Салық • 28 Қараша, 2023

Қосымша құн салығы хақында

241 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейінгі бірнеше ай бойы қоғамда қосымша құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесін арттыру жайы қызу талқыланып жатыр. Ұлттық экономика министрлігі қосымша құн салығы мөлшерлемесін қазіргі 12 пайыздан 16 пайызға дейін арттыруды ұсынса, кәсіпкерлер бұған қарсылық білдіреді. Министрліктің мәлімдеуінше, ҚҚС мөлшерлемесін жоғарылату қазынаға түсетін табысты көбейтеді.

Қосымша құн салығы хақында

Коллаждарды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Алайда кәсіпкерлер, оның ішінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мұнымен келіспейді. Олар керісінше, ҚҚС мөлшерлемесін 12-ден 10 пайызға түсіруді ұсынып отыр.

«Бұл шара салық жинауды арт­тыруға, ақша қаражатының көлең­келі ағындарын азайтуға, демек, эко­номиканың өсуін жеделдетуге мүм­­кіндік береді. Салық­тың өсуі, ке­рі­сін­ше, тауарлар мен қыз­меттердің қым­­баттауына әкеп соғады. Халықтың са­тып алу қабілеті мен тұты­нушылық сұраныс төмендейді. Ең бас­тысы ІЖӨ өсу қарқынының нақты мәнде жылына 1 пайызға төмендеуіне әкеледі. 2005 жылы ҚҚС мөлшерлемесі тіпті 1 па­йызға төмендеген кезде ҚҚС бо­йынша жалпы түсім (ішкі өндірілген тауарлар, импортталатын тауарларға ҚҚС, сондай-ақ нөлдік мөлшерлеме бойынша ҚҚС өтеу сомаларын ескере отырып) 143 пайызға өсті», дейді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталов.

Оның айтуынша, ҚҚС төмендесе, салық жиналымының артатыны – бүкіл әлемдегі дәлелденген практика.

«Мұндай әсерді Өзбекстанның тә­жірибесінен де көруге болады. 2019 жыл­­дың қазанында Өзбекстан билігі ҚҚС мөлшерлемесін 20 пайыздан 15 пайызға дейін төмендетті. Үш жыл ішінде бюджетке ішкі тауарларға ҚҚС-тан түсім 2020 жылы 20,5 трлн сумнан 2022 жылы 32,8 трлн сумға дейін өскен. Сол кезеңде импорттан ҚҚС көлемі екі есе өскен. Ал биыл 1 қаңтардан бас­тап Өзбекстан Республикасы ҚҚС мөл­шерлемесін 15 пайыздан 12 пайызға дейін азайтты. Біз ҚҚС мөлшерлемесін көтеретін болсақ, Қазақстан Орталық Азияда салық режімі қолайлы ел мәр­тебесінен айрылады. Соның салда­ры­нан ұлттық экономиканың инвес­тиция­лық тартымдылығы нашарлайды», деді Р.Баталов.

Кәсіпкер, «Учет.кз» негізін қалаушы Максим Барышев салық салудың әлем­дік практикасын мысалға келтірді. Спикердің айтуынша, Қытайда ҚҚС мөлшерлемесі – 13 пайыз, Қырғызстанда – 12 пайыз, Оңтүстік Кореяда – 10 пайыз, БАӘ және Канадада 5 пайызды құрайды.

«ҚҚС мөлшерлемесі 10 пайызды құрайтын Оңтүстік Корея мысалы орташа салық жүктемесі қолайлы эконо­микалық ортаны құруға ықпал ететі­нін көрсетеді. Бұл шара елді әлемдік аре­надағы лидерлердің біріне айналдырды. Қазақстан посткеңестік кеңістік үшін үлгі болуға ұмтыла отырып, осы тәжірибеден сабақ ала алар еді. Рейганның президент болуы кезіндегі АҚШ-тың мысалы да үлгі. Рейган билігінің алғашқы үш жылында салықтар төмендетілген. Осындай ауқымды салық реформасы ұзақмерзімді экономикалық өсу кезеңін бастап, Америка экономикасына күшті әсер етті», деді М.Барышев.

Бұл орайда «Атамекен» ҰКП атынан кәсіпкерлер ҚҚС мөлшерлемесін өсіруге қарсылық танытып, инвестицияларды ынталандыру және бюджет шығыстарын оңтайландыру арқы­лы қосымша резервтерді іздеуге шақы­рады. «Атамекен» ҰКП мамандары мемлекеттік органнан ҚҚС есептеу моделі ұсынылған кезде Ұлттық палата елдегі кәсіпкерлікті одан әрі дамыту бойынша сараптамалық бағалау мен есептеулерді дайындауға әзір екенін де жеткізді.

Министрлік уәжіне қарайтын болсақ, ҚҚС мөлшерлемесін 16 пайызға дейін ұлғайту бюджетке қосымша 2-2,4 трлн теңге табыс алып келеді. Бұл шара өз кезегінде Ұлттық қор қаражатынан алынатын нысаналы трансфертті алмастырады дейді.

«Біз мұны талдап шықтық. Салық 20 пайыздан 12 пайызға дейін төмендеген кезде көлеңкелі экономика төмендеген жоқ. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінде қосылған құн салығы – 20 пайыз, ал көлеңкелі экономика – шамамен біздікіндей. Ресейде ҚҚС 18 пайыздан 20 пайызға дейін өсті, бірақ олардың инфляциясы, керісінше, төмендеді. Яғни бұл жақсы нәтиже берді. Олар өз ауыл шаруашылығын қолға алып, қазір белсенді дамып келе жатыр», дейді Ұлттық экономика ми­нистрі Әлібек Қуантыров.

Экономика сарапшысы Бауыржан Мұқанов министрлік мәселеге ресейлік бизнес тұрғысынан қарап отыр деп есептейді.

«Министрлік салықты көтеру себебін Ресейден келетін импортпен түсіндіреді. Ресей үкіметі Қазақстанға тауар сатқан ресейлік бизнеске экспорттың 20 па­йызын қайтарып береді. Осы орайда министрлік бізге 12 пайыз салық төлеген Ресей экспорттаушысы 20 пайызды өз үкіметінен қайтарып алады, нәтижесінде, 8 пайыз «плюсте» қалады дейді. Осы орайда маған түсініксіз болып отырғаны – министрліктің мәселеге ресейлік бизнес тарапынан қарайтыны. «Біз ҚҚС көтерсек те, олар шығындалмайды» дейді. Менің ойымша, ресейлік бизнес «плюске» кете ме, «минусқа» кете ме, ол бізді алаңдатпауы керек, біз үшін басты сауал – ҚҚС көтерілгеннен кейін отандық өндірушілерге қалай әсер етеді және халыққа қалай әсер етеді? Нарығымыздың аз бөлігін сүтпен, айранмен қамтып отырмыз. ҚҚС көтерілді екен деп бизнес гүлденіп, аталған өнім түрлері көбейіп кетпейді. Керісінше, тауар қымбаттайды. Ал ол инфляцияның өсуіне алып келеді. ҚҚС мөлшерлемесі көтерілуіне байланысты былтырдан бері әрең дегенде түсіріп алған инфляциямыздың көтеріліп кетуі ықтимал», дейді Б.Мұқанов.

Сарапшының сөзінше, министрлік айтып отырған 2-2,4 трлн теңге инфляция туындаған кезде бюджеттік төлемдерге (мұғалім, дәрігер жалақысы, шәкіртақы) бағытталады. Сонда ҚҚС-ты көтеріп тапқан табыс халыққа қайта беріледі де, қымбат баға нарықта қала береді.