Қоғам • 29 Қараша, 2023

Тіл байқауының жеңімпаздары

156 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлт­тық ғылыми-прак­ти­ка­лық орталығы ұйым­дас­тырған дәстүрлі «Мем­­лекеттік тіл және БАҚ-2023» бай­қауының же­ңім­паздары белгілі болды.

Тіл байқауының жеңімпаздары

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Жүлдегерлерді марапаттау рәсімінде Тіл саясаты ко­митетінің төрағасы Ербол Тілешов осы байқаудың өтіп келе жатқанына 20 жылға жуық уақыт өткенін, соның ішінде БАҚ өкілдерінің тілге деген жанашырлығы мен азаматтық жа­уапкершілігін жоғары ба­ғалап, жылы ілтипатын жет­кізді. Қазір аталған байқауға тек қазақ тіліндегі емес, мем­лекеттік тіл туралы орыс тілінде қалам тербейтін журналистер де қатыса бастаған. Мәселен, биыл байқауға 64 өтінім арқылы 145 материал келіп түссе, соның 123-і қазақша, 17-сі орыс тілінде болған. Осыдан-ақ оның салмағы қандай екенін білесіз.

Дәстүрлі байқауға Пар­ламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, «Қазақ га­зеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы, жур­налист Махат Садық, Қо­жа Ахмет Ясауи атындағы Ха­лық­аралық қазақ-түрік уни­верситетінің профессоры Мол­дияр Ергебеков, Қа­зақ ме­диа­қауымдастығының төр­ағасы Ербол Азанбеков секілді елімізге белгілі азаматтар қа­зылық етті.

Сонымен «Мемлекеттік тіл және БАҚ-2023» байқауының Гран-при жүлдесі мен 1 000 000 теңге сертификаты «Халық үні» ақпарат агенттігінің тілшісі Айгерім Таубайға табыс етілді. Басылым беттерінде, сондай-ақ интернет-ресурстарда жарық көрген «Үздік мақала» аталымында бірінші орынды Атырау облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің аға тілшісі Анжела Ли жеңіп алса, екінші орынды «Qazcontent» El.kz АҚ ақпараттық агенттігінің тілшісі Амангүл Тілей иемденді. Үшін­ші орынды Астанадағы №38 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Біржан Ахмер мен «Қазақ үні» республикалық қоғамдық-саяси газетінің редакторы Достан Елдес өзара бөлісті. «Үздік теле және радиобағдарлама» аталымында бірінші орын «Қазақ радиосының» редакторы Азамат Тілеповке бұйырса, екінші орынды «Жетісу» телеарнасының қызметкері Мұрат Жұмабай еншіледі.

Сонымен қатар байқау қоры­тындысы бойынша 9 қатысушы ынталандыру сыйлығына ие болды. Солардың ішінде «Ege­men Qazaqstan» газетінің тіл­шісі Жадыра Мүсілім де бар екенін айта кетейік.