Табиғат – ана өзгеше бітім берген жыртқыш аңның саны әлемде жыл өткен сайын сиреп барады. Жер бетінде ілбістер мекендейтін 20 аймақ болса, соның екеуі – Қазақстандағы Жоңғар Алатауы мен Іле Алатауы. Бүгінгі таңда әлемде 4 мыңға жетер-жетпес ілбіс қалды деген дерек бар. Зоология институты тек ілбістердің ғана емес, сирек кездесетін барлық аң-құстардың тіршілігінен хабар беретін деректер базасын құрып, оны жан-жақты жетілдірумен айналысып келеді.
«Ортақ деректер базасы – жануарлар әлемінен хабар беретін бірегей алаң. Белгілі бір аумақта жануарлардың қанша түрі өмір сүретінін, олардың таралу аймағын, биологиялық ерекшеліктерін, көбею немесе азаю фактілерін, жойылып кету қаупіне ұшырауы ықтималдығын әрі оларға төнген қауіпті сипаттайтын жоба өз тиімділігін көрсетіп отыр. 2021 жылдан бері біз Солтүстік Тянь-Шань жануарлар дүниесі кадастрының электрондық базасын құруға бағытталған жобамен жұмыс істей бастадық. Деректер базасы жоба барысында жиналған мұрағаттық, әдеби және жаңа деректерді қамтыды. 2023 жылдың қазан айында Электронды мәліметтер базасы жануарлардың 948 түріне арналған 10 633 жазбаны құрады. Жобаның нәтижесінде, жануарлардың 3 550-ден аса түрі туралы ақпарат жиналды – ең кішкентай омыртқасыздардан бастап құстар мен сүтқоректілердің ең үлкен түрлеріне дейін. Мұндай ақпарат жануарлар популяциясының динамикасын талдау үшін, сондай-ақ болашақта фаунаның өзгеру тенденцияларын анықтау үшін маңызды», дейді Зоология институты бас директорының ғылыми мәселелер жөніндегі орынбасары Марина Чирикова.
Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, ғалымдар арқар саны артып бара жатқанын анықтаған. Бір кездері Солтүстік Тянь-Шаньда таралуы айтарлықтай төмендеген қоңыр аюлардың да саны арта бастапты. 1996 жылы Іле-Алатау ұлттық паркі құрылып, күзет режімі күшейгеннен кейін аюлар ежелгі мекеніне сирек болса да бас сұға бастаған. Осылайша, бірте-бірте өлкенің қауіпсіздігін сезген жануарлар мұнда тұрақтап қалған. Сарапшылар аю санының өсуі мен таралу аймағының бұрын өмір сүрген шегіне дейін көбейетінін болжап отыр.
Кейінгі 20-30 жылда түлкі популяциясы айтарлықтай өзгеріске ұшырамағанымен, Солтүстік Тянь-Шань бөктерінде пайда бола бастаған қорқаудың таралу аймағының кеңеюі байқалған. М.Чирикова жабайы аңның осы түрлері арасында бәсекелестік пайда бола бастағанын айтады. Зерттеушілер бұл факторларды анықтауға заманауи технология мүмкіндерін пайдалану арқылы қол жеткізген.
«Негізгі міндеттердің бірі – көптеген жыл бойы жинақталған жануарлар әлемі туралы барлық мәлімет пен жаңа деректі біртұтас дерекқорға біріктіру. Біз сондай-ақ жақын арада ашылатын және барлығына қолжетімді болатын электрондық порталда дерекқорымызды көрсеттік. Бұл уәкілетті органдар үшін де, барлық табиғат әуесқойлары үшін де тиімді. Деректер базасы Солтүстік Тянь-Шаньда жануарлардың қандай түрлері өмір сүретінін, олардың қай жерде таралғанын және қандай ерекшеліктері бар екенін білуге мүмкіндік береді», дейді ол.
Бұл тұрғыда еліміздегі қар барысы популяциясын зерттеу және қорғау үлкен мәнге ие. Халықаралық табиғатты қорғау одағының (ХТҚО) қызыл тізіліміне енген биіктікті сүйетін бекзат аңның еліміз үшін символикалық маңызы да ерек. Тірі жан тіршілік етпестей көрінетін құзар шыңдар мен тау мұздықтарын мекен еткен бұл аңның тарихына қатысты аңыз-әфсаналар жетіп артылады. Ежелгі парсы елінде барысты аңшылық үшін қолға үйреткен деген дерек бар. Түрік тілінен тәржімалағанда «ирбиз» сөзі «қар мысығы» деген мағынаға саяды. Халқымыз жыртқыштың өмір сүру салтына қарап «тау барысы немесе қар барысы» деп атап кеткен. Мысық тұқымдастар санатына жататын жыртқыш аңның дене тұрқы – 125-135, биіктігі – 60, құйрығы метрге дейін жетеді. Шұбатылған ұзын құйрығы тым сезімтал әрі аса сақ жануардың басқан ізін жасырып, қауіп-қатерден сақтайды. Ілбісті тау қабыланынан даралап тұратын да осы ұзын құйрығы болса керек. Ірілерінің салмағы 30-40 кг тартады. Денесінде сақина тәрізді қара дақтары бар, жүні қалың жыртқыштың түсі – теңбіл-шұбар, көк сұр.
Ең ғажабы, Солтүстік Тянь-Шань фаунасы – сүтқоректілермен қатар алуан түрлі құстардың, кеміргіштердің, шөпқоректілердің және жыртқыштардың жайлы мекені. Бұл түрлердің әрбірін қорғау – жануарлар дүниесімен айналысатын ғалымдар үшін жауапты міндет.
АЛМАТЫ