Аталған жүйеде картадан бөлек, биометриялық тану мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл дегеніміз – егер оқушы қандай да бір себеппен картасын ұмытып не жоғалтып алған жағдайда, ғимаратқа бет-жүзін тану құрылғысы арқылы кіре алады.
«Бір карта арқылы оқушы кітапханадағы оқу материалдарын алады, мектеп асханасында тамақ сатып алады, қалалық автобус қызметін пайдаланады», деді оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов.
Осы карта мен биометрия мүмкіндіктері вице-премьерге көрсетілді. Астаналық мектепте бастауыш сыныптарда білім алатын 900-ге жуық бала мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан 36 оқушыға тегін тамақ қарастырылған. Ал карта қолдану жөніндегі мәліметтер тек ата-аналарға ғана қолжетімді болады.
«Цифрландыру біз үшін өте маңызды. Бұл жүйенің ашықтығын қамтып, оқушы мен ата-ана үшін ыңғайлы жағдай жасап қана қоймайды. Мұнда балалардың қауіпсіздігі мәселесі де бар», деді Тамара Дүйсенова.
Сонымен қатар мұндай жүйелер қанатқақты режімде Шымкент қаласында, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарындағы мектептерде жұмыс істеп тұр. Оқу-ағарту министрлігі келер жылдан бастап технологияны өзге өңірлерде енгізуді жоспарлап отыр.