Экономика • 23 Қараша, 2023

ХВҚ: Келесі жылы Қазақстанның экономикалық өсімі 3-3,5% болады

165 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл Қазақстан экономикасының өсімі айтарлықтай орнықты қалыптасты. Жыл қорытындысы бойынша өсім көрсеткіші – 4,8 пайыз. Бұл – Халық­аралық валюта қорының Қазақстандағы миссиясының басшысы Николя Бланшенің берген бағасы және өсімге қатысты ХВҚ болжамы. Ол Украина­дағы соғыстың қайталама салдары ел экономикасына шектеулі әсерін тигізді деп санайтынын да айтты.

ХВҚ: Келесі жылы Қазақстанның экономикалық өсімі 3-3,5% болады

ХВҚ болжамы бойынша, келесі жы­лы Қазақстан экономикасының өсімі әлде­қайда қалыпты, яғни 3-3,5 пайыз дең­гейінде болады. Мұнайды шетке ысырып қойғанда, өзге сектор­лардың жалпы өсімге қосар үлесі жоға­рыда көрсетілген қалыпта бол­мақ. Оның айтуынша, белгілі бір дең­гейде экономикалық өсім бойынша оптимистік жорамал жасауға да болады. Алайда бұл үшін мейлінше жыл­дамдатылған реформа қажет дейді.

«Цифрлар биылға қарағанда тө­мен­деу қалыптасады. Мұның басты себебінің бірі – Теңіз кен орнын кеңейту жобасын жүзеге асыруға байланысты туындап отырған тежелу салдарынан мұнай өндірісі көлемінің төмендеп кетуі. Жалпы, ел экономикасы үшін басты тәуекелдер қатарында мұнай өндірісі көлемінің қысқаруы бар. Со­нымен бірге жаһандық жағдайлар, сау­да серіктестері, мұнайдың экспорттық жеткізілімі тарапынан туындайтын қиындықтар да бар. Бәрінен бұрын Ук­раинадағы соғыстың қайталама салдары және санкция салқыны қатты әсер етуі мүмкін», деді Н.Бланше.

Сарапшы сөзінше, ақпан айында 21 пайызға дейін шарықтап кеткен инфляция деңгейі төмендейді.

«Қазір ол 11 пайыздан төмен болып тұр. Жыл соңындағы ресми болжанған деңгейден сәл-пәл ғана жоғары тұруы мүмкін. Қалай болғанда да инфляция 5 пайыздық мақсатты көрсеткіштен жоғары сақталады. Бұл бірінші кезекте тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бойынша тарифтердің өсуіне және энер­гетикалық ресурстардың қымбат­тауы­на байланысты. Бұл факторлар ин­фляцияның әлі де жоғары күйде сақ­талуына әсер етуі ықтимал» дейді.

ХВҚ өкілдері банк секторының тәуе­келдері туралы да сөз етті. Ақша-несие саясаты жүйесі және капитал нарығы де­пар­таментінің аға экономисті Пьерпаоло Гриппаның айтуынша, кли­маттық тәуекел­дерді талдау көрсетіп отыр­ғандай, Қазақ­станның банк жүйесі ішкі және сыртқы тәуекелдерге ұшыраған.

«Бұл, әсіресе жылдам декарбонизация (төмен көміртекті «жасыл» экономиканы қалыптастыру) сценарийі шеңберінде тиісті шараларды жеделдетуге қатысты. Біз банк жүйесі үшін шығындар 5-7 жылдық жоспарлау көкжиегінде 30 пайыздан жоғары болуы мүмкін деп есептейміз. Сондықтан қиын күндерге қазірден даярлық жасау керек. Әрине қандай да бір қиын ахуал міндетті түрде туындайды деп айта алмаймыз, дегенмен ондай жағдайдың болуын да жоққа шығармаймыз. Билік бұған да­йын болуға тиіс. Әйткенмен жалпы банк жүйесін орнықты деп бағалауға негіз бар. Көптеген банкте капитал және өтімділік бойынша буферлік қор адекватты деңгейде. Біз тестілеп отырған төтенше дағдарыс сценарийінде орнықтылықтың қанағат­танарлық деңгейіне жету үшін мүмкін кейбір банктерге қосымша резервтер қалыптастыру керек шығар», дейді аға экономист.

Халықаралық валюта қоры Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) қаражатын пайдалану бастамасын да бағалады.

«Зейнетақы қоры қаражатын инфра­құрылымдық жобаларға инвестиция етіп беру туралы шешімді білеміз. Біздіңше, инфрақұрылымға бюджет қаражатын жұм­саған тиімдірек болмақ. Зейнетақы қоры есебінен қаржыландыру – жақсы тәсіл емес», дейді миссия басшысы Н.Бланше.

Қор еліміздегі жоғары салық мөл­шерлемесіне де қолдау білдіретін­дерін жеткізді. Н.Бланше мырза 2025 жылдан бастап енгізілгелі отырған, жаңа салық кодексін әзірлеу барысында көтерілгелі жатқан салық мөлшерлемесі жоспарын қолдаймыз дейді.

«Біз елде жүргізіліп жатқан реформаларды қолдаймыз және оған техникалық көмек ұсынуға дайынбыз. Қосымша құн салығы мөлшерлемесінің 16 пайызға дейін жоғарылауы басқа елдермен салыстыратын болсақ, онша жоғары емес және мұндай жағдайда са­лық­тық кірістер, әсіресе мұнайлық емес салық табысы көбеюі мүмкін», дейді ол.

Олар жеке табыс салығының қос сатылы жүйесіне қатысты да осындай ұстанымда екен. Қазіргі тәртіп бойынша жылдық табысы 40 млн теңгеден аз азаматтар үшін жеке табыс салығының мөлшерлемесі 10 пайыз деңгейінде сақталады, ал кірісі 40 млн теңгеден асатын азаматтар 15 пайыз салық төлейді.

«Салық кодексінің жаңаруына қа­тыс­­ты басқа да элементтерді қолдай­мыз, негізінен жеке табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу бойынша корпорация кірісіне салық салу бойынша үкіметке бірыңғай мөлшерлеме ұсынамыз. Сонымен қатар ХВҚ салық жеңілдіктерін алып тастау ұсынысын да қолдайды. Өйткені олар экономикада бұрмаланушылық тудырады. Біз әр кез салық жеңілдігінің қарапайым болуына қолдау білдіреміз», деді.

ХВҚ 2022 жылдың соңынан бері жүргізіліп жатқан зерделі ақша-кре­дит саясаты мен оған тұспа-тұс келген әлемдік азық-түлік бағасының төмен­­деуі баға қысымын едәуір жеңіл­дет­ті деп санайды. Қысқамерзімді перс­пекти­вада­ғы белгісіздік, жанар-жағар­май мен тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық қызметтерінің бағасы өсіп, инфляциялық күтулердің жоғары деңгейде сақталып келгенін ескере келе, ХВҚ ақша-кредит саясатын іске асыруда байыптылық ұстаны­мын сақ­тауды ұсынып, мерзімінен бұрын босаң­сытудың тәуекелдер туғыза­тынын баса айтты.