Саясат • 16 Қараша, 2023

Бетбұрысты бекемдеген белес

137 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Былтырғы қасіретті қаңтар қоғамымызды дүр сілкіндіріп, тәуелсіздік жылдарында тындырылған істерді сыни тұрғыдан қайта бағалауға түрткі болды. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі жылдары еліміздің дамуына кедергі келтірген суперпрезиденттік билік жүйесінен өз еркімен бас тартып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын және Әділетті Қазақстан құру идеясын ұсынды. Ал 2022 жылғы 1 қыркүйекте жария­лаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында: «Мен биылғы күзде кезек­тен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегей­лі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет», деп мәлімдеді.

Бетбұрысты бекемдеген белес

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент манда­тының ұзақ­тығын 7 жылдық бір мер­зім­мен шектеу және қайта сайлануға тыйым салу жөніндегі бастамасы ешкім күтпеген тосын да аса маңызды жаңа­лық болды. «Бұл бастаманың не­гі­­зі қан­дай? Бір жағынан, 7 жыл – кез келген ауқымды бағ­дар­­лама­ны жүзеге асыру үшін жет­кі­лік­ті кезең. Екінші жағы­нан, Пре­зидент мандатын бір мер­­зіммен шектеу Мемлекет бас­шы­сының жалпыұлттық даму­­дың стра­тегиялық мін­дет­­терін ше­шуге барынша жұмы­луын қам­тамасыз ете­ді. Мен ұсы­нып отыр­ған конститу­ция­лық жа­ңалық билікті монопо­ли­зация­лау қаупін айтар­лық­тай азайтады. Дәл осы себепті, мен Президентті бір мер­зім­ге ғана сайлау нормасын ен­гізуді ұсынып отырмын. Біз билікті жасақтаудың және оның қызметін қамтама­сыз ету­дің өркениетті қағидат­тарын бе­кітуге тиіспіз. Жаңа прези­дент­тік жүйе саяси тұрақ­тылықты нығайтып, қоғамдық құ­ры­лыс­тың қазақстандық үл­гі­сін орнық­тырады», деді Мем­лекет басшысы. Осындай батыл да тағдыршешті қадамдар халқы­мыздың көңілінен шығып, еліміз­дің ертеңіне деген үміт отын лаулат­қаны анық. Өткен жылғы 20 қара­шада болған кезектен тыс Пре­зи­дент сайла­уында Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатура­сын сайлаушылардың 81,31 пайы­зы қолдап дауыс бергені – соның айғағы.

 

Алғашқы Жарлық – ауыл жайында

Мемлекет басшысы былтырғы 26 қа­рашада болған ұлықтау рәсімінен кейін, сол күні қол қойған №1 Жарлығын ауыл­ды көркейтуге арнап, Үкіметке 2023 жылғы 31 наурызға дейін Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдауды тапсырды. Оның мақсаты ауылдық аумақтарды дамыту тәсілдерінің инс­титуттық жағынан қамтамасыз етілуін дамытып, тиімділігін арттыру, ауылды жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту және жайлы өмір сүру ортасын жасау екендігі атап көрсетілді.

Аталған тұжырымдаманы Үкімет биыл­ғы 28 наурызда қабылдады. Онда 2027 жылы ауылды жерлерде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен тұрғындардың үлесін – 5,8 пайызға дейін азайту (2022 жылғы 3 тоқсанда – 7,3 пайыз), жұмыссыздық деңгейін – 4,2 пайызға дейін төмендету (2022 жылғы 4 тоқсанда – 4,9 пайыз), елді мекендерді сумен 100 пайыз жабдықтау (2022 жылы – 94,5 пайыз), Интернет желісін пайдаланушылар санын 97 пайызға дейін көбейту (2022 жылы – 91,7 пайыз), жай-күйі нормативтік деңгейдегі облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың үлесін  95 пайызға жеткізу (2022 жылы – 86 пайыз), шекара маңындағы аудандар тұрғындарының санын 4 миллионға дейін арттыру (2022 жылы – 3,4 млн) сияқты нысаналы индикаторлар белгі­ленген. Сондай-ақ даму әлеуеті бар 3,5 мың ауылдық елді мекеннің (АЕМ) инфрақұрылымын жаңғырту (оларда еліміздегі ауыл халқының 90 пайызы тұрады), ауыл тұрғындарының орташа өмір сүру ұзақтығын 73,5 жасқа дейін ұлғайту (2021 жылы – 70,8 жас), ауыл­ды жерлерде 655 денсаулық сақтау объектісін, 183 мектеп және 100 спорт ғи­маратын, 650 мәдениет ошағын салу және жөндеу көзделіп отыр.

Жұмыс күші жетіспейтін облыс­тар­­дың шекара маңындағы аумақта­рының демографиялық ахуалын жақ­сарту мақ­сатында қандастар қоныс­тан­­ды­рылатын өңірлердің тізбесінен Ақмо­ла, Атырау, Батыс Қазақстан об­лыс­та­рын, ал қоныс аударушылар келе­тін өңір­лер тізбесінен шекара маңы болып саналмайтын облыстарды алып тас­тау ұйғарылғаны – құптарлық ше­шімдер.

Тағы бір елең еткізген жаңалық – жұмыс күші тапшы облыстардың шал­ғайдағы солтүстік және шығыс шекара маңындағы ауылдық округтерінде жұмыс істеу үшін бюджеттік ұйымдарда сұранысқа ие мамандықтар бойынша жалақыға 50 пайыздық үстемеақы енгізу мәселесі қарастырылмақшы.

Мемлекет басшысы биылғы «Әді­лет­ті Қазақстанның экономикалық бағ­­дары» Жолдауында да ауыл шаруа­шылығы саласына ерекше назар аударды. «Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет», деді Президент.

Мемлекет басшысы өндірілген өнімді өңдеуге ынталандыру мақсатында Үкі­метке салық саясатын қайта қарауды тап­сырды. Сондай-ақ осы салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болатынын, экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұру үшін сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажеттігін айтты. Осы ретте «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы көрсетілген 100 млрд теңге мем­лекеттік қолдаудың нәтижесінде бүгінде 100-ден аса ірі сүт-тауар фер­масы салынып жатқан Солтүстік Қазақ­стан облысының жетістіктерін өзге өңірлерге үлгі етіп, құс фабрикаларын, көкөніс қоймаларын, ет өнімдерін шығаратын кәсіпорындар салған кезде де солтүстікқазақстандықтардың тәжірибесін басшылыққа алуды тапсырды. Ал Ауыл шаруашылығы министрі болып әдеттегідей «асфальтта өскен» теорияшылар емес, Қызылжар өңірінде ұзақ жылдар бойы шаруашылықты да, ауылдық ауданды да, өңірдің ауыл шаруашылығы саласын да табысты басқарған тәжірибелі маман Айдарбек Сапаровтың тағайындалғаны – осы салада алға қойылған айбынды міндетті жүзеге асыру үшін қисынды кадрлық шешім деп білеміз.

Мемлекет басшысының ауыл шаруа­шылығын дамытуда ірі компанияларға арқа сүйеу қажеттігі туралы пайымы тәуел­сіздік жылдарындағы өмір шын­ды­ғын және халықаралық тәжіри­бені талдаудан туындаған тәрізді. Себебі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы кеңшарларды жаппай жекешелендіру ауыл шаруашылығын құлдыратып,  ауылдардың көпшілігінің тоз-тозы шы­ғуына әкеліп соққаны мәлім. Ал кең­шарларын таратпай сақтап қалған Беларусь  бүгінде азық-түлік өнімдерін өндіру мен өңдеуде елеулі жетістікке жетіп, Еуразиялық экономикалық одақ нарығына бәсекеге қабілетті тауарларды молынан шығарып отыр. 

Биылғы жыл ауыл шаруашылығы үшін аса күрделі болғаны анық. Маусым-шіл­де айларындағы аптап ыстық пен қуаң­шылық, тамызда негізгі астықты өңірлерде басталған ұзақ жауын кей аудандарда төтенше жағдай туғызып, егін шығымдылығын кемітіп жіберді. Соған қарамастан орта есеппен әр гектардан 9,7 центнер астық жиналып, жалпы түсім 16,4 млн тоннаны құрады. Бұған қоса элеваторларда былтырғы жылдың 3 млн тонна астығы сақтаулы. Бұл халқымызды ас атасы – нанмен және ұнмен қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Ал табиғи апаттан зардап шеккен шаруашылықтарға Мем­лекет басшысының тапсырмасы бойынша субсидияны толық көлемінде төлеу, қаржы институттарының берген қарызын өтеу мерзімін айыппұл салмай ұзарту, форвардтық сатып алу және тауарлық кредит бойынша міндеттемелерді
1 жылға шегеру, астықты кептіру үшін 62,5 мың тонна дизель отынын жеңілдікті бағамен бөлу, азық-түлік корпорациясы арқылы 350 мың тонна бидайды тікелей сатып алу және оның ресурсы негізінде тұқым қорын қалыптастыру шаралары қолданылып жатыр.

 

Елден заңсыз шығарылған активтер – заңды иесінің игілігіне

Мемлекет басшысы қол қойған ал­ғашқы құжаттардың бірі – «Заңсыз шы­ғарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы» Жарлық. Онда Үкіметке мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, заңсыз шығарылған активтердің шы­ғу тегін ашу, растау және оларды қай­тару тетіктерін регламенттеуге, заң­сыз шығарылған активтерді қай­тару рә­сімдерінің ашықтығын қамта­ма­сыз етуге, заңсыз шығарылған актив­терді мемлекетке өз еркімен беруді ынталандыруға, активтерді заңсыз шығаруға ықпал ет­кен себептер мен шарттарды жою­ға бағытталған жүйелі шараларды қа­был­дауға, заңсыз шығарылған актив­терді қайтару мәселелері жөніндегі кон­сультативтік-кеңесші органды құ­руға, келіп түсетін заңсыз шығарылған активтерді жинақтайтын және оларды Қазақстан халқының әл-ауқатын арт­тыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржы­лан­дыру үшін басқаратын арнаулы мемле­кеттік қорды құруға бағытталған заң жобасын әзірлеу, заңсыз шығарылған активтерді анықтау және мемлекетке қайтару үшін шетелдермен және ха­лық­аралық ұйымдармен тиімді өзара іс-қи­мылды жүйелі негізде қамтамасыз ету, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдарға заңсыз шығарылған активтерді қайта­руға маманданатын бөлімшелерді ай­қын­­дау тапсырылды. Осыған орай Үкімет әзірлеп, Парламент депутаттары қызу талқылап, қабылдаған «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға Мемлекет басшысы биылғы 12 шiлдеде қол қойды.  Президенттің тапсырмасына сәйкес заңсыз иемденілген және шығарылған активтерді қайтару мәселелері бойынша ұсыныстарды тұжырымдау мақсатында арнайы комиссия құрылды. Оны Премьер-министр басқарады. Сондай-ақ Үкімет қаулысымен «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі құрылды. Оның жарғылық капиталының 100 пайызы мемлекетке тиесілі. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму жобаларын қаржыландыру мақсатында ақша түсімдерін есептеу және жұмсау үшін Арнаулы қор да құрылды. Оған түскен қаражатты бөлу туралы орталық мемлекеттік органдардың ұсыныстары Бюджет кодексіне сәйкес Республикалық бюджет комиссиясында қарала отырып, жүзеге асырылатын болады. Өз кезегінде, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Арнаулы қор қаражатының түсімдері мен жұмсалуы туралы ақпаратты жыл сайын жариялап отыратын болады. Бұған қоса Президент биылғы жылғы 5 қазандағы Жарлығымен Бас прокуратураның Активтерді қайта­ру жөніндегі комитетін құрды. Ол – Заң­сыз иемденілген активтерді мемлекет­ке қайтару мәселелері жөніндегі комис­сияның жұмыс органы.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттіктің мәліметіне қарағанда, 2022 жылдан бері бюджет пен квазимемлекеттік сектор субъек­тілеріне жалпы сомасы 857 млрд теңге­ні құрайтын мүліктік активтер мен ақша­лай қаражат қайтарылған. Соның ішінде 159,8 млрд теңге – шетелдерден қай­тарылған ақша. Нақты айтқанда, 36,8 млрд теңге Аустриядан, 116,7 млрд теңге Лихтенштейннен, 6,3 млрд теңге Біріккен Араб Әмірліктерінен, 253 млн теңге Түркиядан қайтарылыпты.

Қайтарылған қаржыға әлеуметтік нысандар, соның ішінде мектеп салу басталып кетті. Себебі өңірлерде үш ауысымды оқытуды болдырмау және тозығы жеткен білім беру мекемелерін жаңарту мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Осы орайда Парламент мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршиннің жуырда Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында: «Өңірлеріміздің тұрғындарын су, электр энергиясымен, жылумен қамтамасыз ету өте өзекті болып отыр. Өйткені энергетикалық нысандардың қазіргі жағдайы сын көтермейді. Кейбір нысандардың тозуы 100 пайызға жеткен, электр желілерінің тозуы орташа есеппен 66 пайыз болып отыр. Биылдың өзінде энергетикалық орталықтардағы апаттардың салдарын жою үшін респуб­ликалық бюджет резервінен Көкше­таудағы қазандықтарды жөндеуге 2,0 млрд теңге, Екібастұздағы жылу электр орталығына – 7,4 млрд теңге, Ақтаудағы МАЭК-ке – 4,9 млрд теңге, Риддердегі жылу электр орталығына 7,2 млрд теңге бөлінді. Әбден тозған энергетикалық жабдықтарды жаңалауға және Прези­дент­тің Жолдауында міндеттелген 14 ГВт қуатты салу үшін қомақты қаржы қажет. Ал қуаттарды тарифті өсіріп, халыққа жүктеме салып немесе бюджет арқылы іске асыру мүмкін емес. Өйт­кені азаматтарымыздың көпшілігі тапқан табысын күн көрісіне әрең жеткізіп отыр, бюджеттің де мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан тарифті көтеруден және бюджеттен басқа қаржы көздерін іздеуіміз қажет. Сондай қаржының көзі – елімізден әртүрлі жолмен шетелге шы­ғарылған миллиардтаған доллардай активтер», деген пікірімен келіспеу қиын.

Халықаралық рейтингтер бойынша Қазақстан капиталдың шетелге жылыс­татылуы жөнінен дүниежүзіндегі 20 елдің қатарына кірген екен. Сарапшы­лардың болжамына қарағанда, кейінгі отыз жыл ішінде елімізден 200 млрд-тай долларға тең қаржы шет мемлекеттерге шығарылған көрінеді. Де­мек, заңсыз шығарылған активтерді елі­мізге қайтарып, олардың заңды иесі – халықтың игілігіне жарату мәселесі күн тәртібінен түспек емес. Оған Мемлекет басшысы ұдайы назар аударып, өзінің тұрақты бақылауында ұстап отыр.

Түйіндеп айтқанда, былтырғы кезектен тыс Президент сайлауынан бергі аралықта өткен бір жылға жуық уақыт қай салада болсын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған саяси-экономикалық реформалар бағытының дәйектілігін аңғартып, еліміздегі түбе­гейлі бетбұрысты бекемдей түскен белес болды деуге болады.