Іс-шараны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма мүшесі, академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ләззат Еркінбаева құттықтау сөзбен ашып, қара шаңырақтың 90 жылдық мерейтойы аясында өтіп жатқан шара қатысушыларына ризашылығын білдірді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов университет пен газеттің мерейтойымен құттықтап, газеттің ұжымына шығармашылық табыстар тіледі. «Жоғары білім саласында жетекші оқу орнының газеті университет өмірінің айнасы. Ақпарат және мәдениет министрлігі және ҚазҰУ арасында медиа саласында мамандар даярлау мен салалық журналистиканы арттыру бойынша тұрақты шаралар өтеді. Арадағы ынтымақтастық жасанды интеллект және журналистика, фэшн журналистика, медиаэкология сияқты басым бағыттарда жалғасады», деді ол өз сөзінде.
Журналистика факультетінің деканы Темірғали Көпбаев іс-шараға жиналғандарды баспасөз мерейтойымен құттықтап, газеттің университет өміріндегі маңызына тоқталды.
БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі – Алматыдағы БҰҰ Ақпараттық бюросының басшысы Властимил Самек «Жарық көргеніне 75 жыл болған газет қоғам өміріндегі маңызды жаңалықтарды жариялай отырып, университеттің әлеуметтік таразысы бола білді. Газет журналистиканың хабарлау, ақпараттандыру миссиясын атқарып келеді. Бір айтарлығы, биыл БҰҰ Адам құқының Бүкіләлемдік декларациясы қабылдағанына 75 жыл толып отыр. Баспасөз адамның ақпарат алу құқына үлесін қосты деп айта аламын», деді.
«Қазақ газеттері» ЖШС Бас директордың орынбасары – Алматы қаласы басылымдарының басшысы Думан Анаш қатысып, газеттің жарық көрген мерейлі тойымен құттықтап, студент шағында алғашқы журналистік қадамын осы газеттен бастағанын еске алды.
«Qazaq universiteti» газетін әр жылдары басқарған Бас редакторларға жеткенде, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының профессорлары Сағымбай Қозыбаев, Дандай Ысқақ, Сағатбек Медеубекұлы, ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасынан Александр Рожков, Бекжан Әшірбаев және Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының аға оқытушысы Дәрмен Смайыл өздерінің естеліктерімен бөліссе, «Qazaq universiteti» газетінің тілшісі Қайыржан Төрежанов газет шығарудың түп-төркіні журналистика факультетінен бастау алатынын атап өтті.
Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасы ұйымдастырған шарада студенттік үздік жобалар таныстырылды. Газеттің тарихынан сыр шертетін деректі фильм, жарнамалық роликтер, зияткерлік ойындар дайындаған Аружан Ағыбаева, Аднан әл-Хаттаб, Эльдар Кохан, Назерке Әбілқасымова, Ролан Біржан, Қосқанат Бауыржан, Саят Тілеміс, Бағлан Тұрғанбек сияқты студенттер баспасөздің болашағы мен дамуына арналған зерттеулері мен ұсыныстарымен таныстырды.
Іс-шара барысында «Qazaq universiteti» газетінің 75 жылдығына арналған университет өмірі мен газет тынысына арналған кітап, баспасөз және фотокөрмесі ұйымдастырылды. Мәдени және академиялық мерекеге айналған шара алдағы жылы жалғасын табатын болады.