Аймақтар • 29 Қараша, 2023

Шу өнерпаздарына шағын автобус бұйырды

171 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық өнер мен бабадан мирас болып қалған мұраны насихаттау мақсатында ұйымдас­тырылған «Мәдениет – асыл қазынам» атты аудандардың мәдениет күндері мәресіне жетті. Бірнеше ай бойы әр ауданға барып, мәдени іс-шараның басы-қасында болған комиссия мүшелері ақырғы шешімді шығарып, үздік деп танылған аудандар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Шу өнерпаздарына шағын автобус бұйырды

«Көне Тараз» этномәдени кешенінің көрме залында ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға өңір басшысы Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, мәдениет саласы қызметкерлерінің ерен еңбегіне лайықты баға берді. Сондай-ақ облыс әкімі бірнеше айға созылған мәдениет күндерінің маңызына тоқталды.

«Әсілінде, мәдениетсіз ел де, ұлт та болмайды. Ұлттық дәстүр, өнер, руханияттың берік негізі мәдениет саласымен астасып жатқанына ешкімнің таласы жоқ. Өңір дамуындағы айрықша маңызға ие саланы жаңғырту мақсатында «Мәдениет – асыл қазынам» атты мәдениет күндері барлық ауданда өткізілді. Көпшілікке өңір тарихы таныстырылып, дәстүрлі өнеріміз насихатталды.

ныко

Салада бұдан өзге де атқарылған жұмыс аз емес. Мәселен, «Өнер көзі – халықта» атты өнер ұжымдарының фестивалі қолға алынып, «Ең үздік» ауылдық мәдениет үйі мен әдістемелік кабинеттер іріктелді. Нәтижесінде, жұмыс ­жандана түсті. Өнер ұжымдарының жаңашыл­дық­қа деген ұмтылысы айқын байқалды.

Жамбыл өңірі – Ықылас Дүкенұлы, Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Аяз Бетбаев сынды ұлттық руханиятқа, мәдениетімізге мол мұра қалдырған тарихи тұлғалардың шығармаларын кеңінен дәріптеп келе жатқан тарихи өлке. Олардан өзге де талай өнер иелері өңір мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Әрқайсысы бір тауға айналған мәдениет майталмандарына деген құрмет, ілтипат, ізет деген ешқашан толастамақ емес.

Ықылым заманның ізін жалғайтын ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру – қашанда өзекті. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйле­ген сөзінде «Халқымыздың ата-бабадан ­мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман тала­бына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек», деп атап өткен болатын.

Реті келіп тұрғанда ақжолтай хабарды жеткізуді жөн санадым. Келесі жылы облысымызда «Айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер орталығы» ашылады. Бұл орталық та өңір мәдениетінің өркендеуіне сүбелі үлес қосады деп есептеймін.

Ұлттық мәдениет пен өнердің дамуына, рухани байлығымыздың еселене түсуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген барша мәдениет қызметкерле­ріне шексіз алғыс білдіремін. Әрқашан еселі еңбектің жемісін көріп, жаңа биіктерді бағындыра беріңіздер», деді Е.Қарашөкеев.

Іс-шара соңында «Мәде­ниет – асыл қазынам» атты облыс аудандарының мәдениет күндерінде үздік өнерімен да­ра­­ланған Шу ауданының ұжы­мы І орын иегері атанды. Де­рекке сенсек, аталған аудан әкі­­мі Бақытжан Жәнібеков аудан­­ өнерпаздарының жоғары деңгейде өнер көрсетуіне бар мүмкіндігінше қолдау көрсетіпті. Нәтижесі байқау қоры­тын­дысынан байқалып тұр. Жеңістің биік тұғырынан көрінген шулықтарға шағын автобус бұйырды. Байқау қорытындысына зер салсақ, жүлделі ІІ орын алған қордайлықтар да авто­көлікке ие болды. Ал үздік үштікті қо­рытындылаған Меркі және Мойынқұм аудан­дарының өнерпаздарына 1 комплект музыка­лық құрылғылар тапсырылды. Өзге аудандарға ­ынталандыру жүлдесімен бірге 5 домбырадан берілді.

Соңыра «Халықтық» атағы бар көркем­өнерпаздар ұжымдарының деңгейін анықтау, халық шығармашылығы жанрларын дамыту мақсатында өткен «Өнер көзі – халықта» облыстық фестивалінің «Үздік би ұжымы», «Үздік хор ұжымы», «Үздік ән-би ансамблі», «Үздік аспаптық, фольклорлық ансамблі» аталымдарының және «Ең үздік ауылдық мәде­ниет үйі, клуб-2023», «Ең үздік әдісте­мелік кабинет» облыстық байқауларының жеңімпаз­дары мен жүлдегерлері марапатталып, қомақ­ты қаржылай сыйлықтар табысталды.

 

Жамбыл облысы