Қоғам • 24 Қараша, 2023

Әр өтінішке талдау жүргізіледі

179 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл мемлекеттік органдар мен ұйымдар азаматтардың 202,2 миллионнан астам өтінішін қанағаттандырса, оның 98 пайызы электронды түрде жүзеге асты. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жан-жақты айтылды.

Әр өтінішке талдау жүргізіледі

Инфографиканы жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Мемлекеттік көрсетілетін қыз­мет­тер сапасын бақылау және мем­ле­кет­тік аппарат қызметін бюрократиядан арылту мәселелері туралы баяндама жасаған Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов: «Агенттік мемлекеттік қызмет алушылардың құқықтарын қор­ғауға бағытталған алдын алу шараларына басымдық береді. Осыған байланысты жүргізілетін тексерулер қызмет берушілердің құқық­қа қайшы әрекеттерінің себептері мен жағдайларын анықтауға бағыт­тал­ған», деді.

Осы мақсатта өткізілген 195 про­фи­­лактикалық іс-шарада 45 мың­нан астам бұзушылық анықталса, оның 58 пайызы әкімдіктерге тиесілі бол­ған. Көрсетіл­ген бұзушылықтар са­ны­ның 51%-ы мемлекеттік қыз­мет көрсету мерзімдерін бұзу (18,8%), артық құжаттарды талап ету (29,5%) және негізсіз бас тартуға (2,8%) байланысты. Сондай-ақ жыл басынан бері агенттік сапасыз мемлекеттік қыз­мет көрсетуге қатысты 629 өтініш­ті қараған. Шағымдардың көп­шілігі мемлекеттік органдардың жер қаты­настары, сәулет, тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік қам­сыздандыру салаларында мем­ле­кеттік қызметтер көрсету кезін­дегі іс-әре­кеттеріне қатысты болып отыр. Өтініш­терді қарау қоры­тын­дысы бойынша 181 көр­се­ті­ле­тін қызметті алушының құ­қық­тары қал­пына келтірілген.

Спикердің айтуынша, келіп түскен әрбір өтінішке жан-жақты талдау жүргізіледі. Одан бөлек, азамат­тар­дың мүдделері мен сұраныстарын ескере отырып, көрсетілетін қызметті беру­шілердің жұмысы мен тиімділігі баға­ланады. «Қызмет алушылардың құқық­тарын проактивті түрде қорғау және қалпына келтіруге ерекше назар аударылады. Осылайша, қызмет алушылар­дың бұзылған құ­қық­тарын олардың өтініштерін күтпес­тен проактивті түрде қашықтан мо­ниторинг жүргізу жолымен қал­пына келтіру тәжірибесі іске асырылып келеді. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде бас тарту себеп­терін толық көрсетпеудің 571 фактісі анықталды. Профилактика мақ­са­тында мемлекеттік органдарға көрсе­ті­летін қызметті берушілер тарапынан болған жүйелі бұзушылықтарға жол бермеу жөнінде ұсынымдарды қарастыратын талдау жолданды», дейді С.Мүксімов. Айталық, жыл басынан 577 қызметкер тәр­тіптік жауапкершілікке, ал 298 мем­лекеттік органдар мен ұйымдардың басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мемлекет кірісіне 22,1 миллион теңге өндірілген.

Сонымен бірге агенттік жыл сайын қоғамдық мониторинг жүргізеді. Оның аясында мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қатыс­ты халық пікірі, мүддесі, ұсыныстары мен қалауы зерттеледі. Одан бөлек, «электрондық үкімет» порталында онлайн сауалдама іске қосылған. Онда кез келген азаматқа ұсынылған мем­лекеттік қызметтің сапасын өз бе­тін­ше бағалауға мүмкіндік қарас­ты­рылған.

Мемлекет басшысының тапсыр­ма­ларын орындау мақсатында агент­тік мемлекеттік аппаратты бюрокра­тия­дан арылту жөнінде шаралар қа­был­дап, бұл бағытта жүргізілген мониторинг пен талдау нәтижесінде 373 ұсыныс әзірленген. Бұл ұсыныстар бизнес-үдерістерді реинжинирингтеу, артық құқықтық рет­теуді, жоғары талаптарды алып тастауға, функцияларды орталықсыздандыруға және лауа­зымды тұлғалардың дербес жауапкершілігін күшейтуге бағытталған.