Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Іске асырылған жобалар
АЭА-ның ашылғанына төрт жылдай уақыт өтті. Осы аралықта қандай инвесторлар келіп, қандай жұмыстар жасалып жатыр дегенге тоқтала кететін болсақ, сондай ауқымды болмаса да ауыз толтырып айтар жетістіктер барына көз жеткіземіз. Жуырда облыс әкімдігінде болған кеңесте АЭА-ның бүгінге дейінгі және болашақтағы жұмысы қаралып, талқыланды. Онда есеп бергендер АЭА-ның болашағынан үлкен үміт күтетіндерін жеткізді.
АЭА аумағында бүгінгі таңда 12 қатысушы тіркеліп, 3 жоба іске асырылып жатыр. Соның ішінде 2014 жылдан бері Қазақстан және ТМД елдері нарығына трансформаторлар шығаратын, бас кеңсесі Алматы облысында тіркелген «Алагеум электрик» компаниясы бар. Бұл компания бүгінге дейін республика бойынша өз өнімдерін шығаратын 2 мыңдай нысанды пайдалануға берген. Компания Петропавлдағы жобасын іске асыруға 10 млрд теңгедей инвестиция құйды, 150-ден артық жаңа жұмыс орындарын ашты, жұмысшыларына көпқабатты үй тұрғызып берді. Мұндағы жұмысшылардың орташа айлық жалақысы – 300 мың теңгенің маңайында. 2022 жылдың қорытындысы бойынша компанияның Петропавлдағы филиалы 3,2 млрд теңгенің 1 318 трансформаторын шығарды. Оның бәрі дерлік Ресей Федерациясына экспортталған. Биыл компания жұмысын еселеп арттырып, 5 млрд теңгенің 4 мыңдай трансформаторын шығарып отыр. Ал келесі жылы өнім көлемін 6 мыңға жеткізуді межелеген.
Екінші үлкен жобаны Германияның ауылшаруашылық техникаларын шығаратын атақты «Claas» компаниясы іске асыруда. Компания бүгінге дейін өндіріске 6 млрд теңгенің инвестициясын құйды, 70-ке жуық жаңа жұмыс орындарын ашты. Орташа еңбекақы көлемі – 400 мың теңгенің маңайында. 2021 жылдан бері кәсіпорын Петропавлда барлығы 946 бірлік ауылшаруашылық техникасын құрастырды. Соның ішінде биыл ғана 56 млрд теңгенің 521 техникасы құрастырылып отыр. Жалпы, «Claas» комбайндары Қазақстан нарығында 1993 жылдан бері қолданылып келеді. Олардың жоғары сапасына отандық диқандардың көзі әбден жеткен. Компания өзінің маркасын жоғалтпас үшін тетіктердің жоғары сапада жасалуын қатты қадағалайды. АЭА преференциялары мен жеңілдіктерінің арқасында бұл компания қазір өз өнімдерін отандастарымызға бұрынғы бағадан 27 пайызға арзандатып сатады. «Qyzyljar» АЭА басқарушы компаниясы директорының міндетін атқарушы Дулат Шарапиденовтің айтуына қарағанда қазір осы екі кәсіпорынның өндірісі өңірдегі машина жасау саласы өнімдерінің жартысына жуығын қамтып отыр.
Финляндияның «Sampo Rosenlev» комбайн шығаратын компаниясы бұрынғы «Шағын литражды қозғалтқыштар» зауытының аумағында жоғары технологиялы финдік комбайндар құрастыруға кіріскен. Мұнда жылдың аяғына дейін 100 комбайн жиналмақшы. Компания бүгінге дейін өндіріске 6 млрд теңге қаражат құйып, 85 жаңа жұмыс орнын ашты. Олардың еңбекақылары орта есеппен 350 мың теңгенің көлемінде. Мұнда қазір 22 комбайн құрастырылып жатыр. Кәсіпорын әр жыл сайын 100-ге тарта комбайн жинауды межеледі. Осы үш кәсіпорын да өңірдің ішкі жалпы өнімінің өсуіне елеулі үлес қосып отыр.
Арнайы аймақтың әлеуеті зор
Қазір «Qyzyljar» АЭА іске асырылып жатқан жобалардың ең үлкені – түріктің YDA Holding компаниясының 480 орындық көпбейінді ауруханасы. Мұнда құйылған инвестиция көлемі – 186 млрд теңге. Осынау қаражатқа 1365 жұмыс орны ашылады деп межеленген. Алайда құрылыс жұмыстары түрлі себептермен саябырлап қалған еді, тек қазір ғана қайтадан қолға алынды. Сонымен бірге жобалық-сметалық құжаттары нақтылану үстінде.
Тағы бір түрік компаниясы «Норд панелс» (Солтүстік панелдері) өндіріске 8 млрд теңге құйып, жылдық қуаты 50 текше метр болатын ламинатталған фанера шығаратын зауытты іске қоспақшы. Бүгінгі таңда оның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып қалды. Зауыт толық қуатында жұмыс істегенде 300 адам жұмыспен қамтылатын болады. Кәсіпорынды пайдалануға беру 2024 жылдың 1 тоқсанына белгіленген.
Арнайы аймақта еңбек етуге тиісті келесі кәсіпорын – немістің «Reimann» компаниясы. Ол ауылшаруашылық техникаларының тіркемелерін шығарады. Жобаны іске асыруға 1,5 млрд теңге құйылып, жылына 150 тіркеме шығару межеленген. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істегенде 80-ге жуық адамға жұмыс бермек. Айта кететін жайт, бұл компания немістің «Claas» және HORSCH компанияларымен әріптестік қарым-қатынас жасайды. Қазір кәсіпорынның құрылыс-монтаж жұмыстарының 95%-ы аяқталған. Қажетті құрал-жабдықтардың біраз бөлігі сатып алынған.
Сонымен қатар АЭА аумағында Германия мен Ресей инвесторларының «Казкран» кәсіпорнын ұйымдастыру да жүргізіліп жатыр. Бұл кәсіпорын өнеркәсіптің түрлі бағыттарына көтергіш крандар дайындайтын болады. Мұнда тартылған инвестиция көлемі – 2 млрд теңге. Кәсіпорынның жылдық қуаты 100 дана кран деп жоспарланған. Толық қуатына енгенде мұнда 150 адам жұмыс істейтін болады.
Арнайы аймақ аумағында жұмыс жасайтын келесі зауыттың өнімдері ерекше. Жұқа қабырғалы жеңіл құрыш конструкциялар (ЖЖҚК) зауытын Қазақстан мен ресейлік әріптестер бірлесіп іске асырғалы отыр. Мұндай зауыт Ресейдің Липецк қаласында бар екен. Мына кәсіпорын соның филиалы болмақ. Жеңіл құрыштан жасалатын конструкцияларды түрлі ғимараттар мен құрылыстарды тұрғызуға қолданады. Олар құрылысшыларға уақыт үнемдеуге және металлды азырақ қолдануға мүмкіндік береді. Зауыт толық қуатына енгенде жылына 4 мың тонна өнім шығаратын болады. Құйылған инвестиция көлемі – 2 млрд теңге, ал ашылатын жұмыс орны шамамен 40 шақты болады.
Арнайы аймақта отандық «TFA group» компаниясы жылына 37 млн дана өнім шығара алатын кірпіш зауытын салуды қолға алған. Оның құрылысына 9,2 млрд
теңге инвестиция тартылады. Толық қуатына енгенде, мұнда 140-тай адам жұмыс істейтін болады. Зауыттың негізгі жұмыстарын бастау 2024 жылдың І-тоқсанына белгіленген, қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жаңа жылда қандай жаңалық болады?
Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Илдар Смағұловтың айтуына қарағанда, «Qyzyljar» АЭА шетелдік инвестиция тарту арқылы өңдеу өнеркәсібінің 7 жобасын жүзеге асырмақ. Соның ішінде торт және нан өнімдерін шығаратын Ресейдің «Хлебпром» компаниясы 2024 жылдың сәуір айынан бастап құрылыс жұмыстарына кіріседі. Тартылған инвестиция көлемі – 37,3 млрд теңге, ашылатын жұмыс орны 370 деп белгіленген.
Отандық «Atameken-аgro» холдингі де 2024 жылдың ІІ-тоқсанынан бастап тәулігіне 1200 тонна өнім шығаратын май экстракциялайтын зауыттың құрылысына кіріскелі отыр. Холдингтің салатын инвестициясы – 19,4 млрд теңге, зауыт толық күшінде пайдалануға берілгенде 250 жұмыс орны ашылмақ.
Италияның Милан қаласынан келетін «PROSOL» компаниясы да 2024 жылдың ІІ-тоқсанынан бастап қызылшадан жемазықтық ашытқы шығаратын зауыттың құрылысына кіріспекші. Салынатын инвестиция көлемі – 3 млрд теңге, 40 адамдық жұмыс орны ашылады. Жобаның жылдық қуаты – 3 мың тонна.
Ал аймақтық «KazOilseed processing» аграрлық компаниясы тәулігіне 300 тонна сұйық май шығаратын зауыттың құрылысына кіріседі. Мұнда зығыр, рапс, күнбағыс шикізаттары пайдаланылады.
АЭА жеңілдіктеріне Мәскеу облысының «GORTEK» фирмасы да қызығушылық танытып отыр. Олар келесі жылы темірбетон құбырлары мен жол салу материалдарын жасауға кіріспекші. Бұл жобаның құны – 2,9 млрд теңге. Жылдық қуаты 30 мың тонна өнім шығаратын зауыт іске кіріскенде кемінде 40 адамға жұмыс табылады деп межеленген.
Бұлардан басқа отандық «Eco Par For» компаниясы ағаштан құрастырылатын тұрғын үй жиынтығын шығаратын жобаны іске асырмақшы. Бұл жобаның құны – 3 млрд теңге, ашылатын жұмыс орны – 25.
Омбының инновациялық технологиялар зауыты да 7 млрд теңге инвестиция құйып, жылу-энергетикалық жабдықтар шығармақ. Тұрғызылатын құрылыста 75 адам жұмыс істеп, жылына 100 дана өнім шығаруды межелеп отыр. Тағы бір ресейлік компания «Drive Systems» (Челябі) 3 млрд теңге инвестиция салып, моторлы редукторларды шығаруды көздейді.
Алыс шетелдер арасынан АЭА-ға Қытайдың Шандунь провинциясының «КАТ» фирмасы да қызығушылық танытты. Олар да 2024 жылы ауылшаруашылық машиналарын шығаратын кәсіпорын тұрғызбақшы. Бұл жобаның құны – 7 млрд теңге, ашылатын жұмыс орны – 150. Сонымен қатар Цзянсу провинциясынан «Xuzhou Construction Machinery Group (XCMG)» трансұлттық концерні жол құрылысы техникалары мен коммуналдық қызмет машиналарын шығаратын зауыт салуға ниет танытып отыр. Мұнда тартылатын инвестиция көлемі шамамен 3 млрд теңге болмақшы.
Міне, «Qyzyljar» АЭА атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар легі әзірше осындай.
ПЕТРОПАВЛ