Өнер • 22 Қараша, 2023

Тәлімді кеш

152 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кеңес Жұмабеков 75 жасын сахна төрінде қарсы алды. Сәкен театрында белорус драматургі Алексей Дудараевтың «Кеш» қойылымын сахналады.

Тәлімді кеш

Бұл қойылымның өзгешелігі сол, бас-аяғы үш кейіпкер сом­дайды. Үшеуі де – театр өне­рінің ірі өкілдері. Басты рөлде – Кеңес Жұ­мабеков. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Керей хан» аталып кеткен Қайрат Кемалов пен дарынды актриса Нұржібек Жансүгірова – сахнада. Осы бір мезетте премьераға келгендер де­мін ішке тартты.

Спектакль соғыс сойқа­ны­нан кейін шалғайдағы ауылда қалған үш қарияның өмірін баяндайды. Үшеуі де тағдырдың түрлі тауқыметін тартып-ақ баққан. Аштықты да, соғысты да көрген. Ең сорақысы сол, үшеуі де балаларына керексіз бо­лып қалған. Іздеп қалар деген жалған үмітпен күні бойы жол­ға жәутеңдейді. Алайда, жоқ...

Василий ақсақал (Кеңес Жұ­мабеков) «Балам әлгі геолог дей ме, бірдеме болып жұмыс істейді. Жердің үстінде әкесі жүргенде, астындағы бай­лықты неменесіне іздейді?», деп күйінген кезде көрермен таңдай қақты.

Қысқасы, кейіпкерлер жа­рық әлемнің махаббат мұңы, сағы­ныш шері, тасбауырлық тауқыметі жөнінде ой қозғайды.

– Бұл – тағдыры трагедияға айналған бейбақтар туралы спектакль. Балаларына керексіз болып қалған қариялардың мұң-зарын көреміз. Қазір қараусыз қалған қариялар көп. Қарттар үйіне барыңыз. Жүрегіңіз ауырады. Жастар осы қойылымнан тағылым алса деген тілегім бар. Аналар, әкелер жыламасын. Мына спектакль жоғары дең­гейде өтті. Жақсы әсер алдым. Ак­­терлер осы қойылымды жү­рек­пен, ыстық сезіммен ойнады, – дейді Қазақстанның ең­бек сі­ңір­ген қайраткері Болат Ұза­қов.

Өз кезегінде кеш иесі де көрермендерімен қауышқанына риза болып, алғыс жаудырып, бас иді.

«Мерейтойыма осындай сый жасап жатыр. Қуаны­шымда кө­рерменіммен қауыш­қаныма ра­зы­мын. Баршаңызға алғысым шек­сіз. Шамамыз жет­кенше қа­­сиетті өнерге адал болуға ты­­ры­­самын», деді Кеңес Жұ­ма­­беков.

 

Қарағанды облысы