Кәсіпкер • 04 Желтоқсан, 2023

Қосалқы шаруашылықтарды қолдау

124 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру үшін биыл Қызылорда облысына 3 млрд теңге қаржы бөлінген. Бағдарламадағы негізгі 5 бағыт бо­йынша жүздеген жобаға қолдау көрсетіліп, 636 жаңа жұмыс орны ашылады.

Қосалқы шаруашылықтарды қолдау

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынас­тары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың айтуынша бағдарлама өңдеу, егін кооперативтерін жабдықтау, мал шаруашылығы және басқа бағыттағы бизнес жобаларға арналып отыр. Бүгінде 342 жобаның құжаттарын несие комитеті мақұлдап, 142 жобаға қаралған. Несие 18 кооператив пен 124 жеке кәсіпкерге берілді. Осының нәтижесінде жүздеген жұмыс орны ашылған.

Елдегілер үшін «Ауыл аманатының» тағы бір тиімділігі – жеке қосалқы шаруашылықтардың жұмысына қолдау көрсетілетіндігі. Осылайша, шағын цехтар, жылыжай өндірісі, омарта, балық және құс шаруашылығын дамытуға дем береді.

Бұл сөзіміздің бір дәлелі – Шиелі ауданындағы Бидайкөл ауылында ашылған қызанақ өңдеу цехы.  Ауданнан «Ауыл аманаты» аясында 584 млн теңге болатын 79 жоба қолдау тауыпты. 

Ауыл кәсіпкері Қанат Мұсаевтың бұл бастамасы­ның жобалық құны – 48 млн теңге. «Ауыл аманаты» арқылы төмен пайызбен 27,6 млн теңге қаражат алған оған Атамекен кәсіпкерлік палатасы мамандарының көмегі көп тиген. Бүгінде цехта 6 адам тұрақты жұмыс істесе, жаз айларында 15 адамға дейін жұмыс­пен қамтылады. Алдағы уақытта ауылдағы өндіріс аясын бұдан әрі кеңейту көзделіп отыр.

 

Қызылорда