Аймақтар • 08 Желтоқсан, 2023

Сыр бойындағы серпінді жобалар

141 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер байқалады. Жылды қорытып, он айдың есебін берген аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев даму бюджетінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есе артып, өсімнің 57 пайызға жеткенін айтты. Бірақ өңірдегі мұнай қорының сарқыла бастауы өнеркәсіпті дамытуға айрықша мән беретін кез жеткенін аңғартып тұр.

Сыр бойындағы серпінді жобалар

«Осы жылдың 10 айында өң­деу өнеркәсібі – 24 пайызға, ауыл шаруашылығы – 2,6 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі – 21,2 пайызға, тұрғын үй – 16,7 пайызға, сауда – 4,3 пайызға, кө­лік және қоймалау көлемі – 8,8 пайызға, негізгі капиталға тар­тыл­ған инвестиция 27,7 пайызға арт­ты, жеке инвестициялар 34,6 па­йызға өсті», деді облыс әкімі.

Алдағы алты жылда бұл жұ­мыс­­тар жалғасын таппақ. Мә­­се­лен, өңірде құны 1,1 трлн тең­­гені құрайтын 65 жоба іске қо­сы­лып, жоспарға сәйкес мұнда 9 000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашы­лады. Биылдың өзінде құны 14 млрд теңгені құрайтын 15 жоба іске қосылған. Қабылданған ша­ра­лар­дың негізінде өнер­кәсіп құ­рылымында өңдеу өнер­кә­сі­бі­нің үлесі 30 пайызға ұл­ғайып­ты.

Былтыр іске қосылған шыны зауыты тұрақты өнім шығарып, оның 70 пайызын ішкі нарыққа, 30 пайызын Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрік­мен­стан елдеріне экспорттап жатыр. Зауыттың негізгі қуат­ты­лығы 197,1 мың тонна екен. Кә­сіпорын іске қосылғаннан бері жо­ба­лық қуаттылықтың 85 пайы­зы игеріліп, 167 мың тонна өнім шығарылған.

«Шыны зауытының аясында шағын және орта кәсіпкерліктің белдеуін дамытуға мүмкіндік мол. Зауыт жанынан құны 130 млрд теңгеден асатын 8 түрлі шыны бұйымдарын шығаратын 8 ілеспе кәсіпорын құрылады. Жылына қосымша 5 млн шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндірісі іске қосылып, бө­тел­келер және алғашқы айна зауытының құрылысы басталады. Бұл үш жобаның жалпы құны – 32,3 млрд теңге. Құны 1 млрд теңгені құрайтын әк және құрғақ құрылыс қоспаларын шығару цехы іске қосылады», деді облыс әкімі.

Сондай-ақ 2024 жылы аймақта құны 27,1 млрд теңгені құрайтын 10 жоба жүзеге асырылмақ.

Есептік брифинг барысында әкім облыста суармалы жүйелерді қалпына келтіру жөніндегі жол картасы әзірленгенін де мәлім­де­ді. Аграрлық аймақ саналатын Қызылорда облысы үшін суармалы су мәселесі қашанда өзекті. Сондықтан су ресурс­тарын тиімді басқару әдістері ке­­ңінен қолданылып жатыр дей­ді. Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірге суармалы жүйелерді қалпына келтіру жөніндегі жол картасы дайындалған. Оның аясында облыста тасқын суларды жинақтау, суармалы суды бөлу мен есепке алу үдерістерін автоматтандыру арқылы ирригациялық инфра­құ­рылымды қайта құру мен жаң­ғырту бастамалары қолға алын­ған.

«Суды бөлу мен есепке алу­дың заманға сай жүйелерін енгізу үшін халықаралық компанияларды тартып жатырмыз. Сырдария өзені мен Арал теңізіне қатысты жағдай әрдайым өзекті. Соңғы 12 жылда Солтүстік Арал теңізінің суы 6,8 млрд текше метрге азайды. Өткен жылдан бастап 4,6 млрд теңгеге «Көкарал бөгетін сақтап қалу» жобасы іске асырылып жатыр», деді өңір басшысы.

Бұл жобаның келер жылы тәмам болуымен зақымдалған бөгетті қалпына келтіріп, теңізде су айналымын қалыптастыру арқылы тіршілік нәрінің тұзды­лы­ғын төмендету жоспары күн тәртібіне қойылып отыр.

Өңір экономикасы дамуына үлес қосып келе жатқан негіз­гі салалардың бірі – ауыл шар­уашылығы. Аймақтың таби­ғи-климаттық және топырақ ерек­шеліктеріне сәйкес ауыл шаруа­шы­лығы толығымен суармалы егіншілікке, оның ішінде күріш егісіне бейімделген. Биылғы егін науқаны кезінде әр гектар­дан 56,5 центнер өнім алынып, қамбаға 503 мың тонна күріш жиналыпты. Салаға осы жылы 9,4 млрд теңге инвестиция тартылған.

«Су тапшылығына қарамас­тан күріш өнімділігі өткен жылмен бірдей болды. Облыстың ауыл шаруашылығы саласының экспорттық әлеуеті артып, өткізу нарығы кеңеюде. Соңғы екі жылда құны 84 млн долларды құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталды. Экспортталған өнім­нің 96 пайызы – өңделген өнім. Суды үнемді пайдалану үшін тамшылатып, жаңбырлатып суа­ру әдістерінің қолдану аясын кеңейтуге басымдық беріліп жатыр», деді әкім.

2023 жылы су үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы 872 гектарға ауыл шаруашылығы да­қылдары тасталған. Облыс бас­шылығы бұл игі үрдісті жыл сайын арттыра түсеміз деп отыр. Сонымен қатар жаңа агро­­­тех­­нологиялар да назардан тыс қал­майды. Аймақта күріш­тің, өзге де дақылдардың жаңа сорт­тарын шығарып, өнім сапасын арттыру үшін Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғы­лыми зерттеу институтының қыз­метімен бірлесіп жұмыс атқа­­ру көзделген. Жақында Ауыл шаруашылығы ғылым ака­­­демиясымен агроөнер­кә­сіп­тік ке­шенді ғылыми және инно­ва­­ция­лық дамыту саласын­дағы ын­ты­­мақтастық келісіміне қол қо­йылды.

«Өнімділігі жоғары, өсу мер­зімі қысқа күріштің жаңа сұ­рып­тарын өндіріске енгізу­де­міз. Ғалымдар бірнеше жаңа сұрыпты сынақтан өткізуге кірісті. Биылғы нәтиже жақсы. Қанатқақты жоба­дағы сұрыптар 10 центнерден жоғары өнім беріп, 10-15 күн ерте пісті. Келесі жылы да осы оң көрсеткіш сақталса, 2025 жыл­дан бастап жаңа сұрыптар қол­данысқа енеді», деді облыс әкімі.

Егіс алқабын әртараптандыру жұ­мыстары да жоспарға сай жүруде. 2025 жылға қарай күріш алқабы бөлінген су көлеміне қарай азайтылып, оның орнына суды аз қажет ететін да­қыл­дардың егіс көлемі 8,7 мың гектарға артпақ. Майлы да­қыл­дар алқабы – 13 пайызға, мал азықтық дақылдар алқабы – 8 па­йызға, картоп, көкөніс, бақша дақылдар алқабы – 0,5 пайызға, басқа дәнді дақылдар егісі 21 пайызға ұлғаяды.

Әкім ыстық су мәселесінің алдағы үш жылда шешілетінін айтты. Тиісті жобаны іске асы­руға 1,1 трлн теңге қажет.

Ал 2025 жылы Қызылорда қаласында жаңа жылу электр орталығы қолданысқа берілмек.

«Мемлекет басшысының елі­міз­дегі жылу-электр орталық­та­рының жұмысын жандандыру тапсырмасына сәйкес аймақта ірі жоба жүзеге асуда. Егемендік жылдарындағы инвесторлардың қаржысына салынатын ең ауқым­ды, теңдессіз жоба – жылу электр стансасының құрылысы біздің аймақта бой көтеруде. Құны 215 млрд теңге болатын жоба 2025 жылы іске қосылады», деді.

Өңір басшысының айтуын­ша, осы жобаның жүзеге асуы­ның арқасында электр энер­гиясын сырттан тасымалдау тоқ­та­тылады. Тиісінше, өнді­рілген электр энергиясының бір бөлігін аймақтан тыс жерлерге сату мүмкіндігі туады. Әкім сөзінше, қазір облыстағы жылу беру мау­сымы тұрақты сипатқа ие. Ай­мақтағы 1 067 әлеуметтік нысан мен 855 көпқабатты тұрғын үй толықтай жылу жүйесіне қо­сыл­ған.

Көгілдір отынмен қамту шаруасы да талапқа сай атқарылып жатыр дейді ол. Қазіргі уақытта облыстағы барлық аудан орта­лығы мен 4 қала, 19 елді мекен табиғи газға көшірілген.

«Облысымыздағы барлық аудан орталығы мен 4 қала (Арал, Қызылорда, Байқоңыр, Қазалы), 19 елді мекеніміз табиғи газдың игілігін пайдалануда. Биыл 12 ауылдық елді мекенімізге газ кір­гізіліп жатыр. Осылайша, өңі­рі­мізде тұрғындарды газбен қамту көрсеткіші 75 па­йызға жетеді. Келер жылға жос­парланған 4 млрд теңгеге 12 елді мекен көгілдір отынмен қам­тамасыз етіледі. 2024 жылдың соңында газдандырылу деңгейі 78 пайызға жетеді. Сондай-ақ облыс халқының 98,1 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. 2024 жылы 4 млрд теңгеге ауқымды 4 жоба жүзеге асырылады. Нә­ти­жесінде, 2025 жылы облыста орталықтандырылған ауыз сумен қамту мәселесі түбегейлі ше­ші­леді», деді баспасөз мәсли­ха­тында.

Биыл Қызылорда облысында 671 шақырым жол жөндеуден өткен. Нәтижесінде, облыстағы жақсы жағдайдағы жол үлесі 87,5 пайызға жетіпті.

«Қоғамда жиі қозғалған «Қы­зы­л­орда – Жезқазған» ав­то­жолы Прези­денттің тіке­лей тапсыр­масымен қайта жаңғыртылып жатыр. Жоба құны – 108 млрд 500 млн теңге. Облыс аумағына тиесілі 216 шақырым жолдың 104 шақырымы аяқталды. Жал­пы, биыл республикалық және облыстық бюджеттен бар­лы­ғы 38,5 млрд теңге бөлініп, ұзын­дығы 671 шақырымды құ­райтын жол жөндеуден өтті. Нә­тижесінде, облыстағы жақсы жағ­дайдағы жолдың үлесі 87,5 па­йызға жетті. Ал 2024 жылы са­палы жолдардың үлесі 92 па­йызға жетеді», деді облыс басшысы.

Әкімнің айтуынша, «Қы­зыл­ор­да – Жез­­қазған» жолын жаң­ғыр­ту жо­ба­­сы 2025 жылға дейін жос­­пар­лан­ған.

«Шынында да бұл өте өзекті мә­селе болып келді. Қызыл­орда­дан шыққан азаматтарымыз сапасыз жолмен Астанаға бір тәулік бойы жүріп баратын. Келесі жылы бұл жұмыстар жалғасады. Мүмкіндігінше келесі жылы аяқ­таймыз деп үміттенеміз. Осы жол­ды жаңғырту аяқталса, Аста­на­ға жету уақыты 11 сағатқа дейін қысқарады. Сонда тек қы­зылордалықтар ғана емес, Түр­кістан облысы, Шымкент қаласы, ақтөбеліктер де Астана мен солтүстік өңірлерге осы жол­­мен қатынайтын болады. Бұл өңірлер арасындағы бай­ла­ныстың нығаюына үлкен сеп­­тігін тигізеді және біздің қа­таң бақылауымызда», деді өңір басшысы.