Әдебиет • 07 Желтоқсан, 2023

«Тау ішінде»

434 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мамыр айы бел ортасынан ауғанда масатыдай құлпырған тау бөктері түрлі пейзажға тұнады. Шатқалдарға қараған сайын тылсым бір сұлулық өзінің әлеміне тарта түседі. Салқын самал маңдайыңды өбіп, кекіліңді тарайды. Айнала тұнған гүл мен түрлі шөптің бұрқыраған исі жаныңды рақатқа бөлей түседі. Табиғаттың шексіз сұлулығына көз салған сайын көңіл тоят табады...

«Тау ішінде»

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Тау дегеніңіз адамның тынысын ашатыны ақиқат. Жабыққан көңілді көкке тарта түсетін бір магниті де бар ма дерсің. Шатқалдарға көз салған сайын өзің де биіктей бересің. Атқа отырса өзін таққа отырғаннан кем сезінбейтін қазақтың тау десе жаны қалмасы анық қой. Көз ұшын­дағы көркем бейнелер бойыңда әлдебір сезім шоғын үрлей ме, әлде шабытыңды шайқай түсе ме, қалай өзі? Ал шатқал біткеннің бетіндегі беймәлім бейнелер ше? Тылсымға толы дүние. Адам жауабын таба алмайтын жұмбақ секілді. Сол жұмбақты шешуге біз құмбылмыз ба? Әй, қайдам... Бірақ қызықтыра түседі.. Қарай бергің келеді.

Сәкен Сейфуллин де «Тау ішін­де»­ деп аталатын өлеңін ат үс­тін­де келе жатып шығарғанына ешкім­нің таласы жоқ-ау. Кеуде­сін майда қо­ңыр самалға тосқанда шабыты ша­рық­тай түссе керек. Беймәлім баяу әуенге сала бастаған. Биік құзар­ға жанарын қадаған сайын кө­­мейіндегі ыңылмен орайы келген мәтін үйлесім таба түскен. Сол кез­­дегі тұлғалардың мықтылығына амал­­­сыз қол соғамыз. Академия көр­­­мей, консерватория дегенді біл­мей-ақ, қазақтың жанына жақын, кө­ңілін тербейтін, жүрегін емдейтін әде­мі әндерді дүниеге әкелген. Олар көр­ген академияның атауы ұзын-со­нар сөзден ада. Төрт-ақ әріптен тұ­ра­­ды. Дала ғой... Қазақтың сартап даласы мен жусанды қыры ғой олар­ды өсірген... Сол байтақ жазира­ны шарлап жүріп, қаншама ғажап дүние­ні­ өмірге әкелді десеңізші. Өлең де­се­ңіз, сыр тұнған өлең, ән десеңіз, ға­жап­ ән...

«Мен келем тау ішінде түнделетіп,

Аймақты күңірентіп өлеңдетіп.

Астымда ақ боз атым сылаң қағып,

Жалтақтап құлақтарын елең­де­тіп»,

деп басталатын алғашқы шумақтың өзі-ақ тыңдарманның көз алдына таудың табиғатын айна-қатесіз елес­тетеді. Алыста отырып-ақ өзің­нен-өзің тау өзенінің гүрілін, қой­тас­қа соқтығысқан даусын сағына бере­сің... Беймәлім бір аралас сезім бойыңды билей түседі. Әннің сөзі тау ішінде жаңғырып, өзіңе қай­та естіліп тұрғандай болады. Ала­тау­дың­ асқақ шыңдарына көз тіккің келе­ді. Әйтеуір жанға жайлы бір атмосфера орнығып алады.

«Ақ боз ат – менің тұлпарым,

Шалқыған көңіл сұңқарым.

Көкірек керіп жұттым мен,

Ауаның жазғы жұпарын.

Ә-әй, сүмбіл шаш,

Тәтті сөзің,

Қара көзің,

Білгейсің келгенімді жалғыз өзің»,

деп келетін әннің қайыр­ма­сы жүрекке жылы тиетіні ақи­қат. Ілгеріде ғұмыр кешкен сал-серілердің қазақ­тың­ байтақ дала­сында әндетіп бара жатқан көшін елестеткендей боласың. Солардың жүрегінде, жанын­да орна­ған еркіндік өз бойыңда үстемдік құрғандай күй кешесің. Тіпті кейде солар ғұмыр кешкен ғасырға барғың келіп кетеді.

Әсілінде, қазақтың жанына­ жа­қын қандай ән болсын, ұлт өнерінің ор­тақ олжасы екеніне талас жоқ. Ұлы шығар­ма­лардың ғасырлар бойы ұрпақ сабақ­тастығын үзбей, түрлі дауыста шырқалуы да заңдылық. Бұл – әр­түрлі буынның өнердегі үндестігі. Әрі-беріден кейін шын өнерге деген шынайы ілтипаты.

Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішін­­де» шығар­масын да сан түрлі әнші бебеулете орындады. Әрине, хал-қа­дері жеткенше шеберлігіне салды. Алайда дәстүрлі әннің дүлдүлі Қайрат Байбосыновтың орындауы өн бойыңды шымырлатып жіберетіні даусыз ғой. Оның үніндегі ұлттың болмысына тән бояу жаныңды рақат­тан­дырады. Дауыстың қуаты мен орындаушылық шеберлік құлаққа майдай жағады. Шын таланттың шүбәсіз шеберлігіне тәнті боласың. Иірімдер өз әлеміне жетелей түседі. Бұл енді Байбосыновқа ғана тән ерекшелік.

«Ән салдым, есіп майда жаяулатып,

Ырғалтып, шырқап, толғап, баяулатып.

Толқынды мың құбылған әнімді естіп,

Тыңдарсың кірпік қақпай ояу жа­тып»,

деген өлеңнің түйіні де кісі­ санасын сан-саққа жүгіртетіні рас.­

Әлбетте, Сәкен әнінің өзі­не тән шығу тарихы бар екені анық. Әйтсе де, «Тыңдарсың кірпік қақпай ояу жатып» деген жолдың астарында не бар екен деген ойға шомасың. Ақын көңі­ліндегі символикалық образ ба, әлде сағыныш самалымен астас­қан ғашықтың үні ме, кім білсін.