Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Сондай-ақ алаяқтардың әлеуметтік инженерия тәсілдері мен әдістерін қолдануы нәтижесінде ақшалай қаражаттың ұрлану тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталған шараларды кезең-кезеңімен қабылдап, іске асыру өзекті болмақ.
Биылғы 10 айда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне азаматтардан 49,8 мың өтінім келіп түскен. Азаматтар мен ұйымдар өтінімдерінің негізгі үлесі банк секторына тиесілі, бұл 55% немесе 27,1 мың өтінішті құрайды. Микроқаржы ұйымдарының қызметі мәселелері бойынша – 27% немесе 13,6 мың өтініш, сақтандыру нарығы субъектілеріне – 2% немесе 1,2 мың өтініш, қаржы нарығының өзге де субъектілеріне 16% немесе 7,9 мың өтініш келген.
Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьевтің айтуынша, жыл басынан бері қаржы ұйымдарына қатысты жалпы сомасы 162,6 млн теңгеге 153 шара мен 130 әкімшілік жаза қолданылыпты. Халықтың кредиттері бойынша мерзімі өткен берешекті реттеудің бірыңғай тәртібі туралы заңнамалық норманың шеңберінде банктер 523,4 мың қарыз алушының қарызын, 590,3 мың қарыз алушының микрокредитін қайта құрылымдады.
Кредиттерін өтеуде қиындыққа тап болған қарыз алушылардың проблемаларын шешу үшін депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына түзетулерге бастама жасаған еді. Заңның негізгі бағыттары:
- Кешіктіру мерзімінің ең аз мерзімін 24 ай мөлшерінде енгізу, осы мерзімнің ішінде банктер мен МҚҰ жеке тұлғалардың проблемалық берешегін реттеу жөніндегі рәсімді жүргізуге міндетті және осы мерзім өткеннен кейін ғана мұндай кредиттерді коллекторлық агенттіктерге беруге құқылы болады;
- Есептелген айыпақыны, өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару жолымен реттеу шеңберінде қарыз алушының борыш жүктемесін азайтуды қамтамасыз ету;
- Өздері сатып алған азаматтардың кредиттері бойынша коллекторлардың мерзімі өткен берешекті реттеу рәсімін өткізу міндетін енгізу.
Тұтынушылар мен қаржы ұйымдарының арасында туындаған дауларды шешу тетігін жетілдіру үшін агенттік азаматтардың барлық кредиті бойынша дауларды қарау туралы норманы енгізу арқылы банк омбудсманы институтының өкілеттіктерін кеңейтуді ұсынады.
«Қазіргі кезде банк омбудсманы ипотекалық қарыздар мен коллекторлық агенттіктерге берілген қарыздар бойынша өтініштерді ғана қарайды. Норма енгізілгеннен кейін ол қарайтын мәселелер аясына кредиторлардың банк омбудсманының шешімдерін орындау міндеті белгілене отырып, тұтынушылық банктік қарыздар мен микрокредиттер енгізіледі», деді қаржы реттеушісінің өкілі.
Әлеуметтік инженерияның түрлі тәсілдері мен әдістерін қолдану нәтижесінде алаяқтардың ақша қаражатын ұрлауы – азаматтардың агенттікке жүгінуінің тағы бір себебі. 2022-2023 жылдары банктерде 14,6 млрд теңге сомаға алаяқтық тәсілмен ресімделген 7 759 кредит берілген. Бұл ретте мұндай кредиттердің 82%-ын азаматтар алаяқтардың ықпалымен банктердің мобильді қосымшалары арқылы ресімдеген. 2022 жылдан бастап банктер 111,9 млн теңге сомаға алаяқтық кредиттерді есептен шығарды. Клиенттердің карточкалық және депозиттік шоттарынан 6,1 млрд теңге заңсыз алынған, банктер азаматтарға 343 млн теңге сомада өтемақы төледі.
Қаржы ұйымдары клиенттерінің құқықтарын қорғау үшін агенттік азаматтардың кредит алудан ерікті түрде бас тартуын енгізуді, келтірілген зиянды өтеу бойынша қаржы ұйымының жауапкершілігін заңнамалық деңгейде енгізуді немесе ақпараттық қауіпсіздік рәсімдерін бұза отырып жүргізілген алаяқтық операциялар бойынша клиентке қойылатын талаптарды тоқтатуды көздейтін түзетулер әзірледі.
Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың өтініштері негізінде агенттік халықтың қаржылық сауатын арттыру үшін ақпараттық, түсіндіру және білім беру жұмысының векторын қалыптастырады. Халыққа қаржылық қызметтер мен өнімдер және оларды дұрыс пайдалану туралы ақпарат беру мақсатында 2020 жылдан бастап Fingramota.kz интернет-порталы жұмыс істейді. Интернет-портал іске қосылған сәттен бастап порталға бірегей кірушілер саны 1,04 млн адамға жеткен. Агенттік Fingramota Online мобильді қосымшасын және агенттіктің сall-орталығын іске қосты. Бұл арқылы 52 мың азаматқа кеңес берілді.
«Халықтың қаржылық сауатын арттырудың маңызды құралының бірі – білім беру іс-шаралары. Мұндай іс-шараларды агенттік аудиторияның географиялық, әлеуметтік-демографиялық және жас ерекшеліктерін ескере отырып, барлық нысаналы топтар үшін қаржы ұйымдары мен мемлекеттік органдармен бірлесіп өткізеді», дейді А.Терентьев.
2023 жылы 20 мыңнан аса тыңдаушыларды қамти отырып, 337 білім беру іс-шаралары өткізілген. Бұл тыңдаушылардың 3,4 мыңы – жалпы білім беру мектептері мен лицейлердің оқушылары, 7 мыңы – колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылары. Шалғай елді мекендердегі тұтынушыларды қамту үшін 2,2 мың азаматқа 60 көшпелі тренинг ұйымдастырылған. Нәтижесінде, ел тұрғындарының қаржылық сауаты 2023 жылы 40,5%-ды құрады. Бұл 2022 жылы – 40,3%, 2021 жылы – 39,52%, 2020 жылы 39,07% болған еді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) зерттеу жұмыстарының екінші фазасының деректеріне сәйкес 2021 жылы ТМД бойынша қаржылық сауаттылықтың орташа көрсеткіші 55,8%-ға тең. Қазақстан алдыңғы үш көшбасшының қатарына енді – 59,6%. Ең жоғары көрсеткішке Беларусь (61,4%) қол жеткізді. Соңғы орында – Әзербайжан (45,9%). Тұтастай алғанда, 8 елдің төртеуінде ортадан төмен көрсеткіштер тіркелген.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы тағы бір маңызды бағыт – қаржылық инклюзия. 2023 жылы агенттіктің бастамасы бойынша Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті «Мүмкіндігі шектеулі адамдарға қызметтер ұсыну бойынша қаржы ұйымдарына қойылатын талаптар» Ұлттық стандартты бекітті. Аталған құжат мүгедектігі бар адамдардың жеке санаттары үшін қаржы ұйымдарының бөлімшелері мен филиалдарының нақты қолжетімділігіне, ақпараттық ресурстарды – сайттар мен мобильді қосымшаларды бейімдеуге қойылатын талаптарды айқындайды. Сондай-ақ қаржы ұйымдары қызметкерлерінің мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарымен өзара іс-әрекетінің тетігін айқындайды.