Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Еуразиялық даму банкіні (ЕАДБ) «Орталық Азиядағы тиімді ирригация және су үнемдеу» жаңа зерттеуінде суарылатын алқаптар тиімділігін арттыру мен су үнемдеудің 10 нақты қадамы ұсынылған: төртеуі – аймақтық деңгейде, алтауы – ұлттық саясат шеңберінде. Аталған тәсілдер жиынтығы жыл сайын қажетті су мөлшерін үнемдеп, тұрақты дамуды қамтамасыз етпек. Оларды жүзеге асыруда мемлекет, фермер және көпжақты даму институттарының өзара бірлескен жұмысы қажет.
Банк сарапшыларының айтуынша, Орталық Азия климат өзгерістеріне едәуір тәуелді аймақ қатарына жатады. Бұл жерде температура жер жүзінің басқа жерлеріне қарағанда, тез көтеріледі. Құрғақшылық пен су тапшылығы мәселесі шиеленісе түсті. Мұздықтар алқабының көлемі кейінгі 50 жылда 30 пайызға азайған.
«Су қоры тапшылығы мәселесінің шешімін ең алдымен ирригациялық суарудан іздеуіміз керек. Орталық Азияда ауыл шаруашылығы негізгі су тұтынушы болып саналады: 2020 жылы жылына 127,3 текше шақырым көлемнің 100,4-і немесе қолданылатын судың 80 пайызы ирригация мақсатына жұмсалған. Суару аймақта ауыл шаруашылығын жүргізуде және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде негізгі рөлге ие. Орталық Азиядағы суарылатын алқаптар көлемі 10,1 млн га немесе әлемдегі суарылатын алқаптардың 2,9 пайызын құрайды. Алайда Орталық Азияның ирригациялық инфрақұрылымы тез тозғыш және техникалық жабдықталу жағынан жеткілікті қамтамасыз етілмеген. Есеп жүргізу құралдарымен және суаратын суды реттеу, оның алқаптарда пайдаланылуын бақылау құрылғыларымен ішінара жабдықталған», деді банк сарапшылары.
Орталық Азиядағы суару алқаптарының тиімділігін және азық-түлік қауіпсіздігін сақтаудағы бірегей жол – су үнемдеуге көшу. ЕАДБ сарапшылары Орталық Азияда су пайдаланудың тиімділігін және суарылатын алқаптардың пайдалылығын арттыру үшін 10 нақты қадам ұсынып отыр.
Оның біріншісі – Орталық Азиялық су-энергетикалық халықаралық консорциумын (ОА ХСЭК) құру. Консорциум энергетикалық жобалармен бірге ирригациялық жобаларды жүзеге асыру үшін керек. Оның құрылуы көпжақты даму банкілерінің аймақтағы мемлекеттермен диалогін және арақатынасын жеделдетеді.
Екіншіден, консорциумдар ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қабілетті. Демек, ирригацияға инвестиция әкелуге мүмкіндік бар. Аймақта жұмыс істейтін даму банктері күрделі жобаларды бірге жүзеге асыратын, қосымша қаражат қорын тартып, күрделі жобаларға тиімді қаржы серіктесі болатын қаржы операторы ретінде қызмет атқара алады.
Үшіншіден, заманауи ирригациялық жабдық бойынша мамандандырылған аймақтық өндірістік-қызмет көрсету кластерін құру – аса қажет шешім.
«Орталық Азия суару алқаптары бойынша әлемде Қытай, Үндістан, АҚШ және Пәкістаннан кейін бесінші орында. Ирригациялық жабдық бойынша 140-320 млн долларды құрайтын нарыққа ие. Бұл – әлем нарығының 4-8 пайызы», дейді мамандар.
Төртіншіден, ОА елдерінің Ауғанстанмен қарым-қатынас бойынша консолидация құруы да – көкейкесті мәселе. Орталық Азияның су қорын басқару тетіктерінде серіктестік схемасын ұсыну орынды, оның ішінде АҚХҚ платформасында және трансшекаралық су қорларына байланысты басқа да аймақтық ұйымдар шеңберінде.
Бесіншіден, Орталық Азияның су-ирригациялық жүйелері ауқымды инвестицияларға зәру, оның ішінде мемлекет-жекеменшік серіктестік тарапынан да.
Алтыншыдан, шаруааралық арналарда және фермерлік шаруашылықтарда Су пайдаланушылар қауымдастығының (СПҚ) қатысуымен судың дұрыс есептелуін ұйымдастыру өте маңызды. СПҚ ұйымдастыру-құқық-тық дәрежесін нығайту су қорларын пайдалануға қатысты СПҚ жауапкершілігі мен міндеттемесін арттырады. Мұндай шаралар алдағы уақытта фермерлік шаруашылықтарға берілетін суды ақылы жүйеге ауыстыруға мүмкіндік береді.
Жетіншіден, тарифке инвестициялық төлемдерді біртіндеп қосу бюджеттік су шаруашылық ұйымдарға ирригациялық жүйелердің реновациясына, құрылысына, модернизациялауына инвестиция жасауға мүмкіндік береді.
Сегізіншіден, суарылатын алқаптардың жан-жақты тұздануына байланысты олардың мелиоративті жағдайын суару және кәріздеу жүйелерін жақсарту арқылы түзеу дұрыс болар еді. Мысалы, шаруашылық ішіндегі жер каналдарын науа типтеске ауыстырып, ал бұрыннан бар каналдарды алқаптарға су беретін құбыр жүйелеріне алмастыруға болады. Бұл фильтрациялық шығындарды үш-төрт есе азайтады.
Тоғызыншы қадам – су шаруашылықтарында барлық жерде цифрландырылған технологияларды енгізу. Бұл суды рационалды түрде пайдалануға мүмкіндік беріп, оның жұмсалу көлемін есептеуге және фермерлік шаруашылықтарға суды ақылы түрде беру жүйесіне өтуді жеңілдетеді. Су есептеу цифрлы технологияларын енгізу арқасында су шығындарын үнемдеу жылына 12-15 пайыз болуы мүмкін. Оған қоса суарылатын алқаптардың мелиоративті жағдайын және жердің тұздануын қадағалайтын арақашықтық спутниктік диагностиканы қолданатын тұрақты жүйені ұйымдастыру да керек.
Оныншы міндет – суарудың, жерді лазерлі жоспарлаудың, ауылшаруашылық өнімдерін өсірудің заманауи технологияларын қолдану. Еңіс жерлерді түзеп, атыздар арқылу суару жағдайында өнім түсімі едәуір артады әрі су жылына 20-дан 30 пайызға дейін үнемделеді.