Пікір • 15 Қараша, 2023

Тағы да кітап туралы

295 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейде кешқұрым жаяулатып «Мело­ман» кітап дүкеніне барамын. Жас­тар көп жүреді. Иә, орыстілді жас­тар. Біз де жаңа шыққан кітаптарды көруге, мұқабасы мен сапасын, безен­дірілуін байқау үшін кіреміз. Жақсы кітап көрсек, іштей қазақ­ша кітаптар да осындай форматта, сапалы шықса деп қызығасың. Енді бір ойың, кітап шығаруға керекті ең басты деталь – қағаз өндірмейтін елде баспа саласы қарқынды дами қояр ма екен дейді. Сөйтіп тұрғанда қазақша кітаптардың сөресіне жақындайсың: сол Абай, сол Бейімбет, сол Әуезов... Сырт көзге бү­гін­гі әдебиет өткен дәуірдегі классиктермен тоқтап қалғандай көрінеді (оның өзі оқылмайды). Жаңа заман әдебиеті жоқтың қасы. Сондықтан қоғам кітап оқы­майды деген – жаңсақ түсі­нік. Оқиды. Бірақ қазақ әдебиетін емес.

Қай заманда да ұстаздық ұлық ма­ман­дық саналған. Өмірге жаңадан қадам басқан, өмірді енді таныған жас өскіннің сауатын ашып, оқуға деген құштарлығын оятқан асыл ұстаздың қадірі де әрқашан биік. Жер бетінде мұғалімнен асқан білімді, мұғалімнен асқан ақылды адам жоқ сияқты көреміз. Жер бетінде ешкім кітап оқымай кетсе де мұғалімдер оқитын сияқты көре­міз. Бұл – заңдылық. Ал қазір, бай­қасақ, кітап оқымайтын, газет-журналға жазылмайтын мұғалім көп. Ең сорақысы, қазақ әдебиеті пәнінен бе­ре­тін мұғалімдердің өзі кітап оқы­май­ды. Бірақ оқымаған шығармасы туралы сас­пай сабақ өтеді. Жаттанды. Жоспардан ауытқымайды. Бұл сөзімнің шын мысалы – әрбіріңіздің әулетіңізде бір мұғалім бар екені сөзсіз. Және оның қазақ тілі мен әдебиетінен беретіні сөзсіз. Ол кейіпкер ауылдағы өз үйімде де бар. Мұндайда «сананы тұрмыс билейді» деген ақталу да артық болар. Парадокс. Ұстаз туралы қалыптасқан кіршіксіз таза ой, биік баға және шын өмірдегі білімсіз мұғалім.

Күні кеше ғана ел астанасында аламан айтыс өтті. Шешен халықтың бағзыдан келе жатқан ұлттық өнері қазір де кеңінен насихатталып-ақ жатыр. Ауыл-ауданның тойы болса да, ақын-жазушы, батырдың мерейтойы болса да басқасы болмаса да айтыс өтеді. Қазақ өзі тойшыл халық қой. Әлі де солай. Ешқандай думан айтыссыз, ат жарысы мен көкпарсыз, күрессіз өтпейді. Бағы озғанға көлік береді, қаржысы да аз емес. Біреу мұны мемлекеттің ұлт мәдениетіне жасаған қамқорлығы деп түсінер. Бәлки. Бірақ науқаншылдықтан туған бұл жиын-тойлардың тағылымы қайсы? Қоғамға не үйретеді? Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та: «Қазір «Тойың тойға ұлассын» деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес. Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек», деген еді. 

Шын мәнінде, науқаншыл мәдени мерекесі көп ұлттың руханияты қалай дамиды? Қазақша сапалы кітап шығаруға, оны оқытуға, сатуға талпынбайтын ұлт­тың руханияты қай деңгейде? Қазіргі әдебиеттен, газет-журнал оқудан, жалпы жазу-сызудан халықтың хабары жоқ­тығынан, жазып жүрген бәріміздің өз әлеміміз, ал рухани өмірден тым алыс қарапайым жұрттың өз әлемі қа­лып­тасты. Және уақыт өткен сайын қарапайым халық руханияттан алыстап барады. Бұл – қасірет. Ақынның өлеңін әдеби ортадағы қауымнан басқа жұрт оқымайды. Әрине, салыстырмалы түрде алғанда. Жазушының жан азабынан туған шығармасының да халі осындай. Түптеп келгенде, газет оқитын адам сире­ді. Ал журналистер кім үшін жазады?

Өз еркімен кітап сатып алып оқы­майтын, өз еркімен газетке жазылмайтын бүгінгі қоғамда ұлттық рухани қажеттілік неге төмен? Бұған бұйрық керек пе, жос­пар қажет пе?  Өз елімізде өзіміз биміз. Халыққа неге тәуір кітап шығара алмай жүрміз? Ұлтқа неге қазақша кітап, газет оқыта алмай отырмыз?