлық несие­ні жылдық өсімі ондаған пайызбен рәсімдей алды. Сондықтан жаңа қар­жы жүйесін құру үшін жалғыз мүм­кін­дік қолданылды: халықаралық стан­дарт­тар­ға мүмкіндігінше тез көшу қажеттігі туын­дады. Осы кезде Ұлттық банк ше­шуші реформалар жүргізді. Банктік қада­ғалау, бух­гал­терлік есеп және есеп­тіліктің үздік әлемдік тәжірибелерін енгізді (1995-2000). Нарықтағы ойын­­шылар санын күрт қысқартуды дұ­рыс деп тапты. Осылайша, жүйедегі тұрақсыздық жойылды. Бұл ұлттық валюта мен банк жүйесіне деген халық сенімін арттыра түсті. Нәтижесінде, отан­дық банк жүйесі XXI ғасырдың басында ТМД елдері бойынша ең үздік жүйе деп танылды. Бұл Қазақстанға бір­неше ірі халықаралық қаржы топта­ры­ның келуіне әсер етті.

Сол кезеңнен бері Қазақстан халық­ара­лық нарықтың бір бөлігі ретінде дами бастады әрі онымен бірге өсім мен құлдырауларды бастан өткерді. 2008 жылы әлемдік дағдарыс бізге де, басқа елдерге де соққы болды. Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс ауыр тиді. Дегенмен отандық қаржы жүйесі осы сынақтардың барлығына төтеп берді және жаңа шындықтарға азды-көпті бейімделе алды. Бүгінде отандық банк жүйесіндегі барлық депозиттің 70 пайыздан астамы теңгемен көрсетілген, бұл отыз жылдағы ең жоғары көрсеткіш саналады. Теңге шыққан кезден бастап Ұлт­тық валютамызға сенім деңгейі артты.

 

ва

Берлин Иришев,

қаржыгер, Parlink Consulting басқарушы серіктесі:

– Қазақстан тәуелсіздігін күтпеген жер­ден алды. Сол себепті тәуелсіз құ­ры­лымдарды құру мәселесі шұғыл жағдайда шешілді. Тиісінше, әрдайым тамаша шешімдер жасалды дей алмаймыз. Ол кездегі банк секторының экономика тәуелсіздігін қамтамасыз етуге шамасы жоқ еді. Өзім одақ тара­ғанға дейін ақ банк жүйесінде жұмыс істедім. Сексенінші жылдардың со­ңында Қазақстанда алғаш рет құры­лып отырған «Казвнешэкономбанкті» басқару туралы Мәскеуден бұйрық алдым. Сөйтіп, сол қаржы ұйымының дұрыс жұмыс істеуіне, дамуына еңбек сіңірдім. Ал егемендік жарияланған кезде бізде тиісті тәжірибе, білім, технология, резерв болды және оны тәуелсіз мемлекеттің қажеттілігіне бейімдеуіміз керек еді.

Одақ тарағаннан кейін елде қаржы ресурсының үлкен тапшылығы туын­дады. Қазақстан сол кездің өзінде экс­порт­тық ел болатын, ал экспорттан түс­кен табыс тікелей КСРО «Внеш­эконом­банкке» жөнелтіліп отырды. Түс­кен ақша сол жерде бұғатталып қалатын. Қазақстанға қайтып кел­мей­тін. Бізге, яғни Alem Bank-ке сол экспорттық тү­сімді тікелей алуға мүм­кіндік беретін логистиканы құру үшін көп жұмыс істеуге тура келді. Бұл өте қиын міндет еді. Бірақ бұл қиын­дықты да еңсере алдық. 1991 жыл­дың қазан айында біз француз банкінде корреспонденттік шот ашқаннан кейін Қазақстан терри­то­риясындағы одақтас кәсіпорын басшыларына жаңа банк реквизиттерін көрсете отырып, серіктестермен келі­сім­шарттарды қайта жасауға өтініш біл­дірдік. Әрине, бұған Мәскеу қарсы бол­ды. Бірақ ел басшыларының күш салуымен бұл үдеріс баяу болса да жүрді. Бұл – бір. Екіншіден, стратегиялық маңызды тауарларды сатып алуға қатысты мем­лекеттің ерекше қажеттілігі болды. Осы мақсатта біз Лондонда 100 млн доллар кредит алдық. Бұл бала­лар тағамы мен дәрі-дәрмек сатып алуға, ел экономикасындағы қиын мін­дет­тер­ді шешуге бағытталатын болды. Осы кезеңде экспорттық несиелеу бо­йынша көптеген келісімге қол қой­дық. Бұл жобалық қаржыландыру деп аталды. Яғни біздің кәсіпорындар не Германиядан, не Франциядан, не Бельгиядан құрылғы мен технология жеткізетін, сол елдердің компаниясы қаржыландыратын жобаны таңдайды. Біртіндеп нарықтағы тапшылық аза­йып, нарыққа шетел валютасының ке­луімен түйткілдер өз шешімін таба бас­тады. Кейін өз валютамыз пайда болып, сауда ынтымақтастығын одан әрі өрістетіп кеттік.

Сонымен қатар Қазақстанда алғаш рет батыстық банк технологияларының пайда болуы да Alem Bank-пен тікелей байланысты. Біз алғаш рет банк несие карточкаларын басып шығардық, банкоматтар орнаттық, сөйтіп есеп айырысу үдерісін жеделдеттік, түрлі қаржылық түсініктердің енетіні де осы кез. Мұның бәрі бұрын-соңды Қазақстанда болмаған батыс технологияларына тән еді.

– Теңге айналымға енген кезде сіз Alem Bank Kazakhstan басқарма төрағасы едіңіз. Төл валютаның на­рыққа кіруі банк секторына қалай әсер етті? Қаржы институтының қорына теңгені әкелу, теңгемен қар­жылық операцияларды жүзеге асыру, теңгемен несие беру, теңгемен төлем жасау үдерістері қалай өткізіле бас­тады?

Берлин Иришев:

– Әрине, егемендік алғаннан кейін ұлт­тық валютаға қатысты мәжбүрлі қа­жеттілік туындады. Өйткені рубль айма­ғында қала беретін болсақ, біз өзі­міздің барлық құндылығымызды жоғалтар едік. Мәскеу күні-түні ақша басып, оны ұшақтармен, тікұшақтармен өңір-өңірге жеткізіп, сатып алуға болатын нәрсенің бәрін сатып алып жатты. Сол кезде мемлекетте жалақы төлеу үшін, әртүрлі шұ­ғыл төлемдерді төлеу бойынша рубль мас­сасының тап­шы­лы­ғы бар еді. Рубль массасының тап­шылығына байланысты ірі кәсі­порын­дарда ереуілдер бола бас­тады. Мұның бәрі ұлттық валютаның қабыл­дан­уына алып келді. Төл валютаға қа­тысты шешім қабылдауға екі жыл уа­қыт кетті. Нәтижесінде, 1993 жылдың 15 қара­ша­сын­да төл валютамыз – теңге ай­на­лымға енді. Ол мемлекеттің Туы, Елтаң­басы, Әнұраны секілді бір рәміз болып саналады. Төл теңгенің арқа­сын­да банктерде өз елімізді, өз экономикамызды қолдайтын тамаша мүмкіндік пайда болды.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде 200-дей банк болды. Бірқатар банк басшылығында өзіңіз болдыңыз. Қазір банк саны 20-дан сәл асады. Осыншама көп болған банк саны неліктен қатты азайды, олар­дың азайып кетуіне не себеп болды?

Берлин Иришев:

– Иә, тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында отандық нарықта 200-дей банк болғаны рас. Бұл, меніңше, қадағалаушы органдардың білмеушілігінен туындаған жағдай. Яғни нақты талаптар, пру­ден­циал­­­ды нормативтерді сақтау болма­ды. 200 банктің басшылығындағы адам­дар­дың бәрі бірдей банкир де емес еді. Демек, талаптар мүлде қойылмады, қойылған күнде де тым төмен болды. Әлбетте, банк көп болған кезде өте қатаң бәсеке жүреді, бірақ бұл клиент­тер банктің сапалы қызметіне қол­жет­кізеді дегенді білдірмес еді. Тіпті ол банк­тердің аман-сау тұратындығына, банкке сал­ған салымдардың сақталарына да кепілдік жоқ болатын. Қадағалаушы орган осыншама банктің құрылуына жол бере отырып нарықты дағдарыс жағдайына түсірді. Соның салдарынан көп күттірмей банк құрылымында жаппай банкроттық басталып та кетті.

– Теңге бір кездерде нығайған секілді көрінгенімен, кей күндері әл­сіреп те кетіп жатыр. Төл валюта баға­мының тұрақсыздығына не себеп және оған қандай сыртқы және ішкі факторлар әсер етуде? Жалпы, қазіргі уақытта валюта нарығындағы ахуалды қалай бағалайсыз?

 

ваав

Айбар Олжай,

қаржы сарапшысы:

– Қазір теңге нарықтық таргетте. Биржадағы күнделікті алып сатуы­на байланысты бағам белгіленеді. Тең­генің сауда-саттығы алдымен Форексте өтеді. Одан кейін Қазақстан қор биржасының (KASE) сессиясы арқылы оның күнде­лікті курсы белгіленіп отырады. Тең­ге­нің не­гіз­гі фундаменталды бағамы мұнай бағасына байланысты, себебі мұнай бағасы жоғары болса, біздің экс­порттық түсімдер де жоғарылайды. Сөй­тіп, төлем балансы профициттік аймаққа шығады. Яғни бізге келетін ақша бізден кететін ақшаға қарағанда көбірек болады. Дәл осы кезде теңге кішкене нығая түседі. Қазіргі ортақ параметрі 470 деп алсақ, теңге 470-тен бері қарай күшейеді. Егер мұнай бағасы түсе бас­таса, ол біздің төлем балансына кері әсер етеді. Сырттан алатын импортымыз экспорттан асып кетеді де, теңгеге қысым күшейе бастайды. Сөйтіп, теңге бағамы 480, 490 бола бастайды. Мұнайдан бөлек, сыртқы саудада астық, металл позициялары да кішкене әсер етеді. Үлкен тауарлық биржадағы котировка, фьючерстердің барлығы теңгеге әсерін міндетті түрде тигізеді. Екіншіден, сырттан келетін инвесторлар бар, олар біздің теңгені сатып алып, РЕПО операцияларын жасайды, банк облигация­ларына салып, пайда табуға тырысады. Олар кете бас­таса, теңгеге деген сұраныс азаяды да, құнсыздану үдерісі қайта басталады. Сондықтан сырттан ойыншылар келіп, теңгеге ақша салып, теңгелік облигацияға отырғаны біз үшін пайдалы.

 

вавасс

Андрей Чеботарев,

қаржы сарапшысы, Finance.kz телеграм арнасының авторы:

– Алғашқы жылдары 4,5 теңге бол­ған теңге курсы экономикалық не­­гіз­дерге жауап бере алған жоқ, сол себепті де көп өтпей құнсызданды. Біз – макроэкономикалық әлсіз валю­та­мыз. Біз кері қарай 100, 200 па­йызға нығая алмаймыз. Біз импортқа тә­уел­ді экономикамыз, сондықтан тең­ге әлсірей берді. Тіпті долларға қа­тысты доллардың өзі (иә, біраз қызық ес­тіледі, бірақ шындығы сондай) әл­сі­реді. Соңғы 100 жылда доллар өзі­нің сатып алу қабілетінің 98 па­йызын жо­ғалтты. Ол да әлсіреді. Бұл – эко­но­миканың жалпы заңдылығы. 2-3 пайыздағы кішігірім инфляция экономиканы дамытуға ынталандырады. Біздің валютаға ақша массасының өсі­мі қысым көрсетеді. Біз әрдайым же­­ңілдетілген бағдарламаларға арнап жаңадан ақша басып шығарамыз. Сон­дықтан ұзақмерзімді перспективада, макроэкономикалық тұрғыда әлсіз валютамыз. Қысқамерзімді перспективада нығаюға қатысты мысалдарымыз бар, бұл – 2016, 2019 және 2022-23 жылдар. 2022 жылдың наурызында, соғыс басталғаннан кейін курс 512 теңге болды. Содан бері біз әлсіреген жоқпыз. Ұзақ мерзімде – әлсізбіз, қысқа мерзімде – біршама мықтымыз. Тіпті 400-ден де төмендеген кездеріміз болды. Демек, теңгені соншалықты әлсіз валюта деп айта алмаймыз. Мен ұлттық валюта төңірегінде бірнеше жыл бойы зерттеу жасап келе жатырмын, сонда түйгенім – одақтан шыққан елдердің ішінде ең мықты валюта Қырғызстанда (экономика көлемінің шағындығына байланысты) және Ресейде (экспорт көлемінің аса үлкен ауқымына байланысты).

 

Асқар Елемесов:

Ұлттық валютаның айырбас бағамы көп­теген фактордың әсерінен қалып­тасады. Олардың қатарында мұнай мен өзге де шикізат тауарларының бағасы, жаһандық нарықтардағы ахуал, АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі сияқты әлемнің жетекші орта­лық банктерінің саясаты, ел эко­но­ми­ка­сы­ның жалпы тиімділігі бар. Қа­зақ­стан (планетаның басқа елдерінің көпшілігі сияқты) әлем­дік ауқымда шағын экономика бол­ған­дықтан сыртқы факторлардың бізге қатты әсер ететінін түсінген жөн. Біздің валюта өткен ғасырдың 90-жылдарында көптеген объективті қиындыққа тап болды, ол өте құнсызданған кезең еді. ХХ ғасырда валюта нарығындағы дүрбелең аздап басылды. Дегенмен сыртқы факторлар әлі де шешуші рөл атқарды. Кейінгі жылдарды сараласақ, теңге тұрақты болды, дегенмен пандемия мен геосаяси жағдай айтарлықтай сыртқы тәуекелдерді тудырды.

 

Берлин Иришев:

Курстың нығаюы, курстың әлсіреуі – жекелеген нарықтық сәттер. Нақты жағдайды анықтау үшін орташа шұғыл курсты білетін мейлінше ұзақ кезеңді таңдап алғанымыз жөн. Теңге пайда болған алғашқы жылдарда долларға қатысты бағамы 4,52 болса, отыз жыл өткенде бұл бағам 100 есе қымбаттап отыр. Қазір 1 доллар үшін 470 теңге төлеуге тура келеді. Сондықтан арагідік теңгенің сәл-пәл нығайғанын жақсы не жаман деп талқыға салудың да мәні жоқ. Өйткені теңге 100 есе құнсызданып кетті. Бұл – өте қиын ахуал. Ұлттық ва­лю­таның құнын әлсірететін девальвация, инфляция жүріп жатқан кезде халықтың әл-ауқаты да күрт нашарлап кетеді. Тауар құнына қатысты да адекватты баға қалыптаспайды. Бұл жерде әрине, жа­ғым­сыз аспектілердің мысы басып тұр.

– Геосаяси жағдайлар (Ресей – Ук­раина, Израиль – Палестина) мұнай нары­ғына да әсерін тигізетінін аң­ғарт­ты. Мұндайда теңге қанша­лық­ты сезімтал?

Андрей Чеботарев:

Геосаяси жағдай мұнай нарығына, мұнай нарығы теңгеге әсер етеді. Бұл пандемия жылы мұнай бағасы барреліне 20-30 долларға төмендеп кеткен кезде айқын көрінді. 2022 жылы басталған геосаяси қақтығысқа байланысты тағы әлсіреп кеттік. Қазір болып жатқан Израиль – Палестина ахуалы бізге әсер етіп жатқан жоқ, бірақ жалғасып жатқан Ресей – Украина шиеленісі әсер етуде. Сонымен қатар қазір көрініп отырған валюта бағамы – 2022 жылы ақпанда басталған соғыстың салдары. Егер соғыс болмағанда қазіргі валюта бағамы 420, 410 маңайында болар еді.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарын­дағы теңгенің долларға қатыс­ты бағамымен қазіргі кездегі баға­мын салыстырып жатады әдетте. Мы­салы, ол кезде 1 доллар 4 теңге тұрса, қазір 460 теңге тұрады дегендей. Бұл солай болуға тиіс табиғи құ­бы­лыс па еді, әлде біз шын мәнінде тең­гені осыншалықты әлсіретуге жол бе­ріп алдық па?

Айбар Олжай:

– Жалпы, теңгенің құнсыздануы – табиғи үдеріс. Одан басқа жол да жоқ еді. 30 жыл ішінде доллардың өзі құнсызданған. Инфляцияның өзі де 30 жыл ішінде біраз өсті. Ол теңгеге міндетті түрде әсер етеді. Сондықтан валюта құнсыздануын заңдылық деп қа­былдауымыз керек. Әңгіме валю­таның құнсыздануында емес, девальвацияның қалай жүргендігінде, бір күнде ауысып кету үдерісі болды ғой. Бұл ха­лықтың сеніміне селкеу түсіріп алды. Валюта шок режімде емес, нарық жағдайында құн­сызданса, ақырын қадам­дармен жүруі керек. Біз үшін де солай, шок болып емес, біртіндеп на­рықтық параметрлерімен жылжып отырғаны маңызды.

– 2000 жылдардың бас кезінде банк секторы ТМД-дағы алдыңғы қатарлы саналған екен. Кейін және қазір біздің банк секторы сол мәртебесін сақтап қала алды ма?

Асқар Елемесов:

– 2008 жылы орын алған әлемдік дағ­дарыс алдында Қазақстан банктері өңір­дегі ең үздік деп саналды. Ол кез­дері қаржы ұйымының барлығы жеке­меншікте болды. Жоғары сенім­ді­лікке ие бола отырып, шетелден үл­кен қаржы тартып, жылжымайтын мүлік нарығына инвестициялады. Сол кездері жылжымайтын нарық қарқынды дамып жатты. 2007 жылы баспана бағасының күрт арзандап кетуі банктерді күрделі қиындықтарға душар етті. Олар жағдайдан өз бетінше шыға алмады. Нәтижесінде, елдің бүкіл қаржы секторының құлдырауының қаупі төнді. 2009 жылы мемлекет араласуға мәжбүр болды және Ұлттық қордың есебінен жеке банктерді құлдыраудан құтқарды. Осылайша, Қазақстан банк секторының ТМД-дағы ең озық деп есептелуі тоқтады. Сонымен қатар 2013 жылға қарай елдегі нашар несиелердің үлесі әлемдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі болды.

Бірақ 5-10 жылда экономикадағы жаңа әлемдік үрдістер орын ала бастады. Ең алдымен, цифрландыру науқаны бас­талды. Қаржы саласы жаңа шешімдерді өте белсенді түрде енгізуге көшті. Пан­демия бұл үдерісті жеделдетіп, банк­тердің тиімділігі мен табысына қат­ты әсер етті. Жаңа мүмкіндіктерді уақытында пайдалану отандық нарық ойыншыларына өте тиімді болды, сондықтан кейбір ірі отандық банктер қазір өңірімізде және одан тыс жерлерде де озық болып саналады.

– Сіз тәуелсіздіктің алғашқы жыл­да­рындағы жағдайдан жақсы ха­бар­дарсыз ғой, айтыңызшы, отандық қаржы секторы өзінің ал­ғашқы бас­палдақтарын қалай басты? Ха­лықаралық стандарттарды ен­гізу­де, перспективалы қаржы жүйе­сі­не көшуде кімдер және қандай шаралар өз рөлін атқарды?

Асқар Елемесов:

– Әрине, ең алдымен, Ұлттық банк басшыларының сол кездегі тұтас буынына, жасаған реформаларына алғыс білдіруіміз керек. 90-жылдардың ортасында Қазақстан халықаралық стандарттарды енгізу жолымен батыл жүріп, жаңа ғасырдың басында тек ТМД ғана емес, сонымен қатар әлемнің ең серпінді экономикаларының біріне айналды. Ең алдымен, 1993-1996 жылдары Ұлттық банк төрағасы болған Дәулет Хамитұлы Сембаевты атап өту қажет.

– 30 жыл ішінде теңге дизайн тұр­ғы­сынан біршама өзгеріске ұшы­ра­ды. Төл валютамыздың қазір­гі кей­піне, яғни дизайнына көңілдеріңіз тола ма? Оған қандай да бір өзге­ріс ен­гізу бойынша өздеріңіздің ойла­ры­ңыз, ұсыныстарыңыз бар ма?

Берлин Иришев:

– Теңгенің қазіргі дизайны әдемі және оның сапасы мен келбетін нумизматтар да жақсы бағалайды. Бірақ теңге дизайнында мемлекет қайраткерлерінің портреті, фотографиясы болмауы керек. Өйткені жағдай өзгерген кезде мемлекет жаңа дизайны бар валюта басып үлгермейді.

Айбар Олжай:

– Мен көп елдің валютасын көрдім. Сонымен, салыстыра отырып айтар болсам, біздің теңге өте әдемі деп ойлаймын. Дизайны маған қатты ұнайды. Отандық дизайнерлер өте жақсы жұмыс істеген. Дизайнға өзгеріс енгізу бойынша менде ұсыныс жоқ, өйткені уақыт өте келе теңгенің қағаз жүзіндегі тағдыры үлкен сұрақ туғызады. Меніңше, 10-15 жылдан кейін банкноттар қағазға басылмайтын сияқты. Себебі цифрлы валюталар шығады. Соның ішінде цифр­лы теңге де бар. Өзімнің қағаз теңгені қолыма ұстамағаныма бір жылдан асып кетті. Барлық қаражат электронды әмиянда жатады. Қағаз теңгеге деген қа­­жет­тілік азайып барады. Технология да­мыған сайын қағаз банкнотқа деген сұраныс төмендейді, бірақ дизайнын сақтап қаламыз.

– Қазір банктер дамып, цифр­лы технологияларды белсенді ен­гізіп жатыр. Сіздің ойыңызша, банк сек­торының қазіргі даму көрі­нісі отан­дық қаржы нарығына қанша­лық­ты серпін беріп жатыр?

Асқар Елемесов:

– Бағалы қағаздар нарығының толық деңгейде дамымауы – еліміздің қаржы саласының жүйелі проблемаларының бірі. Бұл ретте мемлекеттік деңгейде өзіміздің рейтингтік индустриямыздың маңызды элемент болып қалыптаса алмауы қиындық тудырады. Сондықтан мен еліміздің әртүрлі қаржы институттарында жұмыс істеген отыз жылға жуық уақыттан кейін қазір Ресейдің жетекші рейтингтік агенттігі АКРА агенттігінің («Аналитикалық кредиттік рейтинг агенттігі» АҚ) қазақстандық кеңсесін дамытуға қолдан келгенше тырысып жатырмын.

– Сарапшылар кейде «бізге тым қатты нығайған теңге керек емес, ол экономика үшін аса пайдалы болмайды» деген пікір білдіреді. Бұл пікірмен келісесіздер ме? Әлсіз теңге не­лік­тен экономикаға пайда әкелуі мүм­кін? Тиісінше, теңге дәл қазір күрт күшейіп кетсе не болады?

Асқар Елемесов:

– Жалпы, валюта бағамының шамадан тыс құбылмалы болуы (тұрақ­сыз­дығы) экономиканың дамуына зиян тигізеді, соның ішінде инфляцияны күшейтеді. Сондықтан азаматтардың басым көпшілігі үшін теңге негізінен тұрақты болғаны жөн.

Айбар Олжай:

– Теңгенің болжанған таргеттенген мөлшері бюджетке салынады, мәселен, 470, 480 деп. Сол базалық сценарий бо­лып қалады. Үкіметке, әрине, есеп үшін, өзінің базалық жоспарын орындау үшін теңгенің құны сол базалық таргеттің маңайында болғаны өте тиімді. Теңге қатты күш алып кетсе, онда біз­дің валюталық түсімдерді теңгеге айырбас­тап азаматтарға зейнетақы, жәрдемақы, жалақы, шәкіртақы төлеу бойынша тапшылық туындап қалады. Сондықтан Үкіметке теңгенің қатты құлдырап кет­кені де, қатты күшейіп кеткені де қажет емес.

Андрей Чеботарев:

– Бір анық нәрсе бар, теңге әлсірей береді. Иә, күні ертең оның курсы 600 болып шыға келеді деп айта алмаймын. Жалпы, қашан 600 болатынын да айта алмаймын. Алайда күндердің күнінде 600-ге баратыны – анық нәрсе. Теңге курсы 380-390-ға жақындауы мүмкін, ал бір кездегі 180 теңге енді ешқашан қайтып оралмайды.

– Ұлттық банктің «цифрлы теңге» жобасын жасап жатқаны және оны алдағы жылдарда айналымға шы­ғар­ғалы отырғаны белгілі. Сіз­діңше, оның пайдасы мен тәуекелі толық­қан­ды есептелді ме?

Асқар Елемесов:

– Орталық банктердің цифрлық валюталары жалпы төлемді дамытудағы нағыз революцияны білдіреді. Бұл мәселеде Қазақстан әлемнің көптеген елдерінен озып, көш алдында келеді. Әзірге мемлекет деңгейінде цифрлық валютаны кеңінен енгізу жүзеге аспады. Сондықтан бұл қадамның пайдасы мен зияны туралы барлық пайымдаулар тек теориялық тұрғыда болып есептеледі. Кез келген жаңа технология сияқты қолданудың сәттілігі алдымен мемлекеттің іс-әрекеті қаншалықты ой­лас­тырылғанын, оның ішінде қажет­тілікті түсіндіруге және пайдалану қа­уіп­­сіздігі шараларына байланысты болады. Киберқауіпсіздік кез келген осындай бастама үшін маңызды қауіп болуы мүмкін. Өйткені мәселенің барлық басқа қырын Ұлттық банк жақсы түсінеді.

Айбар Олжай:

– Ұлттық банк цифрлы теңге жобасын 2021 жылы қолға алған еді. Енді 2025 жылы толық аяқтап бітпек. Қазір барлығы алдын ала жасалған жоспарға сай жүріп келе жатыр: тестілеу, модел­дерді қарау, қаншалықты өміршең екен­ді­гіне көз жеткізу деген секілді. Ұлттық банк барлығын дұрыс істеп жатыр деп ойлаймын, өйткені цифрлы валюта мә­селесі көптеген елде көтеріліп жатыр. Көш­тен қалған жоқпыз. Цифрлы валюта енгізгелі жатқан әлемдегі он елдің қа­та­рындамыз. Цифрлы теңге бола­шақ­та Ұлттық банктің ең үздік, ең тиімді жобаларының бірі болуы мүмкін. Қазір біз оның масштабын сезіне алмаспыз. Бірақ он жылдан кейін масштабты сезініп, мұның дер кезінде басталған жұмыс екеніне көзіміз жетеді. Себебі алдағы жылдарда цифрлы валютаға бәрібір көшеміз. Бұл – кәдімгі эмиссиясы, орталық банкі бар теңге, тек цифр­лы түрде болады. Цифрлы теңгенің нарықты көлеңкелі экономикадан шы­ға­руға үлкен көмегі болады, одан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күре­су­де көмектеседі. Себебі оның әрбір жолын қарап отыруға мүмкіндік бар. Экономикадағы статистикалық есеп­теу­лерде цифрлы теңге бізге үлкен мүм­кіндіктер ашады.

– Ұлттық валютаның алдағы даму­ перс­­пек­тивасына қатысты ой­ла­ры­ңыз қан­дай?

Асқар Елемесов:

– Теңгенің болашағы кез келген ұлттық валюта сияқты экономиканың жалпы жай-күйіне байланысты, оның бір көрінісі болып саналады. Қазақстан шикізат өндіру бағытынан алшақтап, қайта өңдеу саласын дамытқаны жөн. Халықаралық көлік жобаларына атсалысып, білім беру мен денсаулық сақ­тау салаларына инвестиция салып, адами капиталын арттыруы қажет. Сонда біз еліміздің болашағына, оның ішінде теңгенің болашағына үмітпен қараймыз.

Андрей Чеботарев:

– Теңге келешегінің валютаға деген сенім деңгейіне, курстық саясат сенімі деңгейіне көтерілгенін қалаймын. Дәл қазір осы Ұлттық банктің саясатына өте қатты жетіспей тұр. Бұл туралы Президент те бірнеше рет айтты. Біздің адамдар өз валютасын жақсы көрмейді, оған сенбейді, сондықтан бірдеңе болса доллар алуға жүгіреді. Сол себепті курстық саясатқа қатысты сенімді арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуі керек.

Айбар Олжай:

– Теңге өзінің 30 жылдығын жақсы қарсы алып жатыр. Біршама жолды жүріп өтті. Миссиясы мен функциясын дұрыс атқарып келеді. Ең бастысы, бәрімізде ұлттық валютаға деген сенім болуы керек. Өйткені бұл – біздің ұлтымыздың, біздің мемлекетіміздің ақша валютасы, тәуелсіздігіміздің бас­ты символы. Егемендігімізді сақтау үшін теңгенің болғаны өте маңызды. Теңгеден айырылмауымыз керек.

Әр банк­­­нот­тың ерекшелігі бар. Қазақстан теңгесі – әлемдегі ең жақсы қор­ғалған валюталардың бірі. Әсіресе но­миналы 20 000 теңгелік Қазақстан банк­ноты ең жақсы қорғалған теңге саналады. Онда 25 қорғаныш элементі бар екен.

«Әлемде алғашқылардың бірі болып осы элементті ақша белгілеріне енгізу, ұлттық валютаның дизайнын жетілдіру, жалпы теңгеде озық технологияларды пайдалану – қорғаныс қасиеттерін күшейтуге байланысты тұрақты жұ­мыс­тың бір бөлігі. Халықаралық банкнот қоғамдастығы (International Bank Note Society) 3 жыл қатарынан, 2011 жылдан 2013 жылға дейін қорғаныш элементтеріндегі қайталанбас дизайн мен ұтымды шешімдер үшін Қазақстан банкноттарын әлем бойынша үздік деп таныды. Бір елдің 3 жыл қатарынан марапат алуы 1961 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ұйымның тарихында алғаш рет болды. Жалпы, Қазақстан банкноттары әлемдегі қорғалған әрі әдемі банкноттардың бірі ретінде халықаралық аренадағы 10-нан астам марапатқа ие болды», делінген Ұлттық банктің Ақпарат және коммуникациялар департаменті баспасөз қызметінің бізге берген жауабында.

Департамент бізге мынадай қызықты деректерді ұсынады.

Ұлттық валюта банкноттары ерекше шықырлайтын арнайы қағазға басылған. Егер банкнотты саусағыңызбен сипап көрсеңіз, рельефті сезіне аласыз. Бұл – арнайы баспа техникасы.

Сондай-ақ барлық банкнотта көру қабілеті нашар адамдарға арналған ерек­ше рельефті элемент-белгілер бар.

Екіншіден, жарыққа ұстағанда көрі­­нетін ерекше белгі – банкнот но­мина­лының сандық бейнесін көре ала­сыз.

Банкноттағы жазулары бар үзік сы­зық түріндегі біртұтас магнит жо­лақ­қа да назар аудару керек. Жарыққа ұстап қарағанда, тұтас жолақ жазуымен анық көрінеді.

Үшіншіден, банкнотты аударып көру керек. Номиналы 1 000-нан 20 000 теңгеге дейінгі банкноттарда түсі өзгеретін бояумен салынған суреттер бар. Банкнотқа түрлі бұрыштан қара­са­­ңыз, суреттердің түсі де жасылдан ал­тын түске дейін құбылады.

2022 жылғы номиналы 20 000 теңгелік банк­нотта арнайы голографиялық жо­лақ бар. Жолақтың түсі құбылмалы және динамикалық әсері бар.

Халықаралық сарапшылардың пі­кі­­рінше, Қазақстан монеталарында ежел­гі монета соғу дәстүрі мен зама­на­уи тех­нологиялар сәтті үйлесім тап­қан. Ай­налымдағы монеталар да кол­­лек­циялық монеталар сияқты кәсіп­қой­лар мен коллекционерлердің жоғары баға­сын алған.

«Оған қазақстандық монеташы­лар­дың Базельдегі Дүниежүзілік нумиз­ма­тикалық конференция – көрмеге 2001 жыл­дан бері қатысып келе жат­қаны, Сан-Франциско, Сингапур, Бейжің, Берлиндегі көрмелер сияқты бедел­ді форумдарға қатысуы, сондай-ақ кол­лек­ционерлердің Ұлттық банк пен Қа­зақстан Теңге сарайының атына келіп түсіп жатқан көптеген сұрағы мен пі­кірі дәлел бола алады. Қазақстан моне­та­лары әлемдік каталогтерге енген, ну­миз­ма­тикалық құндылыққа ие», деп мә­лім­­дейді Ұлттық банк.

Теңгенің болашағына деген сенім үлкен. 30 жыл ішінде Ұлттық банк төлем нарығының жұмысын қалыптастыратын кешенді нормативтік-құқықтық база құрды.

«Сонымен қатар қазіргі заманғы ха­лық­аралық талаптар мен стандарт­тар­ға сай инфрақұрылымды – еліміз­де­гі банктер арасында жалпы есеп айы­­рысуды қамтамасыз ететін Ақша ауда­рымдарының банкаралық жүйе­сін және Банкаралық клиринг жүйесін табысты енгізді. Ұлттық банк­тің инфра­құры­лымында цифрлық био­метрия­лық идентификациялау қызметі сәтімен іске қосылып, жұмыс істеп тұр. Бұл жұмыстар нарық қатысушыларына кар­таны, интернет-төлемді, QR-кодты, мо­биль­ді банкингті және басқа да қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға негіз­делген инновациялық қызметтерді уақтылы енгізуге және өз клиенттеріне ұсынуға мүмкіндік берді», деді Ұлттық банк өкілдері.

 

Дөңгелек үстелді жүргізген – 

Абай АЙМАҒАМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»