Бекзат өнер мейрамына Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ресей Федерациясы Мәдениет министрінің орынбасары Андрей Малышев, Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің еңбек сіңірген әртістері қатысты.
– Осы жылдың 2 наурызында еліміздің мәдени игілігі болып саналатын Қазақстанның жетекші театры «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында өткен ғасырдың ұлы импресариосы, орыс мәдениетін дамытуға және танымал етуге зор үлес қосқан, негізін қалаушысы Сергей Дягилевтің «Орыс маусымдары» ауқымды халықаралық мәдени жобасы басталған еді. Жыл бойы ресейлік әріптестеріміз отандастарымыздың жүрегінде өшпес әсер қалдырған мәдени іс-шаралар кешенін ұсынды. Атап айтсақ, Санкт-Петербург мемлекеттік академиялық балет театры Борис Эйфманның гастрольдері, аты аңызға айналған маэстро Юрий Башметтің жетекшілігімен Бүкілресейлік жасөспірімдер оркестрінің концерті, А.Чехов атындағы Мәскеу Көркем театрының гастрольдері, Санкт-Петербург өнер академиясының «Бейнелеу өнері» көрмесі, сансыз шеберлік сыныптары, Ресей театр өнері институтының дипломдық қойылымдарының көрсетілімі және тағы басқалары. Сондай-ақ 13 желтоқсанда «Қазақконцерт» сахнасында С.Зверев атындағы Саха Республикасының «Кыыл Уола» ұлттық би театры өз өнерін ұсынады. Мұның бәрі – екі ел арасындағы берік достық қарым-қатынастың кепілі, – деген Мәдениет және ақпарат министрі өнердің әртүрлі мәдени топтарды байланыстырып, мәдениетаралық диалог пен өзара түсіністіктің дамуына ықпал ететін көпір екендігін атап өтті. А.Балаеваның айтуынша, келесі жылы Қазақстанда белгілі мәдениет және өнер қайраткерлерінің, сондай-ақ ТМД, Грузия, Балтық елдерінің халықаралық театр форумдары, «Интервиденция» телевизиялық жобасы, Орталық Азия елдерінің халықаралық театр фестивалі, «Operalia» опера және балет өнері фестивалі сияқты Ресейдің жетекші шығармашылық ұжымдарының қатысуымен бірқатар мәдени іс-шара жоспарланған.
– Бүгін «Орыс маусымдарының» салтанатты жабылуы аясында музыкалық өнерді сүйетіндер мен кәсіби мамандарға арналған «Екі астана дуэті» гала-концертін Дмитрий Бертманның «Геликон-опера» Мәскеу музыкалық театры «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының ұжымымен бірлесіп, Валерий Кирьянов пен Руслан Баймурзин сынды екі тамаша дирижердің жетекшілігімен ұйымдастырды. Бұл кештің мәні айрықша. Өйткені музыкалық өнер – бойымыздағы ең нәзік және биік сезімдерді оятатын, асыл үміттер мен ұмтылыстарға шақыратын үлкен күш, – деп атап өтті Аида Ғалымқызы.
«Орыс маусымдары» Қазақстанда наурыз айында КСРО халық әртісі Юрий Башметтің жетекшілігімен Бүкілресейлік жастар симфониялық оркестрінің «Чайковский-гала» бағдарламасымен ашылған болатын. Бір жылға созылған өнер думаны «Қос астана дуэті» концертімен түйінделді. Концертке қос дирижер – «Геликон-операның» бас дирижері, Мәскеу сыйлығының лауреаты Валерий Кирьянов пен «Астана Опера» театрының дирижері Руслан Баймурзин жетекшілік етті.
Елордадағы театр сахнасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жұпар Ғабдуллина, Салтанат Ахметова, Азамат Жылтыркөзов, Медет Шотабаев, сондай-ақ Ресейден келген халықаралық байқаулардың лауреаттары Юлия Щербакова, Валентина Гофер, Шота Чибиров, Максим Перебейнос өнер көрсетті.
Чайковский, Верди, Россини, Даргомыжский, Бизе, Пуччини, Оффенбах операларынан отандық және шетелдік жұлдыздардың дуэттері орындалды. Сондай-ақ жұртшылық назарына А.Жұбановтың «Абай» операсынан Абайдың ариясы, Л.Хамиди мен М.Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсынан дуэт пен хор және т.б. ұсынылды. Геликондықтар алғаш рет қазақ тілінде ән шырқады.
«Мәскеу мен Астананың ширек ғасыр бойы ынтымағы жарасып келеді. Ал «Геликон-опера» мен «Астана Операны» тек жұмыс емес, достық қарым-қатынас та байланыстырады. Әртістеріміздің «Орыс маусымдары» жобасына қатысқанына шексіз қуаныштымын. Бұл жоба Астана тұрғындарына деген шексіз махаббатымызды жеткізуге мүмкіндік берді. Сол сүйіспеншілігіміздің белгісі деп қабылдасаңыздар да болады, өздеріңіз куә болғандай, геликондықтар алғаш рет қазақ тілінде ән шырқады. Қазақ тілі өте әуезді болғанымен, қиын тіл екен. Әндерді жаттауда біраз қиналдық. Бірақ нәтижесі көңілімізді марқайтты. Көрерменнің де көңілінен шықты деген сенімдеміз», деді театрдың бас директоры әрі көркемдік жетекшісі, Ресейдің халық әртісі Дмитрий Бертман.
Сонымен қатар айтулы өнер фестивалі аясында «Астана Опера» театрында «Арт-маскарад» атты театрлық киімдердің эксклюзивті көрмесі ұйымдастырылды. Атақты Александр Головин, Лев Бакст, Михаил Ларионов және Сергей Судейкиннің жүзжылдық тарихы бар эскиздері бойынша тігілген костюмдер жұртшылық назарына ұсынылды.