Әдебиет • 29 Қараша, 2023

Оразақ Смағұлдың жаңа кітабы жарық көрді

182 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздегі антропология саласының негізін қалаушы, қазақ ғылымының абызы – Оразақ Смағұлдың «Өмірімнің мәні мен сәні» деп аталған кітабы жарық көрді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оразақ Смағұлдың жаңа кітабы жарық көрді

Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде өткен су жаңа еңбектің таныстырылымына автордың өзі қатысты. Іс-шараға келген ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ,  Оразақ ағаның қайраткерлік жолын үлгі тұтатын талапкер жастар авторға көкейдегі сауалдарын қойып, жылы жүздесу рухани сырласу кешіне ұласты.

«Әр адамның ғұмыры – бір кітап. Тоқсан асып тағылымды ғұмыр кештім бе, тауқыметті ғұмыр кештім бе, оның бағасын кітапты оқыған саналы оқырман бере жатар. Осы жасқа дейін қазақ ғылымына том-том кітаптар қостым. Еңбектерімді ел танып, мұхит асып, шетелдің жастарына да пайдасы тиіп жатыр. Арасында от құшып, өртенгені де бар. Бірақ өмірдің ешқандай қалтарыс-бұлтарысы мені сындыра алған жоқ. Сондықтан да алғаш рет бар ғұмырымды қағаз бетіне түсіріп ұсынып отырмын»,  деген автор кезекті кітапта өз өмір жолын суреттеген.

Қазақ этносының қаңқа сүйектеріне жарты ғасыр бойы кешенді һәм салыстырмалы  зерттеу жүргізе отырып, сол арқылы адамның қан жүйесі, тіс морфологиясы, май бүрмесі, тіпті тері бедеріне дейін анықтауға болатынын алға тартып, қазақ  халқы осы өлкені 50 ғасыр бойы мекен еткендігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеген ғалымның бұған дейін шыққан том-том кітаптарына ғылыми ізденістері мен зерттеулері арқау болған. Ал су жаңа еңбектің ерекшелігі сол – автор өзінің тұлғалық қалыптасу жолын, жан баласына ашпаған сырларын, көңілдегі алаңын оқырманға жайып салады.

«Тоқсан жасаған жүректің ауыр трагедиясы – анасыз өскенім. Жартылай жетім боп өмір сүруіме себеп – қазаққа ауыр азап сыйлаған 1931–1933 жылдардағы зұлматты аштық еді. Сондықтан мен анамды өлтірген жүйеге іштей қарсы болып, ешқашан коммунистік партияға мүше болған жоқпын. Дүние дидарын ашқан сәттен бастап тоқсаннан асқан жасыма дейін ақ жүзін бір көрсем деп арман қылатын анам кеңес өкіметі тұсындағы кертартпа кезеңнің құрбаны болды. Менің анаммен бірге сол жылдары төрт миллион қазақ аштан қырылды. Қолдан жасалған зұлмат тағдырымызға, тұтас халықтың өне бойына қанды із қалдырды. Бастан өткерген геноцидтің салдарын бүгінге дейін тартып келеміз. Импершіл көзқараспен өзінің сара жолы, терең тарихы бар бүтін бір ұлтты жоюды мақсат тұтқандардың  озбырлығы тағдырымызды тас-талқан етті. Бірақ қазақ халқы өліспей беріспеді. Тәуелсіздікке қол жеткізіп, бар байлығын, мұрасын өзіне қайтарды. Біз де жас күнімізде арман еткен азаттыққа аман жетіп, ұлтымыздың тарихын түгендеп, саналы ұрпаққа ата-тегіміздің осы қастерлі топыраққа елу ғасыр бойы  иелік етіп келе жатқанын ғылыми тұрғыда дәлелдедік. Бар ғұмырымызды осы жолда сарп еттік»,  деп толғанады автор кітаптың алғысөзінде.

«Ашаршылықтан аман қалған бала», «Мәйітханадан басталған мансап», «Қуғындағы ғалым», «Ғылым сахнасының сыртында», «Тәуелсіздікке жеткен ғалым», «Тірегім болған отбасым» деп аталған алты бөлімнен тұратын кітапта Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев бастаған халқымыздың біртуар ұлдары туралы жарқын естеліктер, автордың күйініші мен сүйінішін суреттеген  мөлтек сырлар оқырманды терең ойға жетелейді. Ауылдан Алматыға аттанған сәт, антропологияға жасалған алғашқы қадамдар  да байыпты баяндалған.