Экономика • 30 Қараша, 2023

Түркістан облысының өнеркәсіп әлеуеті

276 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Ең үлкен облыс Түркістанның әлеуметтік-экономикалық ахуалы бүтін республикаға әсер етер күшке ие. Өйткені Оңтүстік облыс географиялық тұрғыда қолайлы орналасқан, ондағы халық тығыздығының деңгейі жоғарғы және кейінгі жылдары қолға алынған іргелі бастамалар біршама. Өңірдегі аса өзекті мәселелердің көшін инфрақұрылым мен әлеуметтік ахуал бас­тайды. Бәріне бірдей бюджет қаржысын жеткізу оңай емес, бірақ біз әркез ұтымды шешімдер қабылдауға тырысып келеміз», деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды орталық коммуникациялар қызметі алаңындағы арнайы брифингте.

Түркістан облысының өнеркәсіп әлеуеті

«Облыстың әлеуметтік-эко­номика­лық дамуына келетін болсақ, осы жыл­дың 10 айында оң өсім бар. Жалпы өңір­­лік өнім көлемі 3 трлн теңге­ден асты. Өнеркәсіп өнім көле­мі 2 пайызға артып, 758 млрд теңгені құрады. Өсімге негізі­нен сүт, тоқыма және электр жабдықтары өндірісі үлес қосты. Бұл ретте Түркістан облысы бө­лін­генде не­гізгі өндіріс орындары Шымкент қа­ласы аума­ғын­да қалып қойғанын атап өт­кен жөн. Осыған байланыс­ты, облыс бюджеті толықтай рес­­пуб­ликалық бюджет транс­ферт­теріне тәуелді болып тұр. Қазір облыс өнеркәсібінің не­гізін тау-кен, яғни уран өнді­рісі құрайды», деді Д.Са­тыбалды.

Өңір басшысының айтуынша, «ҚазАтомпром» ұлттық компаниясы Созақ ауда­нында күкірт қышқылын өн­діретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Құны 100 млрд теңге болатын жобаның жүзеге асуы аймақта 250 жаңа жұмыс орнын ашуға септігін тигізбек. Қазір жер телімі анықталып, компания техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуге кіріскен. Облыстың өзіндік кірісін арттыратын бұдан өзге бірнеше жобадан хабардар етті. Нақтыласақ, бұлар – «Ocean Energy Company» ЖШС-ның Қазығұрт ауданында Каскад ГЭС құрылысы, «Эко-Культура» АӨХ-нің Келес ауда­нындағы жылыжай кешенін салуы, «Standard Petroleum&Cо» ЖШС-ның Ордабасы ауданында мұнай өнімдерін өңдеу за­­­­у­ы­­ты, «ARM WIND» ЖШС-ның Оты­рар ауданында күн электр стансасының зауыты, «Састөбе химиялық кешені» ЖШС-ның Түлкібас ауданындағы каус­тикалық сода, ПВХ, кальций карбиді, әк цемент өндіру зауыты бар. Сонымен қатар бұл аудан­да газ электр стансасының, Сауранда күн электр стансасы­ның, Со­зақта фосфорит кендерін өңдеу зауы­ты­ның құрылысы жоспарға кірген. Об­лыс бас­шылығы Сайрамда бу-газ қон­дыр­ғысын салуды да ойластырып отыр.

Әкімнің сөзінше, жобаларды іске асыру есебінен өзіндік кірістерді алдағы 5 жылда қо­сымша 100 млрд теңгеге көбейту болжанады. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінде 10 жоба іске қосылған.

Жалпы, елдің экономикалық драй­вері болуға қабілетті әрі лайық ауыл шаруа­шылығы саласы бұл облыста да қарқынды даму жолына түсіп келе жатыр. Өңірде өндірілген ауыл шаруа­шылық өнімдері құнының 1 трлн теңгеден асуы сөзімізге дәлел және бұл көрсеткіш арқылы облыс республикада ең алдыңғы позицияда.

«Жыл басынан бері салаға 88,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Егістікті әртараптандыру нәтижесінде көкөніс, бақша өнім­дерінен рекордтық 3,3 млн тонна жиналып отыр. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл 25 жобаны іске асыру көзделсе, жыл басынан бері нақты 22-сі іске қосылды. Салада жаңа технологиялар кеңінен қолданылуда. Қарқынды бау көлемі 5 405 гек­тарға жеткізілді. Нәтижесінде, өнімділік 5 есе артып, 350 центнерге дейін өнім жиналуда. Су үнемдеу технологиясы 31 788 гектарға, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 9 403 гектарға енгізіліп, суды 2 есе үнемдеуге мүмкіндік берді», дейді әкім.

Жылыжайға қатысты да жы­лы жаңа­лық­­тар баршылық. Олар­дың жалпы көлемі бүгінде 1 640 гектарға жетіп, 140 мың тонна өнім жиналыпты. Бұған қоса 100 гектардан агроаймақ құрып, 2027 жылға дейін 500 гектарға жаңа жылыжай салу жоспарда бар екен. Қазір жылыжайларды бір орталықтан қатты отынмен қамтамасыз ету үшін арнайы кооператив құрылып, көмір өндірушілерден тікелей тасымалдау келісілген. Бұл ретте жылыжайларды жылыту шы­ғындарының 20 пайызы субсидияланатынын да айта кетейік. Биыл осы мақсатта 500 млн теңге бөлінген.

Брифингте аймақ басшысы мал ш­а­руашылығының дамуы бойынша да ел бойынша алдыңғы қатарда екенін айтты. Мал басы және өнімділігі орташа есеппен 5 пайызға өсіп жатса, ет экспорты рес­публикада көш бастап тұр. Экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің – 85 пайызы, ұсақ мал етінің 60 пайызы – осы облыстың еншісінде.

Сонымен бірге аймақ экономикасына мол ақша әкелуге әлеуеті бар мақта өндірісі саласын өркендету үшін мақта-тоқыма кластерін құру жобасы әзірленіп жатыр.

«Әлемдік ірі тоқыма компаниялармен өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы бірқатар жо­баны жүзеге асырып, мақ­та бағасына экспорттық тәуел­ділікті төмендетуді көздеп отыр­мыз. Мақта дақылын рен­та­­бельділігі жоғары дәндік жүге­рі да­қыл­дармен алмастыру мақсатында «Жы­­­лына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты» жобасы жүзеге асы­рылуда. Ал су шаруашылығын дамыту үшін «Тұран су» мемле­кеттік кәсіпорынның жұмысын жүйелендіру есебінен каналдарды қалпына келтіру және төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын мерзімінде атқа­руға қол жеткіздік. Нәтижесінде, бюд­жет қаржысы 28 пайызға үнемделіп, экономикалық тиім­ділігі 1,5-2 есе жоғары болды. Сондай-ақ екі ірі су нысаны толық пайдалануға берілді. Сыйымдылығы 18 млн текше метрді құрайтын «Кеңсай-Қос­қорған-2» су қоймасы салынып, нәтижесінде, жылына қосымша 34 млн текше метр ағын суды жеткізуге мүмкіндік ашылды. Түр­кістан магистралды каналының 59 ша­қырымын бетондау арқылы жылына 60 млн текше метр ағын су үнемдеуге қол жеткізілді. Бұдан бөлек, Түр­кістан қаласы өңірлерінде ағын су тапшылығын түбегейлі ше­шу үшін, «Боралдай», «Бәй­дібек ата» су қоймасын салу жо­балары әзірленіп, тиісті жұмыстар жүргі­зілуде», деді аймақ басшысы.

Облыс экономикасына тар­тылған инвес­тиция көлемі де өсіп келеді. Нақтыласақ, 1,4 есе көбейіп, 751 млрд теңгеден асқан. Оның 500 млрд-тан астамы – жеке инвестиция болса, 178 млрд-ы – бюджеттік инвестиция. Бұл орайда тікелей шетелдік инвестициялар көлемінің 225,3 млн доллар болғанын және жалпы құны 3,3 трлн теңгені құрайтын 194 инвестициялық жобалардың пулы қалыптасқанын қаперге салып өтті.

Кәсіпкерліктің дамуы да – бас­ты назарда. Бүгінде кәсіпкерлік субъектілерінің саны 28 мыңға артып, жалпы 213 мың бірлікті құрап тұр.

«Жыл басынан бері 1 трлн теңгеден астам өнімі шығарылды. Кәсіпкерлер 21,3 млрд теңгеге жеңіл­детілген несие­мен қамта­ма­сыз етілді. Келесі жылы не­сие­лен­діру көлемін 40 млрд тең­ге­ден асыруды межелеп отырмыз. Шағын және орта бизнесті қажетті инфрақұрылыммен қам­тамасыз ету үшін Сауран ауданында 30 гектар аумақта шағын өнеркәсіптік аймақ жобасы іске асырылып жатыр. Жобаға сәйкес алдағы 3 жылда 42 өндірістік ғимарат салынады. Қазір 11 өн­дірістік ғимараттың құрылысы жүргізіліп, кәсіпкерлерге жеңіл­детілген талаптармен ұсынылды. Өз ісін бастауға ниет білдірген азаматтарға «Түркістан» кәсіп­керлерге қызмет көрсету орталы­ғы» арқылы 20 мыңнан аса қызмет түрлері тегін көрсетілді», деді әкім.

Аймақтағы туризм ахуалы да тәуір. Облыс басшылығы осы саланы дамыту үшін негізгі үш бағытты айқындады. Біріншісі – экологиялық туризм бағыты. Табиғи аумақтарға келушілер саны 2 есе артқан (2022 жылғы 74,9 мың адамнан 2023 жылы 123,1 мың адамға).

«Жалпы, табиғи аумақтарда 99 демалыс орны, 62 қонақ үй, 12 шипажай орналасқан. 30 турис­тік маршрут құрылды. Емдік-сауық­тыру туризм бағытымен облыста 72 емдеу-сауықтыру орны жұмыс істейді (8 мың тө­сектік орын). 142 мың адамға қыз­мет көрсетілді. Бұл алдыңғы жыл­мен салыстырғанда 21 пайыз­­ға көп. Тарихи-танымдық туризм бағытымен жыл басынан өңі­рімізге біркүндік келуші саны 868 мың адамды құрады. Турис­тік нысандарды қажетті инфра­құрылыммен қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 34,4 млрд теңгені құрайтын 10 жоба жасалып жатыр», деп ақпарат берді.

Д.Сатыбалды брифинг барысында сая­си реформалардың аймақтағы аяқ алысы жайлы да айтты.

«Түркістан облысы бойынша 140 ауылдық округ әкімдері сай­ланды. Соны­мен қатар биыл 4 аудан әкімінің сайлауы өтті. Қа­былданып жатқан рефор­малар­дың бар­лығы – мемлекеттік бас­қа­рудағы ше­шім қабылдау үдерісіне азаматтардың қа­­тысу мүм­­­­кін­­дігін арттырып отыр», дейді.

Инфрақұрылыммен қамту да қаға­беріс қалмайды. Қазір об­лыстағы орта­лық­тандырылған ауыз сумен қамтылған елді ме­кен­дердің жалпы саны 719-ға же­тіп, қамту деңгейі 86,4 пайызды құрап отыр.

«Биыл қосымша 20 елді мекенге жаңа­дан ауыз су құбыры салынады, 11 елді мекеннің то­зығы жеткен су жүйелері жаңар­­тылады. Нәтижесінде, қамту дең­гейі 88,6 пайызға жетеді. Қал­ған елді мекендерді алдағы 3 жылда толық қамту жоспарланып отыр. Сонымен бірге, 465 елді мекенге газ жүргізіліп, қамту деңгейі 56 пайызға жетті. Биыл 63 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 52 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады. Нә­тижесінде, жалпы газбен қамтыл­ған елді мекендер саны 517-ге жетіп, қамту деңгейі 63 пайызды құрайды», деді өңір басшысы.

Сөз соңын әкім биыл жаңарған Түр­кістан облысының құрылғанына 5 жыл толғанын, осы кезеңде өңірдің әлеуметтік-экономикалық да­муы­ның жаңа кезеңі қалыптасқанын тілге тиек етті. Ендігі ке­зең дамудың тың мүмкіндіктерін анықтайды.