Салтанатты іс-шара университет алдындағы М.Әуезов ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Спикерлердің құттықтау сөз бен баяндамалар рәсімінде алғашқы сөзді Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек алды. Министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
«Құрметті қауым, сіздерді М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің құрылғанына 80 жыл толуымен құттықтаймын! Осы кезеңде Әуезов университеті тарихы терең, дамуы мол іргелі оқу ордасының біріне айналды. Оқу орнының ұжымы білікті кадрлар даярлау ісіне, ғылымды дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Университеттің халықаралық және ұлттық рейтингтегі жоғары көрсеткіштері соның айқын дәлелі. Бүгінде оқу орны тың жобаларды жүзеге асырып, аймақтың қоғамдық-саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуына атсалысуда. Студенттер қауымы волонтерлік және жастар ұйымдарының жұмысына белсене қатысып, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетуде. Университет түлектері елімізді өркендету жолында аянбай тер төгіп жүр. Мұның бәрі оқытушылар мен қызметкерлердің еселі еңбегінің нәтижесі», делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Осыдан кейін министр 2023 жылдың 15 қарашасында Үкімет қаулысымен оқу орнына «зерттеу университеті» деген мәртебе берілді деген қуанышты хабарды жеткізді. Сондай-ақ білім ордасын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданғанын баяндады. Сала басшысының мәлімдеуінше, зерттеу мәртебесі университетке ғылым арқылы елдің индустриалды-инновациялық, әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, жоғары білікті кадрлар даярлауға мүмкіндік береді. Ал дамыту бағдарламасы ғалымдардың зерттеулерін коммерцияландыруға, зияткерлік меншік жүйесін басқарудың тетіктерін жетілдіруге, цифрлық экожүйесі бар смарт моделіне көшуге, студенттердің цифрлық негізде білім алуына жол ашады. Сонымен бірге 5 жылдық бағдарлама аясында жаңа зертханалар пайда болады, қосымша қаржыландыру артады, білікті кадрлар жұмысқа тартылады, зерттеу университеті болған соң профессорлық-оқытушылар құрамының коэффициенті жоғарылайды. Университеттің зерттеуші, индустриалды-инновациялық әлеуеті өте зор екенін, ол үшін зертханалар мен инфрақұрылым барын атап өтті.
«80 жыл ішінде университет бірнеше кезеңді бастан өткерді. Екінші дүниежүзілік соғыста КСРО-ның батыс аймағындағы үлкен химиялық институттар оңтүстікке көшірілді. Соның негізінде іргесі қаланған университет бұл. Президент тапсырмасымен 15 өңірлік жоғары оқу орындары қалыптасты. Соның шеңберінде ірі зерттеу орталықтары ашылады. Соның бірі – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті. Сондықтан енді қосымша қаржылар бөлінеді. Ол ғылыми зерттеу орталықтарын жаңартып, жабдықтауға жұмсалады. Бұдан бөлек Мемлекет басшысының тапсырмасымен шетелдік іргелі оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Биыл 4 университет филиалы жұмысын бастады. Өткен жылы да 4 филиал бой көтерген болатын. Жақында ғана Сеул ғылым және технология университетімен бірігіп, Қорқыт ата университетінде жасанды интеллект мектебі қалыптасты. Шымкент ірі қала болған соң мегаполиске лайықты мықты университет филиалын іздеп жатырмыз. Ол келесі жылы белгілі болады. Ал М.Әуезов атындағы ОҚУ – еліміздегі ең ірі оқу орындарының бірі. Студенттер мен ұстаздарды қосқанда адам саны 30 мыңға жуықтайды. Елімізде қазір демографиялық дүмпу болып жатыр. Соңғы үш жылда 1,5 млн жуық бала дүниеге келді. Бүгінде студенттер саны елімізде 600 мыңнан асса, 2030 жылы 1 млн үстіне шығады. Ең үлкен ауыртпашылық, әрине, оңтүстік өңірлеріне түседі. Сол себепті университеттің инфрақұрылымын жақсартып, қосымша оқу корпустары іске қосылды. Сондай-ақ Президент тапсырмасымен оқытушылар әлеуетін көтереміз. Жаңадан ашылған зертханаларға «Болашақ» бағдарламасымен оқыған түлектерді тартамыз. Университет жанынан кемінде 5-7 жаңа зертхана ашылады», деді С.Нұрбек.
Шымкент қаласының әкімі Ғ.Сыздықбеков сұрапыл соғыс жылдарында ашылған университет екі факультет пен екі кафедрадан басталып, бүгінде іргелі оқу ордасына айналғанын айта келе, ұжымды 80 жылдық мерейтойларымен шын жүректен құттықтады. Өз кезегінде әкім еліміздің Премьер-министрі Ә.Смайыловтың құттықтау хатын оқып берді.
Мінберге көтерілген М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры Д.Қожамжарова оқу орнының кешегісі мен бүгінгі жетістіктері жөнінде айтып өтті. Мәселен, университет құрылған алғашқы жылы мұнда 150 студент оқыған. Қазіргі таңда 30 мыңға жуық студентті қамтыған, 3 жоғары білім жүйесін топтастырған көпсалалы университет атанды. Жаңа зерттеу мәртебесі ғылым мен өндірісті, экономиканы бір-бірімен ұштастыруға мүмкіндік туғызады. Унверситеттің еліміздің ғылымына қосқан үлесі қаржылай есептегенде 5 млрд теңгені құрады. Оның ішінде коммерциялық бағыттағы, жас ғалымдардың, халықаралық мәндегі жобалардың жалпы саны 300-ден асады. Сонымен бірге мегаполистің дамуы, су, жерасты сулары, күн энергиясы тақырыбында біраз зерттеулерді қосуға болады. Ректордың айтуынша, жаңа мәртебе енді елімідің ғылым саласына жас ғалымдарды, білікті мамандарды лек-легімен шығаруға үлкен мүмкіндік сыйлайды. Әсіресе жасанды интеллект ғылымын меңгерген мамандар шоғыры қалыптасады. Сондай-ақ оқу орны шетелді қосқанда 38 университетпен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бүгінгі таңда Әуезов университетінде 1,5 мың оқытушы құрамы болса, оның 300-ден астамы ғылым кандидаттары.
Ал Парламент Сенатының депутаты А.Қапбарова М.Әуезов атындағы ОҚУ еліміздің оңтүстік өңіріндегі ең іргелі оқу орны болғандықтан, оған қосымша ұлттық университет мәртебесін беретін уақыт келді деген ойын білдіре кетті. Өйткені уиверситеттің тарихы терең, екіншіден, ғылым саласына қосқан үлесі мол, үшіншіден, алдағы уақытта ғылымды өрге сүйрейтін әлеуеті де жетеді. Сондықтан бұл шешім бойынша сенаторлар Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұстанымын, пікірін білуге дайын отыр. Сенат депутатының айтуынша, ғылымды дамытпай еліміз зияткер ұлт атана алмайды. Әлеуметтік, экономикалық, өндірістік саланы ілгерілету үшін бірінші кезекте оның ғылыми негіздемесі болуға тиіс. Тіпті кез келген реформада ғылыми зерттеулер жүргізілмей жаңғырту алға баспайды. Сол үшін салалар ең әуелі ғылыми тұрғыда зерделенуі керек. Сенатордың мәлімдеуінше, бүгінгі таңда жаңадан Ғылым туралы заң жобасы дайындалу үстінде.
Салтанатты басқосудағы құттықтаулар легінен соң Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Әзербайжан, Беларусь елдерінің ұлттық университет ректорлары мен өкілдері ғылым саласын дамыту мен әріптестікті күшейту бағытындағы зерттеу тұжырымдамаларын, ойларын ортаға салды. Жиын соңында сонау Нидерландтан келген ұлы жазушының немересі Зира Әуезова өз құттықтауын жеткізіп, аналық ақ тілегін арнады. Ал университеттің 80 жылдығына арналған мерекелік жиын «Түркістан» сарайында оқу орнының жас өнерпаздары ұйымдастырған концерттік іс-шараға ұласты.
ШЫМКЕНТ