Қоғам • 22 Қараша, 2023

Атакәсіпті жалғастырған жас

136 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Экономикалық зерттеулер институтының мәліметінше, кейінгі 10 жылда елімізде ауыл халқы мен ауылдық елді мекендер саны азайған. Ашып айтсақ, 2012-2022 жылдар аралығында ауыл тұрғынының саны 6,9-дан 6,3 мыңға дейін қысқарған. Көші-қон мәселесіне байланысты еңбекке қабілетті жастағы тұрғындар саны 4,1-ден 3,8 миллионға дейін төмендеген. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Осы орайда теңізге тамған тамшыдай, халқымыздың қанында бар кәсіпті дөңгелетіп, қырда мал бағып, жан баққан Өркен Базарбайды әңгімеге тартқан едік.

Атакәсіпті жалғастырған жас

– Өркен мырза, сұхбатымызды бала­лық шағыңыздан, өсіп-өнген өлкеңізден бас­тасақ.

– Еліміздің батыс өңірінде – Орал қала­­сында 1993 жылы дүниеге келдім. Ол кезде ата-анам әлі студент, шамамен екеуі де 19-да еді. Жас отбасы бол­ған­дық­тан, әрі тұңғыш немере деп қаза­қы жөн-жоралғымен мені ата-әжемнің тәр­бие­сіне берген. Осылайша, балалық шағым Тас­­қала ауданындағы Крушный канал ауы­лын­да өтті. 90-жылдардың соңына қарай бұл мекеннен ел қоныс аударып, бірте-бір­те­­ ауыл деген атынан айырылған. Сөй­тіп, жар­­­қыраған елді мекеннен жалғыз үй қал­ған­быз.

пав

Атам – Базарбай Геметдинов өз зама­нының үздік шопаны. Атам қазақы таным­дағы жақсы қасиеттерді бойыма сіңірді. Үш жасымнан атқа отырғызды. Жыл мау­сы­мының ауысуымен көштің жорал­ғы­ларын, суды қайдан тауып ішетінін, жеті атасын білуді, халық батырларының ерлік хикаяларын әңгімелеп, адамды жақсы ете­тін де, жаман ететін де тәрбие екенін ұғын­ды­р­ды.

Сабақты жақсы оқыдым. Дарын­ды­ балаларға арналған Сәкен Сейфул­лин­­ атындағы №11 облыстық маман­дан­­­дырылған мектеп-лицей-интернатын «Ал­тын­ белгіге» тәмамдадым. «Жыл оқу­­шысы», «Үз­дік географ» атанып, рес­пуб­­ликалық «ХХІ ғасыр көшбасшысы» бай­­қауының жүл­дегері болдым. Арман қуып Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың экономика факультетіне түстім, оны да үздік аяқтап, ма­мандығым бо­йын­ша­ жұмысқа тұрдым. Ізін­ше үйлендім. Ал­ғаш­қы екі жыл ауылда тұрдым, кейін өзім қыз­мет ететін жеке ком­па­нияның Атырау об­лы­сындағы филиалына директор болып та­ғайындалдым. Қайда жүрсем де, қаймағы бұ­зылмаған қазақы ортаны, бейғам ауылдың ты­ныс-тіршілігін сағынатынмын. Көкейді тес­кен сол ой мақсатқа қанат бітірді. Содан ата­кәсіпті жалғастырамын деп қырға көшіп келдім.

– Қазір жастардың дені мегаполис­терге қоныс аударып, жақсы қызметтің ба­сын ұстауды көздейді. Оған жетемін де­генше, ат тізгіндеп, мал баққан­нан гөрі темір тұлпарды қыздырып, кілтін айнал­ды­рып, түнімен жолаушы баққанды жөн көреді. Сіздің арман-мақсатыңыз ерек екен.

– 10 жасымда ата-әжемнің денсаулығы сыр беріп, олар қалаға, ал қырға ата-анам көшіп келді. Азын-аулақ қой, сиыр, көк атты баптады. Әкем де, анам да жоғары білімді педагог, биолог-географтар. Білесіз ғой, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдің күнкөрісі мәз болмады. Содан екеуі бір шешімге келіп, ауыл шаруашылығына бет бұрды. Ескі үйдің жанына жаңа үй тұрғызып, мал басын көбейтті. Кәсіптің оңайы жоқ. Біраз қиындық көрді. Майшаммен күнелтіп, бір-екі айда көк атпен ауданға барып, ас-ауқатын қамдап, керек-жарағын түгендеп отырды. Тұрмыс тауқыметі қажытса да, екеуінің бойындағы күш-жігері, төзімділігі қиындыққа қарсы тұрды. Осылайша, 25 жыл ғұмырын арнап, малды көбейтіп, үлкен бір қожалыққа айналдырды. Сол аралықта мен де қолғабыс еттім.

цйу

Ауыл – сан ұрпақтың киелі мекені, алтын ұясы, ырыстың бастауы. Ежелден ұлты­мыздың ұйытқысы саналады. Демек, ауыл мен қазақ ажырамас егіз ұғым. Осыны жаны­мен түсінген ата-әжем де, әкем мен анам да ауылдан алыстамады. Өкінішке қарай, қазір шопан таяғын ұстап қалар малшы да некен-саяқ. Қазіргі жастар мал бағып, қырда тұр­ғысы келмейді. Тіпті мемлекет тарапынан ауылдарды дамытуға арналған түрлі бағдарлама қолға алынса да, жағдай оңалмай тұр. Жұмыссыз жас­тар жыл сайын көбейіп келеді. Жаһан сағат тілімен жарыса ілгерілеп жат­қан уақытта бұл мәселе тереңдей түсетіні анық. Замандастарымды жазғырмаймын. Әркім­нің өз таңдауы бар. Алайда әлеуметтік желі­дегі «жылтыраған» өмір сенің жарқын бола­шағыңа кепілдік бермейтінін түсінсе деймін. Бойда жастықтың жалыны барда, буырқанған қызу күшпен екі қолға ептеп ермек керек. Кәсіп бастап, іс қылса, оның пайдасы көл-көсір. Атам мұра еткен шаруа­шы­лықты жалғауыма осы ойым себеп болды.

Қазір ауылдан 70 шақырым қашық­тық­тағы Жаңаауыл қыстақ-жайлауында әйеліммен мал баптап отырмыз. Әлі электр желісі тартылмаған. Жарықты күн батарея­сы арқылы қолданамыз. Күн шақырайып тұрмаса, оның қуаты күнделікті тұрмыстық техниканы, тіпті теледидарды көтермейді. Бірақ мендегі мақсаттың қанаты әлі биікте.

– Қандай мал түрлерін баптап отыр­сыздар? Қолдау шараларының шапа­ға­тын көрдіңіздер ме?

– Мемлекеттен қандай да бір субсидия, техника алған емеспіз. Өйткені ата-әжем­нің, кейін әкем мен анамның еңбегінен құрал­ған кәсіпке келдім. Негізінен ірі қара мал ұстаймыз, қой да бар. Бір түсінгенім, жыл­қы­ малын бағу оңай емес. Біздегі климат бас­қа өңірлермен салыстарғанда жайлы бол­ғанымен, жаздыгүні өрісте қаптайтын маса, сона тыныштық бермейді. Содан мал ше­кара асып кете ме деп алаңдап, соңынан іле­семіз де жүреміз. Кейде оған екі-үш күн ке­теді. Сондықтан көп бөлігін сатуға тура кел­ді. Қазір 2-3 үйір ғана алып қалдық. Оның өзінде GPS орнаттық. Өнім адал болу үшін­ де қамданыс керек. Мәселен, қой жүні өңдел­мес бұрын жік-жікке бөлінуге тиіс. Ал ол үшін өрістегі қойлар өз тұқымдарына қарай бөлек-бөлек жайылуы керек. Яғни асыл тұқымды мал өзге тұқымдастармен ара­ласып, сіңісіп кетпеуі қажет. Әйтпесе, жүн­нің сапасы да өзгеріске ұшырайды. Бүгін­де қойды қалай өсірмек түгіл, оны баға­тын адамның өзін таппай отырмыз. Бір ғана көмекшіміз бар, ол кісі де кейде кетіп қалады. Бар жағдайын жасасақ та, ақша­сына қолқабыс етер азаматтарды табу қиын. Басы-қасында өзің отырмасаң, олар да дұрыс қарамайды.

пр

– Әлеуметтік желіден әйеліңіздің бейне­­жазбаларын көрдім. Әсіресе Tik Tok-та нағыз ауылдың тыныс-тірші­лі­гін бүкпесіз баяндап, көрсетіп жүр. Жария­лан­ған әр жазба өте көп қара­лым жинапты. Республиканың түкпір-түк­пі­рі­нен оқыр­маны бар екен.

– Иә, әлеуметтік желіде оны көпшілік «мал­шы қыз», «ауылдағы журналист» деп таниды. Туған жері – Қостанай облы­сы­ның Торғай ауданы. Бірақ Батыс Қа­зақ­стан облысының ең шалғайдағы Жәні­бек­ ауданы Қамысты деген ауылында өсіп-өнді. Ол да мектепті «Алтын бел­гі­ге» аяқтап, елордадағы Л.Н.Гумилев атын­дағы ЕҰУ-дың журналис­тика және сая­с­аттану факультетінде оқыған. Теле­жур­на­лист болып, жаңалықтарды жүр­гізді. Бі­раз хабарларды тізгіндеді. Өзі пысық. Кез келген шаруаны үйіріп алып кетеді. Ал­­ғаш қырға барып тұрайық, ата­кәсіп­ті­ жалғастырайық дегенімде, бірден келі­с­і­мін берді. Үйінде қазақы тәрбие көріп өс­кен­ қыз ғой. Отбасылық өмірдің қызығы да,­ шыжығы да болады. Бірақ осы уақытқа дейін бірауыз сөзіме қарсы келген емес. Мен де оның пікірін ескеріп, ортақ шешім шы­ға­­рамын. Басында оған қиын болғанын біле­­мін. Әжем мен анамның бойында бар қай­­сарлық, төзімділік одан да табылды. Қара­­пайым малдан қорқатын. Кейін еті үй­­рен­ді. Қазір менімен ілесе малды суатқа ай­дап апарып суарады, суарып болған соң, қай­­та айдап әкеледі. Сиыр саууға да әбден ма­­шық­танды. Сүт тартып, қаймақ-май, ірім­шік, құрт, айран, көже дейсіз бе, бәрін бір өзі жасайды. Атқа мініп, мотоцикл, трактор ай­­дау­ды игеріп алды. Мал ауырып қалса, ин­тер­неттен себеп-салдарын іздеп, пышаққа ілік­­тірмей мүмкіндігінше өзіміз ем-домын жа­­саймыз. Қазір Шәрипа жуас мал болса, дә­­рі­­сін өзі еге береді. Биыл жазда анам екеуі 5 күн­де 200 қойды қырқып, жүн жуудың қыр-сы­рын үйреніп, кейін өзі әжептәуір көр­пе­ше жа­сап алды.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»