Бастауын 2003 жылы сол кездердегі Ішкі әскерлердің әскери бөлімдерінен алған «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысы 20 жылдық белесті артта қалдырды. Осыған байланысты Ұлттық ұлан бас қолбасшылығы мерейлі кезеңде атқарылған жұмыстарға тоқталып, еңбегі мен ерлігін айрықша атап өтті. Ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор Қайрат Үмбетов «Жас бүркіт» қозғалысы шеңберінде әскерге дейінгі жастармен кездесу, ашық есік күндерін өткізу, өзге де іс-шаралар ұйымдастырылып келе жатқанын баса айтты.
– 2003-2023 жылдар аралығында мектеп бітірген «Жас бүркіт» мүшелері арасында өмірін әскери саламен байланыстырғандары да көп. Бүгінде Ұлттық ұланда және басқа күштік құрылымдарда «Жас бүркіттен» шыққан 100-ден аса өрен абыроймен қызмет атқарып келеді, – деді генерал-майор Қ.Үмбетов.
Мінберге көтерілген Ұлттық ұланның бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Еркін Ботақанов «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының 20 жылдығымен құттықтады.
– Жиырма жылдың ішінде «Жас бүркіт» әскери-патриоттық сыныптары еліміздің бүкіл өңірлерінде ашылып, осы бағыттағы жұмыстың нәтижелі жүргізіліп жатқанын мақтанышпен айта аламыз, – деді генерал-лейтенант Е.Ботақанов.
«Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының ең кішкентай мүшесі, жеті жасар Омар Қойшыбек қозғалысқа көрсетіп жүрген қамқорлығы үшін Ұлттық ұланның бас қолбасшысына клубтың атрибутын табыстады. Балалардың қолынан арнайы атрибут алған Мәжіліс депутаты Максим Рожин де сөз сөйледі.
– Генерал-лейтенант Еркін Ботақанов қызметші Арман Ахашовты тегіннен-тегін атап өткен жоқ. «Жас бүркіттің» алғаш құрылған кезіндегі ол кісінің еңбектерімен таныспыз. Жемісті жұмыстардың нәтижесі де көңіл қуантады. Міне, бүгін мен де жасым қырыққа келгеніне қарамастан «Жас бүркіт» қатарын толықтырып отырмын. Мен үшін бұл – үлкен құрмет. Елімізде әскери дәстүрлердің қалыптасып келе жатқаны байқалады. Әсіресе бүгінгідей кезеңде мұның маңызы зор. Қазақ халқы үшін сарбаздардың сақадай сай болуы, олардың намысты әрі жігерлі болуы да маңызға ие, – деген депутат бабалар өмірінен де мысалдар келтірді.
– Елімізде мектептен тыс 1745 үйірме жұмыс істейді. Ол жерлерде миллиондаған балғын тәрбиеленіп жатыр. Олардың бағыт-бағдары да әртүрлі. Ғылым мен технология, бейнелеу өнері, музыка және әскери-патриоттық тәрбие секілді бағыттар бойынша оқып-үйреніп жүр. Соның ішінде әскери-патриоттық тәрбие мемлекеттік деңгейде басымдыққа ие. Біз дәл осы бағытта жас патриоттарды тәрбиелеп, қалыптастырып келеміз. Сондықтан қоғам үшін «Жас бүркіт» сыныптары мен клубтарының пайдасы орасан, – деді Оқу-ағарту министрлігінің өкілі Раиса Шер.
5573 және 6636 әскери бөлімдерінің «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері өз өнерлерін көрсетіп, іс-шараның әрін кіргізді.
«Мен клубта нағыз жігіттерге тән қасиеттерді бойыма сіңіріп жүрмін. Мұндағы жетекшілеріміз бізге жауынгерлердің іс-қимылын, қару-жарақтарын көрсетеді. Осында келгелі көп дүниені үйрендім. Сол үйренгендерімізді сахнада көрермендерге көрсеттік. Болашақта мен де әскери салада қызмет еткім келеді. Мен елімді қорғауға әзірмін», деді «жас бүркітші» Ә.Нұғымаш.
Қазіргі уақытта Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінің қолдауымен 59 мектеп пен 3 колледжде жалпы саны 108 «Жас бүркіт» әскери-патриоттық сыныбы ашылған. Сондай-ақ әскери бөлімдер аумағында 33 спорттық әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді. Мұндағы тәрбиеленушілердің жалпы саны 2500-ге жуық. Олар үшін арнайы сабақ кестелері түзілген. Оқушылар сабақтардың нәтижесінде әскери салаға бейімделіп, өмірге қажет дүниелерді меңгереді.
Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ