Экономикалық аймақтың әлеуеті
Әкімнің айтқандарын түгел тізбелеу мүмкін емес әрі қажет те емес. Ә дегенде біздің көңілден шыққаны – облыста метанмен жүретін жаңа автобустардың пайда болуы. Н.Ноғаевтың айтуынша, 30 заманауи автобус Ақтау қалалық бағыттары бойынша жолаушы тасымалдайды. Енді тағы 90 автобус жолға шықпақ. Жаңа қоғамдық көліктер жергілікті бюджеттен және өнеркәсіпті дамыту қоры АҚ қаражаты есебінен сатып алынған. Жобаның жалпы құны – 9,2 млрд теңге. Мұның тек 1,1 миллиарды ғана жергілікті бюджеттен бөлінген. Автобустар ауаны баптау жүйесі, бейнебақылау камерасы және мүгедек жандарға арналған пандуспен жабдықталған.
«Автобустарды отынмен қамтамасыз ету үшін облыста алғаш рет ерекше газ құю стансасы – метан стансасы пайдалануға берілді. Жаңа автобустардағы газ моторлы қозғалтқыштар ауаға тарайтын зиянды қалдықтар көлемін азайтуға және субсидиялау саласында бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға ықпал етеді. Бір жағынан метанды пайдалану сұйытылған газға жүктемені төмендетеді», дейді Нұрлан Ноғаев.
Маңғыстаудың ерекшелігі – теңіз жолына апарар бағыттың сағасы екендігі. Мұнда «Ақтау» және «Құрық» порттары бар. Бүгінде «Ақтау теңіз портында контейнерлік хаб салу» жобасы басталған. Хаб «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының (АЭА) базасында құрылмақ.
«АЭА аумағында хаб объектілерін орналастыру үшін ауданы 19 га жер учаскесі қарастырылған. Қажетті инвестицияның болжамды көлемі – 20,2 млрд теңге. Ақтау портында контейнерлік хаб салу құрылысын 2025 жылдың екінші тоқсанында аяқтау жоспарланған. Жобаны іске асыруға қатысуға «PSA International» (Сингапур), «Adani Group» (Үндістан), «Abu Dhabi Ports Group» (БАӘ), «Rhenus» (Германия) және «Ляньюньган порты» (Қытай) халықаралық компаниялары қызығушылық танытуда. Жобаның жүзеге асуы жүктерді ауыстырып-тиеу көлемін 3,8 млн тоннаға дейін және контейнерлерді жылына 300 мың бірліктен астам ұлғайтуға мүмкіндік береді», деді өңір басшысы.
Айтуынша, өз қызметін 2003 жылы бастаған АЭА-ға күні бүгінге дейін 290 млрд теңгеден аса инвестиция салынып, 2 500-ден астам жұмыс орны құрылыпты. Ондағы негізгі салалар – өңдеу өнеркәсібі, қойма шаруашылығы, логистика және туризм. 2024 жылы 75 жаңа жұмыс орны құрылмақ және 14,8 млрд теңге сомасына 2 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нақтыласақ, «НАФТА-Инжиниринг Қазақстан» ЖШС 600 млн теңге сомасына бұрандалы сорғы жүйелерін шығаратын зауыт салмақ. Бұл 25 жаңа жұмыс орнын құруға жол ашады. «Everest Techno» ЖШС 14,2 млрд теңге сомасына сорғы штангалары мен оларға муфталар шығаратын зауыт құрылысын бастауға дайын. Соның нәтижесінде 50 жұмыс орны ашылады.
Келешектегі әлеуеті қазіргіден де жоғары саналатын, биыл 8 айда 1,5 миллион тоннаға жуық жүк тасымалдаған «Құрық» портына серпін берер бірегей жоба – «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалы дейді Н.Ноғаев. Терминал Ақтау қаласынан 70 км жерде «Құрық» портының аумағында орналасқан. Жоба инвесторы – «Semurg invest» компаниясы. Қазіргі уақытта жобаға инвестор тарапынан қомақты инвестиция салынып, бірқатар жұмыс атқарылған. Жобаның жүзеге асуы порт аумағындағы жүктерді ауыстырып тиеу көлемін жылына 10 млн тоннаға дейін ұлғайтады. Сонымен қатар жүк айналымын арттыру үшін жаңа логистикалық жол құрылады және ел аумағы арқылы жаңа жүк ағындары пайда болады. Тиісінше Қазақстанның экспорттық бағыттары әртараптанады.
Жүйелі істе береке бар
Аймақтағы азулы мәселенің бірі – ауыз су. Халық санының өсуіне байланысты суға деген мұқтаждық та артып келе жатыр. Жаз айларындағы тапшылық тәулігіне 77,2 мың текше метрді құрайды екен. Мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін 2025 жылға дейін жалпы су тұщыту қуаты 136 мың текше метрді құрайтын 6 жобаны жүзеге асыру жоспарланған (жалпы құны – 202 млрд теңге). Су дегеннен шығады, энергетикалық жабдықтарының тозу деңгейі 81 пайызға жеткен «МАЭК» кәсіпорнының жағдайы да айрықша көңіл бөлуді қажет етіп отыр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша су тұщыту, бу-газ қондырғылары және турбоагрегаттар сияқты жабдықтарды салу және жаңғыртуға қатысты бірнеше негізгі жобаны іске асыруды көздейтін кәсіпорынды жаңғырту бағдарламасы әзірленді. Биыл кәсіпорынның өз қаражаты есебінен турбоагрегаттарға, қазандық агрегаттарына және қосалқы жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Маңғыстау облысы әкімдігінің резервінен тозығы жеткен жабдықты ауыстыруға 2,6 млрд теңге бөлінді. Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша жаңа жабдықтар мен жиындықтарды сатып алуға Үкімет резервінен тағы 4,9 млрд теңге бөлінді», деді әкім.
Өңірді газбен жабдықтау мәселесі де мәлімдеме аясынан тысқары қалмады. Былтыр өңірге 2,6 млрд текше метр газ қажет болған. Биыл қазанда ұзындығы 308 шақырым «Бейнеу-Жаңаөзен» магистралдық газ құбырының екінші желісі бойынша газ беру басталды. Соның нәтижесінде елді мекендер, ірі өнеркәсіптік нысандар, сондай-ақ Маңғыстау облысының негізгі энергетикалық кәсіпорны – жылу және электр энергиясын өндіретін «МАЭК» ЖШС тұрақты газбен қамтылмақ.
«Екінші желінің өткізу қабілеті – жылына 5,8 млрд текше метр. Бұған дейін «Окарем-Бейнеу» газ құбыры осы бағыт бойынша 3 млрд текше метрден астам газ айдаған. Енді екі газ құбырының жалпы өткізу қабілеті жылына шамамен 9 млрд текше метр болды. Мұндай көлем өңір қажеттілігін толық жабады. Сонымен бірге «Жаңаөзен-Ақтау» магистралдық газ құбырының 4 желісін салу жобасын іске асыруға республикалық бюджеттен 5,3 млрд теңге (148 км газбен жабдықтау желілері) бөлінді», деп ақпарат берді аймақ басшысы.
Кейінгі бес жылда облысқа 3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған. Биыл 10 айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға шамамен 840 млрд теңге салыныпты. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 45 пайызға артық. Жалпы, жыл басынан бері іске қосылған 12 инвестициялық жобаға 11 млрд теңгеден аса қаржы құйылған.
«Оның ішінде ет комбинаты, металл прокат, арнайы жабдықтар мен техника, сондай-ақ темірбетон мен антифриз өндірісі бар. Жыл соңына дейін жалпы құны 9 млрд теңге болатын тағы үш жобаны іске қосу жоспарланып жатыр. Бұл 90-ға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Алдағы үш жылда тағы 54 инвестициялық жобаны іске асыру күтіледі. Бұл жобалар өңір экономикасына 1,4 трлн теңге көлемінде қаржы тарту және 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында жоспарланған», деді әкім.
Халықтың әлеуметтік ахуалында жетекші рөл ойнайтын білім, денсаулық сақтау салалары да игіліктерден кенде емес дейді өңір басшысы.
«Жалпы, қазір өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғамдық-саяси ахуалы тұрақты. Біз осы экономикалық өсу қарқынын сақтай отырып, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, сондай-ақ тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін барлық қажетті шараларды одан әрі жалғастырамыз. Сондай-ақ Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеттерін сапалы әрі уақытында орындауға бар күш жігерімізді саламыз», деді Н.Ноғаев.