Қаржы • 29 Қараша, 2023

Ұлттық қор қаражаты қашанғы жыртығымызды жамайды?

231 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ұлттық қор – майлы шелпек, қалаған жеріңнен үзіп ала бер. Үкіметтің бұл ұс­таны­­мын біраз сарапшы сынға алып жүр. Өзіміз жарытып өндіріс ашпадық. Ашуға да, өркен­детуге де аса құлқымыз жоқ екені айра-жайра анық болды қазір. Ең рақаты, маңдайға біткен жалғыз байлық – мұнайдың табысы жиналған мол қазынаның шетінен кертіп алып, азық қыла берген. Бірақ үңги берсең, мұнайдың өзі сарқылар. Біз болсақ мұнайдың ақшасын мұнайдың өзінен бұрын сарқып бітірер түріміз бар.

Ұлттық қор қаражаты қашанғы жыртығымызды жамайды?

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бірер күн бұрын Сенат Ұлттық қордан трансферт алуды мақұлдады. Заң жобасында көрсетілгендей, Үкімет 2024 жылы мұнайдың минималды бағасы барреліне 43,4 доллар деп белгілеп отыр. Тиісінше, 2025 жылы – 40,2 доллар, 2026 жылы – 41,8 доллар. Бұл бойынша Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферт биылғы 2,2 трлн теңгеден 2 трлн теңгеге дейін түседі, 2026 жылға дейін осы көлемде алынып отырады. Сонымен қатар келер жылы Ұлттық қордан 1,6 трлн теңге нысаналы трансферт алу көзделеді. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, қаражат ұлттық ауқымдағы әлеуметтік және стратегиялық ма­ңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталмақ. iKapitalist телеграм арнасының авторы Нұрбек Раевтың айтуынша, қазір мемлекеттің шығыны кірістен асып түсіп тұр.

«Денсаулық, білім, инфра­құрылым салаларын қаржы­лан­ды­руға ақша жоқ. Біз мемлекет ретінде тапқан табысымыздан тым көп жұмсаймыз. Егер ештеңе өндірмей, бірақ тым көп ақшаны нарыққа әкелсек, онда сұраныс күрт өседі. Жергілікті өндіріс мұндай сұра­ныстың қажетін өтеп үлгер­мей­ді. Демек, ұсынысты ше­тел­дік тауарлар қам­тамасыз етеді. Нәтижесінде, елімізге қосымша баға ағы­ны келеді, сол арқы­лы шетелдік бизнеске қолдау көрсетеміз. Егер біз мемлекеттік аппарат шығынын азайтсақ, әлеуметтік шығындар өсімін тоқ­татсақ, өндірісті қана жеңіл­детілген пайызбен қаржы­лан­дырып, экспортқа шығару ке­зінде мөлшерлемені алып тас­та­сақ қана Ұлттық қорға деген зәруліктен арылар едік», дейді Н.Раев.

Ұлттық қорға қатысты түсі­ніс­пеушілік көп. Жақында Сенат депутаттары «Самұрық-Қазынаның» тиімсіз облигацияларын Ұлттық қор қаражаты есебінен сатып алуға қатысты реніш білдірген. Сена­тор Сергей Карплюктің айтуын­ша, 2022 жылы Ұлттық қор «Са­мұрық-Қазынаның» облигацияларын алып, 60,8 млрд теңге шығынға батқан. Ұлттық қор қара­жаты инфра­құрылым жобаларына Үкімет шеші­мі­мен инвестицияланып жатыр, дейді депутат. Қарашаның басында Ұлттық қор есебінен «ҚазМұнайГаз» акция­ларын сатып алу үшін 1,3 трлн теңгенің бөлінуі де бір­жақ­ты, яғни Үкімет шешімімен қабылданғаны белгілі болды. Осының бәрін қоса алғанда, биылдыққа қордан алған ақша көлемі 5,3 трлн теңгеге бір-ақ жеткен. Бұл – Ұлттық қордың арғы-бергі тарихындағы рекордты ақша алу көрінісі.

«ҚазМұнайГаз» акция­сын оның нарықтық құны­нан арзанға сатып алу ел бюд­жетін қаржыландыру үшін» деп көрсетілген. Тиісті түзету «2030 жылға дейінгі мемле­кет­тік қаржыны басқару тұжы­рым­да­масына» енгізілген. Halyk Finance сарапшыларының айтуынша, бюд­жет­тік ереже­лер­дің өзгерісінде рес­пуб­ликалық бюджет туралы ай­тыл­ғанына қарамастан, бұл әлі де бюд­жеттік саясаттың контр­циклдік сипатын бұзады.

«Аталған операция Ұлттық қор­дан бюджетке түсетін транс­фертті ұлғайта береді, ал ҚМГ-ға тікелей бақылау жа­сау құқығы Үкіметте қала береді. Тұжырымдама былтыр желтоқсанда ауысқан еді. Ол кезде Ұлттық қор қаражатын «Самұрық-Қазына» облигацияларын нарықтық құннан төмен бағаға сатып алып пайдалануға рұқсат етілген. Жалпы, Ұлттық қорды стандартты бюджеттік үдерістен тыс пай­далану елі­мізде толыққанды, ашық және тиімді бюджет саясатын құру тұрғысынан қолайсыз. Үкі­меттің мұндай нарықтық емес операциялары қаржы нары­ғын­да да, бүкіл экономикада да нарық­тық механизмдерді тым қатты бұрма­лайды», дейді сарапшылар.

Halyk Finance сарапшы­ла­ры­ның айтуынша, 2022 жылдың желтоқсанында Президент Жар­лығымен «2030 жылға де­йін­гі мемле­кеттік қаржыны бас­қару тұ­жы­рымдамасына» өзге­ріс енгі­зілген. Өзгеріске сәй­кес «Са­мұрық-Қазынаны» Ұлт­тық қордан тікелей несие­леу (бұ­рынғыдай алдымен бюджетке түсіріп емес) мүм­кін­дігі туындаған. Енді сол тұжы­рым­да­ма биыл қыр­күйекте тағы өзгеріп, ҚМГ акцияларын сатып алуға мүмкіндік берілді.

«Ұлттық қорды дұрыс контр­циклді пайдалансақ, эконо­микалық өсімді, бюджеттік шығыстарды, инфляцияны және ұлттық валюта бағамын тұрақтандыру есебінен елде макроэкономикалық тұрақ­ты­лық пайда болады. Мұнай бағасына тәуелділіктен арылу нәтижесінде жеке бизнес­ті дамытуға қолайлы орта пайда болып, экономика әр­та­­раптанады. Қазақстан сияқты әртараптанбаған елде контр­цикл­дік бюджет ережесі инфляция мен ұлттық валюта бағамына қат­тырақ (ақша-несие сая­сатымен са­лыс­тыр­ғанда) әсер етеді», дейді Halyk Finance.

Экономист Мұрат Темірха­нов­тың сөзінше, Ұлттық қордан мұндай көлемде көп қаражат алу макро­экономикалық саясатқа зиянын тигізіп, экономикаға ұзақмерзімді залал әкеледі.

«Аталған тәжірибе Қазақстан республикасының «Мемле­кеттік қаржыны бас­қа­рудың 2030 жылға дейінгі тұжы­рым­дамасында» көр­сетілгендей, еліміздің  мемле­кет­­­тік қар­жы­сының есептілігі, ашық­­­тығы қағидаттарын өрескел бұза­ды. Мысалы, Парламентте рес­­пуб­­ликалық бюджетті бекіту кезін­де Ұлттық қордан бюджетке ке­піл­­дендірілген және нысаналы трансферт мөлшерінің негіз­ділігі Пар­ла­мент пен Үкі­мет арасында егжей-тег­жей талқыланады. Бұл Ұлттық қор­дың қаражатын бүкіл қоғам үшін пайдаланудың есеп­тілігі мен бақылануын қам­та­масыз етеді. Алайда 2022 жылғы желтоқсанда ел эко­но­микасын Ұлттық қордан бюджеттен тыс қаржыландыру мүм­кін­дігі пайда болған кезде, Ұлт­тық қордан осындай бюджеттен тыс қаржы­лан­дыру бойынша шешімді жоспарлау, қабылдау және орындау үдерісі Парламент үшін де, бүкіл жұртшылық үшін де ашық болмады. Тиісінше, осыдан кейін Парламентке, бүкіл қоғамға есеп бермейтін мемлекеттік қаржының үлесі күрт кеңейді. Қазір Парламент МӘСҚ, ӘМСҚ, ПНҚ, «Қазақстан Халқына», активтерді қайтару қоры сияқ­ты мемлекеттік бюджеттен тыс қор­лар­ды бақыламайды. Сондай-ақ Үкіметтің ұлттық холдингтер ква­зи­фис­калдық операцияларын, Ұлттық банк қаржыландыратын мем­лекеттік шығыстарды қалай жос­пар­лап, бекітетінін ешкім бақы­­лап отырған жоқ», дейді М.Темірханов.

Сарапшы Асан Құрманбе­ков­тің айтуынша, қажетті процедураны сақтамай, Ұлттық қор қар­жысын пайдалана берудің соңы мем­лекеттік қаржының тепе-тең­дігін бұзуға әкеліп соға­ды.

«Үшінші тоқсанда мемлекет­тік бюджет кірісі өткен тоқсан­мен салыстырғанда 2 пайызға азайды. 2023 жылдың 9 айында кірістің ұлғаюы жылдық мәнде 15,5 пайызды құраған. Қаржы министрлігінің мәліметінше, жоспар 97 пайызға орындалды. Өткен жылдың 9 айы­мен салыстырғанда биыл 9 айда мемлекеттік бюджеттің шығыны 24 пайызға артты. Шығыс бөлігі өсімінің артуы мемлекеттік бюд­жеттің тапшылық мөлшерін жарты жылда 1,6 трлн теңгеден 2,22 трлн теңгеге бір-ақ өсірді. Бюд­­жеттік көрсеткіштердің на­шар­­лауына жылдың екінші жарты­жыл­дығынан бастап эко­но­микалық өсудің жалпы баяулауы – елдің энергетикалық секторындағы дағ­дарыс, мұнай-газ кешенінің инфра­құрылымын ауқымды жөндеу жұ­мыс­тары, тамызға дейін созылған айтар­лық­тай күшті теңге бағамы әсер етті», дейді ол.

Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қорды Ұлттық банк басқарады, бірақ ол заң бойынша Үкіметке тиесілі. Сарапшы Нұрлан Жұмағұлов бұл орайда ҰБ басшысының пікірін қостайды. Рас, Ұлттық банк Ұлттық қорға қатысты пәлендей құзыретке ие емес. Өйткені Ұлт­тық қор де­геніңіз­дің өзі – жоқ құрылым.

«Ешқандай қор жоқ, тек Үкімет­тің банктік шоты бар. Мұнай сатудан түскен табыс сол шотқа түседі. Яғни Ұлттық қор деген құрылым қағаз жүзінде ғана. Оның заңдық мәртебесі бекітілмеген. Осының салдарынан Стати ісі кезінде қор­дың шоты оп-оңай бұғат­талып қал­ды. Ең абзалы – Ұлттық қор мен БЖЗҚ-ны біріктіріп, оларға заңдық мәртебе беру және жаңа қордың активтерін басқару бо­йынша халықаралық тендер жариялау (Норвегия мысалы бойынша)», дейді сарапшы.