Мектеп оқушылары бес университетті, зертханаларды, студенттік үйлерді аралап, қабылдау комиссияларымен, елдегі шетелдік студенттердің тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ жас ғалымдар мен болашақ көшбасшылар даярлаудағы тәлім-тәжірибесімен танысты. Бұл өңірдегі жастардың әлемге қарап бет түзеуіне үлкен мүмкіндік бермек.
Шынында әрбір жоғары оқу орнының өз ерекшелігі бар. Мысалы, Корё университеті – елдегі ең көне оқу орындарының бірі. Атақты түлектердің қатарында ел президенттері де бар. Білім ордасында 59 академиялық факультет пен бағдарлама жұмыс істейді. Оның әрқайсысы – бір-бір мектеп.
12-сынып оқушысы Асқар Қалиға Кореяның ғылым және технология институты (KAIST) ұнады. Білім шаңырағы әлемдегі ең беделді және инновациялық университеттердің бірі ретінде танымал. Мұнда оқыған білімпаздар кез келген мемлекетте еркін қызмет ете алады. Тіпті Азия университеттері арасында 8-орында тұр. «Университетте қалаған мамандықты таңдауға болады. Оқу ағылшын тілінде өтеді. Бұл біздің жүйеге сай, сондықтан ешқандай қорқыныш жоқ. Университет тамаша стипендиялық жүйені ұсынады. Сондай-ақ оқуды бітіргеннен кейін Google, LG, Samsung, Audi сияқты ірі компанияларда жұмыс істеуге мүмкіндік бар», дейді Асқар Қали.
Yonsei университеті болса Кореяның «Плющ лигасының» атағын лайықты түрде иеленіп келеді. Бұл оқу орны 10-сынып оқушысы Айым Бауыржанқызына ерекше әсер қалдырды. Yonsei – Сеул ұлттық университетімен және Корё университетімен бірге елдегі ең беделді үш (SKY) жоғары оқу орнының бірі. Үш университеттің кез келгеніне түсу – табысты болашақтың кепілі. Жас маман мансап пен жоғары әлеуметтік мәртебе алу үшін сол оқу орындарын жиі таңдайды. «Гуманитарлық бағдарламалары бірден елітіп әкетеді. Сіз бірінші оқу жылының соңына қарай өз мамандығыңызды таңдай аласыз. Биылдан бастап Yonsei университеті NIS түлектерінен ұсыныс хат талап етпейді. Бұл біз үшін тағы бір тамаша мүмкіндік. Болашақта осында оқығым келеді», дейді Айым.
Сапар барысында мазмұнды бағдарлама ұйымдастырылды. Жас саяхатшылар тарихи рөлі жоғары «Кёнбокгун» сарайын, «Самсунг» мұражайын, әйгілі «Нант» аспаздық шоуын тамашалап, Lotte World Adventure ойын-сауық саябағын аралады. Кореяның мәдени мұрасына қанығып, өз елінің салт-дәстүрімен салыстырды.
Талдықорғандағы зияткерлік мектеп пен Корея арасындағы білім саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум 2020 жылы жасалған. Содан бері жыл сайын оқушылар саяхат жасап, армандарына қол созып келеді. Ең бастысы, заманауи білім мен ғылым саласындағы ерекшеліктерді өзара ортаға салып, жастардың санасына сәуле түсіру үстінде. Талдықорғандық оқушылар 2011 жылдан бастап корей тілін үйреніп жүр. 2018-2019 оқу жылында 10-сыныптарға корей тілін екінші шет тілі ретінде оқыту міндетті болып саналады. Сөйтіп, дәстүрлі түрде оқу жоспарына енгізілді. Енді Кореяға қонаққа барған әрбір шәкірт жергілікті тұрғындармен еркін тілдесе алады. 2012-2015 жылдары мектепте «Қазақстан-Корея» білім алмасу жобасы жүргізілді. Оқушылар Сеул қаласындағы Танже мектебінде оқып, тәжірибе жинады.
Жетісу облысы