Суреттерді түсірген – автор
– Катонқарағайға келген туристер әдетте Рахман қайнары, Қаракөл айналып, Берелге түседі. Туристерді тартатындай музей-қорықтың ерекшелігі туралы айтып өтіңізші...
– Елімізде ұзын саны 12 музей-қорық бар. Олардың әрқайсысы өзінше ерекше. Осы орайда Есік, Ботай, Берел қорық-музейі сақ бабаларымыздан қалған өзгелерге ұқсамайтын жерлеу дәстүрі бар, тарихымызды дәріптейтін танымдық жер деп айтар едім. Біле-білсек, Берелді зерттеу сонау 1865 жылдан бастау алған. В.Радловтың «Из Сибири» деген кітабында «Үлкен берел қорғаны» туралы жазылған. Кейін 1959 жылы Сергей Сорокин зерттеген. Ал кеңес шекпенінен шығып, тәуелсіздік алғаннан кейін археолог Зейнолла Самашевтың басшылығымен жүйелі түрде зерттеу басталды. Өздеріңіз білесіздер, 1998 жылы №11 қорғаннан бұзылмаған, шірімеген органикалық заттар шыққан. Берел – теңдесі жоқ органикалық олжалар табылған жалғыз ескерткіш. Берел Пазырық мәдениетіне жататын жерлеу ерекшелігімен көзге түседі. Қорған салу технологиясын көрсеңіз, қолдан мәңгілік тоң қабатын жасаған.
– Бүгінгі таңда музей-қорықтың миссиясы қандай?
– Берел мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы 2008 жылы құрылған. Құрамындағы тарих және мәдениеттің археологиялық ескерткіштерін тарихи қалпында және онымен байланысты аумақтарды қол тимеген түрде сақтау және ғылыми негізде қайта қалпына келтіру, мәнерлі ғылыми экспозициялардың түпнұсқалық мұражай жинақтары негізінде қозғалмайтын ескерткіштер жасауды мақсат еткенбіз. Жоспар ойдағыдай жүзеге асып келеді. Музейдегі жәдігерлердің дені – түпнұсқа. Келген қонақтар аспан астындағы музей-қорықпен қатар «Қазақ Алтайындағы ежелгі көшпелілер мәдениеті», «Қазақ Алтайындағы орта ғасыр көшпелілерінің мәдениеті», «Ерекше қор», «№36 қорған» және «Ат әбзелі әшекейлерінің реконструкциясы» атты сыр бүккен көрме залдарын тамашалай алады. Айта кетейін, «Қазақ Алтайындағы ежелгі көшпелілердің мәдениеті мен тұрмысы» деген атаумен жазылған сақ тайпасының дәл осы таулардың етегіндегі өмірін бейнелейтін картиналар Берел музей-қорығының көрме залдарын толықтырып тұр. Ол картиналарға үңіле қарасаңыз, сонау ғасырларға жетелеп әкеткендей күй сыйлайды. Картиналардың авторы – белгілі суретші Есенғали Садырбаев. Бағытымыз археологиялық жәдігерлер жинау болғанымен, өңірдегі этнографиялық заттарды да түгендеп жүрміз. Сөйтіп, 2020 жылы Берел ескерткіштеріне Республикалық маңызы бар ескерткіш мәртебесі берілді.
– Археология қызықтап қарайтын дүние ғана емес, үлкен ғылым екенін білеміз. Өздеріңіз зерттеу жұмыстарымен айналысасыздар ма?
– Музей-қорық ұжымы 2015 жылы Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтымен бірігіп, түркі дәуірі қорғандарына алғашқы қазба жұмыстарын жүргізген еді. Содан бері жыл сайын жүйелі түрде археологиялық ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысып келеміз. Ресейлік Николай Боковенко деген археолог көп жыл қазбамызға келіп қатысты. 2016-2019 жылдары ШҚО әкімдігінің қолдауымен облысымыздың бірқатар аймағында археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргіздік.
Сондай-ақ 2017 жылы Берел өңірінен жаңа мәдениет қабаты – сяньбилер дәстүрі табылды. Бұлар – моңғолдық сяньби және жужан тайпаларының өкілдері. Нақ солар ғұн мемлекетін күйретіп, осында көшіп келген еді. Ал біздің заманымыздың бесінші ғасырында оларды күшейген түркілер құртқан. Берел жері көптеген «мәдени қыртыстан» тұрады. Әр мәдениет ғұрыптық және құлшылық ету орындарын қалдырып отырған.
Бұған қоса 2018-2020 жылдары Білім және ғылым министрлігінен «Қазақ Алтайындағы сақ мәдениетінің эталондық ескерткіштері» атты жоба ұтып алып, зерттеу жұмыстарын жүргіздік. 2021 жылдан бастап Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитетінің қаржыландыруымен «БЗ.
І мыңжылдықтың басындағы Қазақ Алтайының ескерткіштері: Халықтардың ұлы қоныс аударуының және Еуразияның этномәдени құрылымының қалыптасуының бастаулары» тақырыбында ғылыми жобаны жүзеге асырдық. Осы жоба аясында Катонқарағай ауданындағы бірқатар археологиялық нысан Қазақстанның археологиялық картасына қазақша атаумен енгізілді.
Музей-қорығымыз шетелдік ғалымдармен де тығыз жұмыс істеп келеді. Ресей ғалымдары, генетиктері Егор Китов, реставратор Николай Курганов, әзербайжандық археолог Заур Гасанов және ағаш бұйымдарды зерттейтін дендрохронолог Игорь Слюсаренколар музей қорының қалыптасуына зор үлес қосты.
– Музей қорындағы жәдігерлердің дені түпнұсқа екенін білеміз. Берелге бармаған оқырмандар біле жүрсін, музей-қорықтың қоры туралы айтып өтсеңіз...
– 2018 жылы Қырым Алтынбековтің «Остров Крым» ғылыми-қайта қалпына келтіру лабораториясында №11 қорғаннан табылған органикалық олжалар реставрациядан өтіп, музейіміздің қорына тұрақты пайдалануға тапсырылды. Атап айтсам, бұл – патшаның жерлеу кезінде арнап кигізген тоны, баскиімінің бөлшектері, жылқылардың терілері, аң стилінде жасалған ат әбзелдерінің әшекейлері, ер-тоқым бөлшектері, маталар сынды бұйымдар. Бұл жәдігерлер қазіргі кезде музейіміздің төрінде «Қазақ Алтайындағы ежелгі көшпелілердің мәдениеті» атты экспозиция залында орналасқан.
Ерекше қор залында 1998 жылдан бергі қазба жұмыстары кезінде табылған 100-ден аса алтын және күміс жәдігер қойылған. Олардың ішінде алтыннан жасалған адамның киімін, әртүрлі формадағы ат әбзелдері және күмістен жасалған баскиім әшекейлері орналасқан. Ал алтын фольгаларда гриф, бұғы секілді аң стиліндегі суреттер бейнеленген. Жоғарыда айтылған алтын жәдігерлердің барлығы арнайы сынамадан өтіп, сертификатталып, тіркеуге алынған. Осыған дейін алтын екеніне ресми дәлеліміз болмаған, нақты сынамадан өткен жоқ еді. Қазір сынама нәтижесі бойынша алтын екені анықталды.
2002 жылы №36 қорғанға археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде ер адамның мүрдесі, бір жылқының сүйегі және 60-тан аса ат әбзелі табылған. Ерекшелігі, барлық ат әбзелдері бұғының сүйегінен жасалып, алтынмен апталған. Қазіргі уақытта жалпы қорымызда мыңнан аса жәдігер бар. Мұның бәрі келіп жатқан туристердің тарихи танымын арттырады.
– Жасырып-жабатын емес, біздің білуімізше, музей-қорыққа дейінгі жолдың он шақырымдайы – тасжол. Бұл алыс-жақыннан ағылған туристер үшін азды-көпті қиындық туғызуы да мүмкін. Жалпы, қорық-музейдің инфрақұрылымы қалай?
– Берел музей-қорығының дамуы үшін тиісті министрлік өз көмектерін аяп қалған емес. Ал инфрақұрылымды, әрине, дамыту керек. Бұрын жолымыз проблема еді, қазір жолдың көп бөлігі жөнделді. Сіз айтып отырған музей мен Берел ауылы арасына асфальт төсеу жұмыстары басталған. Келесі жылы аяқталса, туристер еш кедергісіз патшалар жазығына, музейге топ ете қалады. Бір жағынан инфрақұрылымның кешеуілдеп жатқанының себебі – музейіміз елсіз мекенде орналасқан. Сонымен қатар қазіргі ғимараттар кезінде әкімшілік ғимарат ретінде салынғандықтан, арнайы экспозиция залы, жәдігерлерді сақтайтын арнайы қор бөлмелері, заман талабына сай лед-экран, сенсорлы панельдер болса дейміз. Кадр тапшылығы бар. Өйткені жас мамандар түкпірдегі ауылға келгісі жоқ. Туристердің талабы өскен сайын біз де даму үстінде болуымыз керек. Айтқандай, Берел жәдігерлерінен Шығыс Қазақстан облысы Мәдениет басқармасының мұрындық болуымен әлемнің бірқатар елінде көрме ұйымдастырылды. Атап өтсек, Ұлыбританияда, Мәскеуде, Татарстанның Қазан қаласында Берел жерінің жәдігерлері көрермен назарына ұсынылды. Алдағы уақытта Түркияға да апару жоспарымызда бар. Сақи мекеннің сыры мен шыны осы.
– Шығыста туризм саласы жылдан-жылға дамып келеді. Даму дегенді туристердің санымен емес, қызмет көрсету сапасымен де өлшегеніміз дұрыс шығар. Тарихи мекенді төрткүл дүниеге таныта беріңіздер деп тілейміз.
Әңгімелескен –
Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Шығыс Қазақстан облысы