Мамандар құмар ойынмен қатар қаржы пирамидаларының құрығына ілініп, тірнектеп тапқанын алаяқтарға апарып берген азаматтардың саны артқанын айтады. Заңсыз ойын бизнесінің зардабын жоюға бағытталған кешенді шаралар қолға алынғанымен, жымысқы әрекетін жасырын түрде жүзеге асыратындар азаматтарды түрлі айламен тұқыртатын болған. Тіпті бұған жастар көп отыратын әлеуметтік желілердің әлеуетін пайдаланады. Жуырда ғана Экономикалық тергеу мамандары «ТикТок» желісінде заңсыз құмар ойын ұйымдастырушылардың қызметіне құрық салды.
Жауапты мамандар ойынға тәуелділіктің құрбандары көбіне жастар екенін, ал заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрестің нәтижесі тұрғындардың санасына байланысты екенін айтады.
«Оңай» ақшаны лезде ұтып аламын деген үмітпен адамдар көбінесе казино мен автоматтарға тапқан табысын салып жібереді. Жедел-тергеу тәжірибесі көрсеткендей, анықталған жасырын казинолар мен ойын мекемелеріне негізгі келушілер жастар болып отыр. Заңсыз ойын бизнесі мемлекеттік бюджетке ешқандай пайдасы жоқ және сонымен бірге қала тұрғындарының да қалтасын қағады. Халықтың құмар ойындардан бас тартуы қаскүнемдерді заңсыз табыстарынан айырады. Бүгінгі таңда казинолар мен ойын автоматтары залдары тек Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Бурабай ауданында орналастырылуға тиіс. Осылайша, аталған аумақтардан тыс жұмыс істейтін барлық ойын мекемесі өз қызметін заңсыз жүзеге асырады», дейді Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің тергеу басқармасының басшысы Сәкен Қондыбаев.
Жуырда өткен жедел-тергеу іс-шаралары барысында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың екі фактісі анықталған. Олар – бәс қабылдау, банктік аударымдар арқылы ұтыстарды есептеу және беру функцияларын қолдайтын онлайн құмар ойындар. Заң талабына сай ұйымдастырушылар 4 жылға бас бостандығынан айырылып, қаланың тағы да екі тұрғыны заңсыз ойын бизнесі саласындағы осындай құқық бұзушылықтар үшін 1,6 жылға темір торға тоғытылған.
Мемлекеттік орган өкілдері заңсыз ойын бизнесіне қарсы жұртшылықты жұмыла күресуге шақырды. Себебі қоғам белсенділерімен бірлескен профилактикалық іс-шаралар барысында бірнеше келеңсіздіктің беті ашылыпты. Заң өкілдері бұл іске кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдар, блогерлер мен БАҚ өкілдері де қолдау танытса дейді.
Жоғарыда атап өткеніміздей, қалада қаржы пирамидалары да өршіп тұр. Биыл осындай мақсатты көздеген алаяқтардың 376 интернет сілтемесі бұғатталған. Мемлекеттік органның мәліметінше, жыл басынан бері 9 қаржы пирамидасының («WBIC», «Robotex», «Hit Beat Music», «Qnet», «Chia Thai», «Bincloud», «S-Group», «Marqar», «Patin Coin») жолы кесілген. Әттегенайы, 3 мыңнан аса азамат осы ұйымдардың құрбаны болыпты. Алаяқтарды анықтауда жыл басында іске қосылған интернет-ресурстарды тексеретін «Байқа пирамида» Telegram-боты өз тиімділігін көрсеткен.
«Енді біздің азаматтар сайттар мен әлеуметтік желілерде қаржы пирамидасы белгілерінің бар-жоғын өз бетінше тексере алады. Бұл олардың «алаяқтық» схемаларға алдануына жол бермейді. Әзірленген өнім халық арасында үлкен сұранысқа ие екендігі қазірдің өзінде байқалады. Қысқа уақыт ішінде азаматтардан түскен 6 мыңнан аса өтінім қаралды, оларға бот автоматты түрде жауап берді», дейді Экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Жақсылық Мырзахан.
Қаржы пирамидасына кіру ерікті негізде және ешқандай құқыққа сүйенбей жүзеге асырылатындықтан, ешкім салынған қаражатты қайтаруға кепілдік бермейді. Алайда аяқталған қылмыстық істер де бар, онда азаматтар салынған ақшаны қайтарып алған кездер де болған.
Мәселен, биыл тағы да «Innova Gold», «IG Group KZ», «Qozgan, Tender», «Rich Beach», «Альфа Сейлс Консалтинг», «ESS Group» және «Qnet». «Energy Eolus Qazaqstan» қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, қаскүнемдердің бірқатары ұзақ мерзімге сотталған. Ал қаржы пирамидасына арбалғандарға келтірілген залал сомасы 259 млн теңгені құраған.
Мемлекеттік орган өкілдері атап өткендей, қабылданған шаралардың нәтижесінде экономикалық тергеу қызметі банк шоттарына, ұйымдастырушылардың жылжымалы және жылжымайтын мүліктеріне тыйым салған. Мәселен, «World Business Consulting» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық іс бойынша сегіз жәбірленушіге 126 млн теңге сомасында залал өтеліпті. Сондай-ақ «B2B Jewerly» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық іс бойынша 1200-ден аса зардап шегушіге 700,1 млн теңге сомасындағы қаржы қайтарылып, 2,2 млрд теңгені құрайтын мүлікке тыйым салынған.
«Ұйымдастырушылар сенімді азаматтарға жаңартылатын энергия көздерін және энергияны сақтау объектілерін жоспарлау, салу және пайдалану жобаларына ақшалай қаражаттарын салуды ұсынған. Осылайша, тәулігіне 2,7%-дан 3,4%-ға дейін, яғни айына 80 пайыздан аса және жылына 95 пайыздан аса табыс түседі деп уәде берген. Салым сомасы 30 доллардан 2700 долларға дейін жеткен. Жедел-іздестіру барысында 11 қалада, атап айтқанда, Ақтөбе, Астана, Көкшетау, Өскемен, Атырау, Орал, Қызылорда, Павлодар, Шымкент, Кентау, Семей қалаларындағы кеңселер анықталып, сондай-ақ ұйымдастырушылардың шетелде екені әшкере болды», дейді Жақсылық Мырзахан.
Оңай жолмен пайдаға кенелгісі келетіндер өз ойларын жүзеге асыру үшін түрлі тәсілдерді қолданатын болған. Жарнамаларында танымал адамдардың бет-бейнесін пайдалану, өздеріне сендіру мақсатында жаңалықтар порталдарының логотиптері мен дизайнын алға ұстайды. Мұндай күмәнді сілтемелерге кіріп, сауалдама толтырмаған жөн. Сіз сауалдама толтырған жағдайда, олар көп ұзамай қоңырау шалып, өздерін банктің немесе құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырады. Осылайша, сізге несие ресімделгенін немесе қылмыстық іс қозғалды деп алдайды. Адамның тосылып қалған шарасыз күйін пайдаланып, олар банктік деректерді біліп алуды көздейді.
Сондықтан әр азамат елімізде қарқын алып жатқан интернет алаяқтықтан сақтанғаны абзал. Соңғы кездері «Жалған қаржы» ұйымдарының ұсыныстарын тарату жағдайлары да жиілеп кеткен. Олар ақшаны мұнай өндіруші компаниялардың, белгілі банктердің және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ірі жобаларына жоғары және пассивті кіріс түседі деген уәдемен инвестициялауға шақыратын көрінеді.
Осындай келеңсіздікке тап болмас үшін, Экономикалық тергеу департаменті азаматтарды қырағы болуға және өз жинақтарын күмәнді қаржы ұйымдарына салмауға шақырды. Егер сіз немесе сіздің жақындарыңыз қаржы пирамидаларымен бетпе-бет келген жағдайда, Жібек жолы даңғылы 127 мекенжайы бойынша Алматы қаласының Экономикалық тергеу департаментіне хабарласыңыз немесе Cаll-орталығының 1458 нөміріне қоңырау шалыңыз.
АЛМАТЫ