Үкімет • 18 Қараша, 2023

Үкіметте Шығыстағы су қоймалары мен жолды жөндеу барысы талқыланды

100 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың  төрағалығымен  Шығыс Қазақстан облысындағы  су қоймалары мен  автожолдарды  жөндеу мен  жаңадан салынатын әлеуметтік нысандардың жайы талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Үкіметте Шығыстағы су қоймалары  мен жолды жөндеу барысы  талқыланды

primeminister.kz

Үкіметте өткен кеңесте Әлихан Смайыловтың 6 қазанда Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде берген тапсырмаларын орындауға қатысты шаралар  қозғалды.

«Орталық мемлекеттік органдар мен әкімдік басшыларының қатысуымен облыстағы Қандысу және Үйдене су қоймаларын, сондай-ақ өңірдің суармалы жерлеріндегі шаруашылықаралық және шаруашылықішілік каналдарды күрделі жөндеу мәселелері талқыланды.  Премьер-министр жалпы республика бойынша көптеген су қоймаларын күрделі жөндеу қажет екенін, сондықтан бұл жұмысты кезең кезеңімен жүргізу керектігін атап өтті. Ең алдымен, басым жобаларға баса назар аудару керек», делінген ақпаратта.  Кеңес барысында Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салу, республикалық және жергілікті маңызы бар күре жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу, туристік нысандарға келушілерге  жағдай жасау үшін  жол инфрақұрылымын іске асыру мәселесі де талқыланды.

Үкімет мүшелері  «Алтай» көтерме-тарату орталығы, Риддер қаласындағы емханасы бар көпсалалы аурухана кешенін салудың жайын да  талқылады. Тау-кен металлургия кешеніне инвесторлар тарту, қолданыстағы су электр стансаларын жақсарту және жаңа шағын стансалар салу, жылу көздеріндегі жөндеу жұмыстарының барысын бақылауды қамтамасыз ету және басқа да бірқатар мәселенің  жайы айтылды.  Үкімет басшысы  осы жобалардың  уақытында орындалуын қадағалау қажеттігін ескертті.

«Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Марқакөл және Катонқарағай аудандарын қалпына келтіру жұмыстарын қамтамасыз етуді тапсырамын. Әкімдікпен бірлесіп, тапсырмалардың барлығын уақтылы әрі сапалы орындау үшін ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту қажет», деді Ә.Смайылов.