Экономика • 08 Желтоқсан, 2023

Кооперация тиімділігі неге төмендеді?

117 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Былтыр еліміздің ауыл шаруа­шылығы коо­пе­ра­тив­тері 390 млрд теңгеге 47,4 мың тонна өнім өн­дір­ген. Салық кодексінде олар үшін барлық салық бойынша 70% жеңілдік көрсетілетін арнайы режім де қарастырылған. Коопе­ративтерге өндірісті өріс­те­ту үшін «Бәйтерек» хол­дингінің еншілес ұйым­дары арқылы несие де бе­рі­леді. Соған қарамастан кооперативтер қызметінің тиімділігі әлі күнге төмен болып отыр.

Кооперация тиімділігі неге төмендеді?

Суреттер «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Былай қарасақ, төмен деуге негіз жоқ секілді де көрінеді. Жоғарыда айтылған игіліктерді былай қойғанда, кооперативтер үшін жергілікті бюджет есебінен мемлекеттік қолдаудың барлық шарасы қолжетімді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының бас­тамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында кооперативтер ауыл шаруашылығы техникасын және қажетті жабдықтарды сатып алуға, өсімдік пен мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін шағын цехтар ашуға несие ала алады. Инвестициялық субсидиялау ережесінде кооперативтер үшін ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының жекелеген түрі бойынша жер­гі­­лікті бюджет қаражаты есебінен 50%-ға дейінгі құнын суб­си­дия­лау­дың басымдығы мен жо­ға­ры нормативтері қарас­ты­рыл­ған.

Бірақ жүргізілген талдау ауыл шаруашылығы кооперативтерінің 60%-ға жуығы салық төлемейтінін немесе әрекетсіз екенін көрсетіп отыр. Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің мәлімдеуінше, коо­пе­ративтердің дамымауына бір­неше фактор әсер етіп отыр. Бірін­шіден, ауылдағы коопе­ра­ция­ның толыққанды дамуына фермерлердің кооперативтерге деген сенімінің төмендігі кедер­гі келтіреді. Екіншіден, же­ке қо­салқы шаруашылықтар мен ұсақ фермерлердің ауыл шаруа­­шы­лы­ғы кооперациясының артық­шылығы мен пайдасы туралы хабары аз. Үшіншіден, ауыл шаруа­шылығы кооперативтері үшін жайылымдар мен шабын­дық жерлер жетіспей отыр. Төр­тінші түйткіл – нормативтік құ­­­қық­­тық актілердің жетілмей отыр­­­­ғандығы.

Бұл ретте халықаралық тә­жіри­бе әлемнің көптеген елін­де­гі кооперативтер ауыл шар­уа­­шы­лығын дамытудың негі­зіне айналғанын көрсетеді.

Туындап отырған қиындық­тар­ды ескере отырып, ауыл шар­уа­­шылығы кооперациясын одан әрі дамыту және проб­ле­ма­лық мәселелерді шешу үшін салалық министрлік тиісті шаралар қабылдамақ. Олар:

  • Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту үшін тегін негізде білімді тарату бойынша кең ауқымды жұмыс жүргізу;
  • Әрбір елді мекеннің мамандануын анықтайтын ауылдық округтердің скринингі;
  • Қызмет көрсету мен өнім­ді өткізу тұрғысынан ауыл шаруа­­­шылығы кооперативтерін да­мытуға баса назар аудара отырып, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар ен­­гізу;
  • Кооперативтерді ауыл шаруа­­­шылығы мақсатындағы жер­лер­мен қамтамасыз ету;
  • Өңiрлiк тұрақтандыру қор­ла­рының құралдары арқылы өндi­рiл­ген өнiмдi сату.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың сөзінше, дәл қазір елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтерінің 60 пайызы салық төлемейді немесе мүлде жұмыс істемейді.

«Халықаралық тәжірибеге қарайтын болсақ, көптеген елде дәл осы кооперативтер ауыл шар­­уашылығын дамыту­дың негізі болып отыр. Экономи­ка­лық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің көбінде кооперативтер ауыл шаруашылығы өндірістік өткізу тізбегінің бар­­лық учаскесінде бар және үл­кенді-кішілі фермерлік шаруа­шы­лықтар кооперативтік кәсіп­орындарға қатысып отыр», деді вице-министр.

Сенатор Сұлтан Дүйсембинов ауыл шаруашылығы коопера­тив­теріне Ұлттық қордан қаржы бөлінуі керек деп есептейді.

«Заңнамаға несие ресурс­тары бойынша да өзгерістер енгізу керек деп ойлаймын. Бұл қайтарылатын қаражат болған­дық­тан оны Ұлттық қордан да, басқа көздерден де алуға болады. Ауыл шаруашылығы министрлігі ең бірінші кезекте кооперация, жер телімдерін ұсыну және ауыл шаруашылығы кооперативтеріне құқықтық көмек көрсетуге назар аударуы керек», дейді сенатор.

Министрліктің хабарлауынша, қазіргі уақытта ауыл шар­уа­шылығы кооперативтерін өнім­дерін өткізу нарығымен қам­та­масыз ету мақсатында форвард­тық шарттар аясында тұрақ­тандыру қорларын қалып­тастыру арқылы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің өнімдерін сатып алуға басымдық беру мәселесі пысықталуда. Өңірлердің ірі сауда субъектілерімен шарттар жасасу арқылы жаңа өткізу на­рық­тарын табу үшін өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­ция­лардың әлеуетін барынша іске қосу да жоспарда бар.