Қоғам • 28 Қараша, 2023

Азаматтық қоғамның аяқ алысы

159 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халық тарихындағы билер институтын медиация мүмкіндіктері арқы­лы заманауи жаңғырту – уақыт талабы. Өйткені қазір­гі­ таңда әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам қа­лып­тас­тырудағы медиацияның рөлін арттыру маңызды сұрақтардың қа­­та­рына шығып отыр. Жалпы, сан алуан дау-жанжалдарды, тіпті орта дәрежелі қылмыстық істерді де сотқа жеткізбей, бей­біт­ жолмен шешу елімізде кең тараған үрдіс екені анық.

Азаматтық қоғамның аяқ алысы

Жақында Қызылорда облыстық қоғам­дық даму басқармасының «Қоғам­дық­ келісім» КММ ұйымдастыруымен «Медиация – азаматтық қоғамның жаңа сатысы» тақырыбында кездесу өтті.

Кездесудің мақсаты – тәжірибе алмасу, еліміздегі медиация институтын дамытудың жолдарын саралау, медиаторлар арасында кәсіби байланыс­тарды дамыту және Қазақстан халқы Ассамблеясы медиация құрылымының мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институтымен өзара іс-қимы­лы­ның негізгі тетіктерін талқылау.

Медиаторлар бас қосқан кездесуде облыстық қоғамдық даму басқар­ма­сы басшысының орынбасары, модератор Уәлихан Ибраев өңірдегі бітімгерлік бағытында атқарылған толымды жұмыс­тар­ды сөз етті. «Жалпы, бітімгерлік – адамдар арасындағы сыйластықты, татулық пен берекені, елдің тұтастығын сақтаудағы ең ұтымды тәсіл десек, медиатор екі тараптың арасындағы алтын көпір іспетті. Мұндай жандардың қоғамдағы маңызы зор, еңбегі орасан», деді ол.

Жиында жыл көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық Қазақ­стан халқы Ассамблеясы жанын­да­ғы медиация кабинетінің үйлестірушісі Ш.Абдра­манова баяндама жасады. Ал Жаңақорған аудандық қоғамдық медиатор А.Жәнібеков, Облыстық мек­тептік медиация бағытындағы оқу­шы­лар арасындағы ғылыми жоба жетек­шісі А.Жанділдаев, облыстық ҚХА жанындағы медиаторлар кеңесінің мүшесі, «Бітім» медиация орталығы» қоғам­дық бірлестігінің директоры Ж.Мирам­бекқызы және «Ақиқат нұры» қоғам­дық бірлестігінің төрағасы, кәсіби медиатор М.Нұржанов татулық пен бере­кені, елдің тұтастығын сақтаудағы ең ұтымды тәсіл – бітімгерлік бағытын дамы­тып, нығайтуда атқарылып жатқан толым­ды жұмыстарға тоқталып, ұсы­ныс-пікірлерін ортаға салды. Кездесу со­ңын­да Қазақстан халқы бірлігі мен қоғам­­дық келісімді нығайтуда қосқан елеулі үлестері үшін бірқатар медиатор облыс­тық қоғамдық даму басқармасы бас­шы­сының алғысхатымен марапатталды.

Бүгінгі күні облыс көлемінде жыл бойы облыстық ҚХА-мен­ бір­ле­сіп жұмыс атқаратын 45 медиа­тор­д­ың, кеңес құрамында 14 ме­­диа­­­тордың тізімі жасақталған.

Облыстық Қазақстан халқы Ассам­блея­сы тарапынан мүдделі мемлекеттік құры­лымдармен бірлескен түрде өңірде медиация институтын ілгерілетуге және дауларды соттан тыс шешу жолдарын насихаттау бойынша кешенді іс-шаралар жүзеге асырылды. Есепті мерзімде ҚХА медиаторларына келіп түскен өтініш 92-ден асады, оның ішінде этносаралық дау­лар орын алған жоқ.

Жыл басынан бері облыс көлемінде медиацияға қатысты 123 түрлі форматты кездесу, жиын, ашық есік пен түсіндіру ұйымдастырылса, бұл іс-шараларға 6 180-нен астам тұрғын қатысқан.