Үкімет • 30 Қараша, 2023

Жаңа электр желілері іске қосылды

147 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облысында Қазақ­станның Батыс айма­ғының электр желілерін нығайту мақ­сатында салынған жа­ңа электр желілері іске қосыл­ды. Ресми қосу рәсі­міне телекөпір арқылы Премьер-министрі Әлихан Смайылов қатысты.

Жаңа электр желілері іске қосылды

Желінің өткізу қабілетін арттыру және Қазақстанның Батыс ай­ма­ғындағы тұтынушыларды тұ­рақты энергия қуатымен қам­­тамасыз ету мақсатында «KEGOC» АҚ «Батыс Қазақстан энер­­гетикалық торабы – Атырау – Маң­ғыстау» бағыты бойынша жал­пы ұзындығы 780 шақырымға жуық 220 кВ бес электр беру желі­­сін салды. Жұмыс барысында 4,2 мың­нан аса электр баға­на­лары ор­натылып, «Уральская», «Право­бережная», «Индер», «Құл­сары», «Теңіз» қосалқы стан­са­ларын кеңейту қам­тамасыз етілді, сондай-ақ «Қарабатан» жаңа тара­ту­шы қосалқы стансасы іске қосылды.

Жобаны іске асыру нәтиже­сінде электр желісінің қуаты айтарлықтай ұлғайды: «Батыс Қазақстан энергетикалық торабы – Атырау» учаскесінде 100 МВт-тан 200 МВт-қа дейін; «Атырау – Маңғыстау» учаскесінде 50 МВт-тан 200 МВт-қа дейін. Нәти­жесінде, Батыс аймақ желісінің сенімділігі екі есеге артып, апат ықтималдығы төмендеді.

Ә.Смайылов өз сөзінде бұл стратегиялық маңызды жобаның Батыс аймағының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экономикалық дамуы үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Мұның барлығы электр желілерінің өткізу қабілетін екі есеге ұлғайтуға, сондай-ақ еліміздің батыс өңіріндегі тұ­тыну­шылар үшін энергоблоктарда, оның ішінде МАЭК стансасында авариялық жағдайлардың санын едәуір азайтуға мүмкіндік береді», деді Премьер-министр.

Батыс аймақтың электр желісін нығайту, сонымен қатар оның әрі қарай Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикасы жүйесімен интеграциялануына негіз болмақ.

«KEGOC» АҚ басқарма төр­ағасы Нәби Айтжанов құры­­лыс жұмыстары кезінде қол­да­нылған заманауи электр же­лі­сі жабдықтары жоғары өнімді­лігі­мен ерекшеленетінін атап өтті.

«Индер» қосалқы стансасында орнатылған басқарылатын қосымша реакторлар кернеуді ауыстырмастан тұрақтандыратын бірегей кешен болып саналады. Сондай-ақ ол белсенді және реактивті қуат ағынын жылдам басқаруға мүмкіндік беретін ұзақ электр беру желілері мен тарату желілерінің ысыраптарын азайтып, жұмысының сенімділігін арттырады», деді Н.Айтжанов.

Құрылыс жұмыстарына отандық металл және темір­бетон тіректері, сымдар, оқшау­лағыштар мен трансформаторлар пайдаланылды. Қазақстандық қамту үлесі шамамен 70%-ды құрады.