Аймақтар • 20 Қараша, 2023

Маңғыстау медицинасына тәжірибелік көмек

199 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қарашаның 6-10 аралығында Маңғыстау облысында Президент Іс Басқар­ма­сы Медициналық орталығының күндері өтті. Мамандардың айтуынша, бұл іссапардағы іс-шаралар Қазақстанның өңірлеріне жаңа медициналық білім мен технологияларды енгізуге, халыққа медициналық көмек көрсетуге, ішкі медициналық туризмді дамытуға, сондай-ақ ғылыми және клиникалық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.

Маңғыстау медицинасына тәжірибелік көмек

Іссапар аясында Президент Іс Бас­қармасы Медициналық орталығының өкілдері Маңғыстаудағы облыстық онкологиялық диспансер қызметімен танысты. Аурухана басшысы медициналық мекеме қызметінің стратегиялық бағыт­тары туралы баяндады, қонақ дәрігерлер өңірдегі әріптестерімен медицина саласындағы тәжірибелерін бөлісті. ПІБ Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой аурухананы аралап, КТ, МРТ, УДЗ, маммография, эндоскопия кабинеттеріне, сондай-ақ операциялық блоктарға, хирургия және реанимация бөлімшелеріне барып, дәрігерлермен кездесті.

Сондай-ақ осы орайда Маңғыстау облыстық ауруханасында жаңа бөлімше – облыстық көпсалалы ауруханада гос­питальдық фармация жұмысын ұйым­­дастыру мәселелері талқыланды. Госпитальдық фармация – дәрі-дәр­мек­терді басқарудың пациентке бағытталған және жекелендірілген моделі. Мамандар дәрі-дәрмек айналымына қатысты аурухананың барлық жағдайын зерттеп, басқарудың жаңа үлгісін ұсынды. Орын таңдауға қатысты мәселелер пысықталып, схемасы шаруашылық қызметімен, желдету қызметі және Төтенше жағдайлар департаментімен келісілді. Жаңа бөлімнің жұмыс ережелері, негізгі мақсаттары, штат саны әзірленіп, қажетті құрал-жабдықтардың тізімі дайындалды. Қызметкерлерді ақпараттандыру және лауазымдық міндеттерін нақтылау бойынша жұ­мыс­тар жүргізілді. Алдағы уақытта жұмысты онлайн режімде бақылау жос­парланып отыр. Қажет болған жағдайда қажетті мамандар шақырылады.

см

– Біз аурухана басшылығымен жаңа бөлімшенің жұмысын ұйымдастыруға қатысты барлық қажетті мәселені тал­қыладық. Жансақтау бөліміне, опера­циялық бөлімге, хирургия, кардиохирургия бөліміне бардым, диализ бөлімінде болдым. Дәріхана тексеріліп, осы саланы жаңарту бойынша ұсыныстар берілді. Сондай-ақ хирургия бөлімшесін медициналық мақсаттағы бұйымдармен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуді жақсарту жобасы ұсынылды, – дейді Ұлттық нейрохирургия орталығы госпитальдық фармация бөлімінің басшысы А.Төлепбергенова.

Төрт күнге созылған іссапар аясын­да нейрохирург, уролог, травматолог сияқты 28 жетекші маманнан құр­ал­ған дәрігерлер тобы Маңғыстау облыс­тық көпсалалы ауруханасында прак­тикалық және консультациялық-әдіс­те­мелік көмек көрсетіп, төрт күн ішінде дәрі­герлер 60-тан аса тұрғынға кеңес беріп, оннан аса күрделі операция жасады. Олар сондай-ақ медици­на­лық меке­мелердің 200-ден аса қатысу­шы­ла­ры­на практикалық сабақтар, шеберлік сабақ­тары, презентациялар мен дәрістер өткізді.

Іссапар Маңғыстау облысының әкімі Н.Ноғаевпен Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цойдың Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюымен қоры­тын­­дыланды. Келісім қала тұрғындарына дәрі­герлердің тегін консультацияларын, санаторийлік-курорттық емдеу және медициналық оңалту бойынша қыз­меттерді алуға, қажет болғанда жағ­­­дайда ауыр науқастарды емдеу­ге­­ мүмкіндік береді. Сондай-ақ ортақ келісім нәтижесінде өңірдің меди­ци­на­лық мекеме қызметкерлерін оқыту, ауру­лардың алдын алу, диагностикалау, жаңа медициналық технологиялар мен инновациялық әдістемелерін дамыту саласында тәжірибе алмасу туралы келісімге қол жеткізілді.

ПІБ Медициналық орталығының басшысы мұндай іс-шаралар жергілікті ауруханалар мамандарының біліктілік деңгейін арттыруға көмектесетінін, ал өңір азаматтары үшін қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Медициналық орталық қызметінің аясында білім беру, ғылыми зерттеулер, санитариялық-эпидемиялық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ денсаулық сақтау саласында инновациялық әдіс­терді іздеу және енгізу сияқты түрлі жобалар іске асырылып жатыр. Бүгінгі қол қойылған меморандум шеңберінде облыс әкімдігімен бірлесіп, жол картасы әзірленеді. Оның негізінде біз бірнеше жыл бойы өңірде денсаулық сақтауды дамыту бойынша белгіленген жоспарларды іске асырамыз, – деді А.Цой.

Маңғыстау облысының әкімі Н.Но­ғаев меморандумның алдағы уақыт­та өңір­дегі медицина саласының дамуына айтарлықтай ықпал ететініне сенім білдірді.

– Президент Іс Басқармасы Меди­ци­на­лық орталығынан келген басшылық құрам және хирург дәрігерлер, Маң­ғыстау облысына келіп, тұрғындарға кон­сультативті-диагностикалық көмек көрсетіп, жоғары деңгейдегі опера­ция­ларды жасап, көмеу көрсетіп жат­қан­дарыңызға үлкен алғыс білдіреміз. Ұлт денсаулығы – ұлттық дамудың басты құндылығы. Бүгінде елімізде денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға ерекше назар аударды. Соған сәйкес, Маңғыстау облысында да медициналық көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы артып келеді. Бүгінде облыс тұрғындарына 16 стационарлық және 61 мемлекеттік амбулаториялық-емха­на­лық медициналық ұйым халыққа қызмет көр­сетіп келеді. Өңірде 793 мың тұрғын бар, оның 500 425-і – мемлекеттік мекемелерге, 292 659-ы – жекеменшік мекемелерге тіркелген. Өңірімізде әлеуметтік маңыздағы аурулардың көрсеткішін төмен­дету бойынша жылдан-жылға тұрақ­ты оң динамика қалыптасып келеді. Биыл емдеу мекемелерінің мате­риал­дық-техникалық базасы 73 па­йыздан 92 пайызға дейін жетті, – деді облыс әкімі.

Н.Ноғаев Президенттің Маңғыстау облысына іссапары кезінде кадр тап­шылығы мәселесіне қатысты бе­рілген тапсырмаларын іске асыру бары­сында бірқатар жұмыс атқарылып жат­қанын атап өтті. Оның айтуынша, мамандар тапшылығын жою мақсатында 2023 жылға 198 облыс әкімі гранты бөлінді. Оның ішінде 68 бакалаврға, 97 интернатураға, резидентураға 33 грант бөлінді. Жас мамандарға біржолғы әлеу­меттік көмек көрсету мақсатында облыс­тық мәслихат шешімімен жергілікті бюджет есебінен 70 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Ауылдық жерге келетін дәрігер мамандарға 1,5 млн теңге көле­мінде біржолғы әлеуметтік көмек көр­сету жоспарланып отыр.

Маңғыстау облысында медицина саласын жаңғырту тек бөлінген қаражат көлемімен, түрлі заманауи құрал-жаб­дықтарды алумен, мамандардың жет­кі­лікті болуымен ғана жүзеге аспайды, дәрігерлік қызметтің сапасын көтеру дәрігерлердің өзіне тікелей байланысты. Жоғары кәсіби білім мен жан-жақтылық – ең басты және маңызды критерий. Сондықтан өз кәсібіне адал, білімді болуды әр дәрігер өзі нық ұстаным етуі керек.

 

Маңғыстау облысы